Қазақ болмысының құлын дауысы және жазушы жаны

«Түнгі сағат үш. «Мен» Алматыда, Сайын досының үйінде, төсекте отыр. Сайын досының бала-шағасы «менге» үш бөлмелі үйді босатып беріп: - «Аға, жазыңыз!» деген». Бұл қандай арпалыс?! Жазушы деген қауымның жан дүниесінде мыңдаған ерегес, күрестер осылай жүріп жатады екен-ау...
Егемен Қазақстан
31.05.2017 2504
2

Күлтәй жеңеше мен Александр Солженицын

Жазушы Әкім Тарази баяндайды: «Күндердің күнінде, менің құрдасым Сәкен Жүнісов Жазушылар Одағында кездесіп:

- Әй, Әкім, оқыдың ба? -деді.

- Нені? –дедім.

- Анау Солженицын деген қазақты масқара қылыпты ғой, -деді. – Мен оны дуэльге шақырам, іздеп барам, әкең... - деп қатал-қатал сөздер айтты. – Атып тастаймын мен оны барып! – деді. Совет одағында 10 миллион данамен тарайтын газетте Солженицын «орыс елін көркейту туралы» ойлары баяндалған мақаласында Совет одағының тарайтынын айта келіп, одақ құрамындағы әрбір халықтарға көзқарасын білдіреді. Кейбіреуін бостандық сүйгіш деп дәріптесе, кейбірін орыс халқына пайдасыз ғып көрсетіп, ең соңында қазақтар туралы «бұлар адамзаттың қас жауы, атқа мінген қазақ, атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» - деп қатты шүйлігеді.

... Соның алдында ғана Қалихан: «Бәленше деген кісі қазақ халқын жер бетінен жою керек деп жазғанын білесің бе? – деген. Мен сол мақалаларды іздеп, тауып алып, оқып, ыза болып жүрген кезім еді. Солженицынның мынау мақаласы... «Орыс елін қалай көркейтеміз?» деген ойын айта келіп, осылай біткенде, мен, әрине, Солженицынды жақсы көре алмадым. Сәкен досым секілді тез күйіп, тез жанатын мінезім жоқ. Іште қалды бір кіжіл, іште қалды бір ашу... », -дейді автор.

Александр Солженицын. Сол дәуірдің өзінде түрме лагеріндегі тіршілік туралы ең алғаш «Иван Денисовичтің бір күні» атты әңгіме жазып атақты болған жазушы кейіннен жүйені барынша әшкерелейтін КСРО-дағы саяси репрессия туралы «ГУЛАГ архипелагы» деген романымен дүние жүзіне әйгілі қаламгерге айналған еді. Көзі тірісінде жер шарына тараған романының мол қаламақысын өз атындағы қорға аударып тұрған, жазушы, академик, қайраткердің компартия тараған тұста да алмаған атағы, көрмеген құрметі жоқ бұл жазушының алыс ауылдағы Күлтәй жеңешеге не қатысы бар?

Солженицынның өмірбаянын бір кісідей білетін адамдар жазушының 1950 жылы Қазақстанға жер аударылып үш жыл өмірін лагерде өткізгенін, одан кейінгі үш жылында Жамбыл облысына қарасты сол кездегі Көктерек ауданының алыс бір ауылында математика пәнінен сабақ бергенінен хабары болуы тиіс. Міне, алты жыл өмірі қазақ даласында өткен болашақ үлкен жазушы бір кездерде Күлтәй жеңешемен де «тоқайласады» хикаятта.

«Күлтәй жеңешем туралы әңгімені бастамақшы болдым. Отырдым, жаза алмадым. Кілтін таппадым» дейді автор.

Жаза алмаған соң күнде күйзеліс, күнде толғаныс. Әйгілі жазушының бұлай жауығуына не себеп? Әдетте, кез-келген жұмырбасты пенде бір халықты ұнатпайтынын бір жерлерде ашық айтып отыратыны табиғи құбылыс болғанымен, адами болмыстың сырына үңілген жазушы қауымы ондай пендешілікке бармауы керек емес пе? Ақиқатында тұтас халықтың жаманы болушы ма еді? Ал, тұтас ұлтты «адамзаттың қас жауы» деп отырған адамның өзі кім? Осы тақылеттес ойлардың тізбегі автордың, Әкім Таразидың ойына Күлтәй жеңешесінің әңгімесін салады.

«Жеңешем бұл әңгімесін маған бір емес, үш рет айтты. Үш емес, төрт рет айтты. Және әр айтқан сайын жаңа детальдар қосып, қызбаланып айтты.

- Қайда кетті ол әйел, қайда кетті? Ол кезде бір пұт бидай бір қап алтыннан қымбат еді ғой! - деген сөз де жеңешемнің өз сөзі». Бір ауданның прокуроры қызметін атқарған Күлтәйға шағым айтып келген әйел Қарағандыдан Фурмановкаға келе жатқан әпкесінің ұшты-күйлі жоғалғанын баяндайды. Беліне ораған бір қаптай бидайы бар екенін айтады. Сонымен жаңа бір іс басталып кетеді. Бірақ, жоғалған әйелді ешкім таппайды. Күндердің күнінде прокурорға және бір әйел келеді. Бұл белінде байлаған бидайы бар жоғалған әйелмен бірге паромға мінген, ауру бала жетектеген мүсәпір әйел екен. Сол паромнан түскен төрт жолаушының Көлтабан ойпаңында үш шақырымдай жаяу жүргенін, содан бір тұста баласы екеуі әлсіреп жүре алмай қалғанда, әлгі тұла бойына бидай орап алған пысықтау әйелдің алдыға түсіп жүріп кеткенін, оның соңынан мойнына дорба асынған орыс ілескенін, бірақ, Көлтабанның шұңқыр сайынан қырға шығатын кезеңге келгенде мойнына дорба асынған орыстың жалғыз шыққанын баяндайды...

Қысқасы, жоғарыда жазушы баяндағандай паромға мінген төрт аш-арықтың біреуі – сонау Қарағандыдан сіңлісінің төрт баласына, аштан өледі ғой деп, бір пұт бидай алып келе жатқан әйел өледі. Ол әйелді өлтіріп бидайын алған кім екенін сол паромға мінген балалы әйел жоғарыдағыдай тәптіштеп айтып береді.

Прокурор Күлтәй балалы әйелге аудандағы екі орыстың бірі саналатын мектепте сабақ беретін, саяси қуғында жүрген күдіктіні көрсеткенде куәгер әйел: «Дәл өзі! Мынау, мінеки! Мынау маңдайынан оң қабағына тік түскен тыртығы бар, осы кісі! Дәл өзі! Осы кісі! Мынау мойнындағы дорбасы да сол!» дейді. Сол адам, сол орыс Совет одағында 10 миллион данамен тарайтын газетте қазақ туралы әлгіндей сөз айтып жүрген Александр Солженицын еді. Және ол сіңлісіне бидай әкеле жатқан әйелді өлтірген болса да, қылмысы анық куәлармен айғақталып тұрса да аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы прокурор Күлтәйға нұсқау береді.

«Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердин жуастау адам еді:

- Қарағым, қайтесің, өзі жалғыз орыс болса, бүкіл аудан жабылып, сол жалғыз саяси айдауда жүрген орыстан көрді деген сөзге қаламыз ғой. Босатып жібер, енді қоя ғой, - деп маған жалынғандай болды.

- Сонымен, амал жоқ тілімді тістеп отырып қалдым, - дейді Күлтәй жеңешем.

Үйіне бір барғанымда Күлтәй жеңешем сол әңгімені және де жалғастырды.

... Осы жақында ғана, әлгі, Солженицын деген кісіңіз шетелден..., анау әлгі Владивостоктан Москваға қарай пойызбен жүргенде, күнде суретін басып, Ресей газеттері, телевидение күнде көрсетіп жатты ғой. Соны көргенде мен, орнымнан:

- Ойбай-ау, Өмірзақ-ау! – деп қарғып тұрыппын, – деді жеңешем. – мынау сол кісі ғой, мынау сол кісі ғой! Мынау маңдайынан оң қабағының үстіне тік түскен тыртық. Мынау баяғы мен тексерген, мен күдіктенген сол кісі ғой! – дедім. Бірақ, мынау Өмірзақ ағаң:

- Тәйт, ары! – деп мені басып тастады. Қайтесің, бір халықтың мақтанышы ғой ол. Бір халық оны төбесіне көтеріп отыр, сен қайдағы бірдеңені айтасың! - деп ұрысты, Әкім-ау, маған мынау ағаң сүйдеп ұрысты ғой... – деп «шағым» айтып отырды Күлтәй жеңешем».

«Өзінің ұрлығын, қарлығын жасырып қалу үшін билік басындағы адамдар неге бір халықты екінші халыққа айдап салып, менің халқым періште халық, аналар жаман халық, түкке тұрғысыз халық деген жымысқы пікір, жымысқы саясат жүргізуі керек?». Автор, Әкім Тарази мың толғанады. Мұны жазу да оңайға соқпаған. «Мен бұл әңгімені екі рет бастаған едім, екі ретінде де аяқ алысым өзіме ұнамады. ...Міне, бүгін таң алдында, таң деймін-ау, түнгі сағат үштердің кезінде оянып алып, төсектің бір шетінде отырғанымда келген ой сол еді». «Шын мәнінде, үлкен адамнан сондай кішкентай қылмыскер шыға ма?». «Сен олай ете алмайсың!» - дедім мен. Сен дегенім – Александр Исайұлы Солженицын еді. «Мен» дегенім әлі төсекте отыр.

... Ол кезде этап деген болды. Сол этаппен Александр Исайұлы да қазақ жеріне келді ғой, саяси тұтқын болып келді. Жалғыз бас кемпірдің үйінде тұрды. Қазақ мектебінде сабақ берді. «Коминтерн» деген колхозда. Атының өзі қандай ғажап, қандай символ. Ком-интерн – халықтар достығының, халықтар бірлігінің символы. Коммунистік интернационал. Еңбекші халықтардың бірлігі, достығы. Сол Коминтернде тұрды ол. Мектепте сабақ берді ол». Әрине, кекесінді, ызалы сөздер бұл.

Тағы автор: «Әрине, әділдік бәрібір жеңеді, шындық бәрібір ашылады. Адамның пиғылының ақ-қарасы Аллаға ғана аян. Көк аспанда қырағы көз әрқайсысымыздың көкжелкемізде кірпік қақпай, қарап тұрған жоқ па?

Көк аспанның қырағы көзі қалғып-мүлгіп кету дегенді білмейді ғой».

«Түнгі сағат үш. «Мен» Алматыда, Сайын досының үйінде, төсекте отыр. Сайын досының бала-шағасы «менге» үш бөлмелі үйді босатып беріп: - «Аға, жазыңыз!» деген». Бұл қандай арпалыс?! Жазушы деген қауымның жан дүниесінде мыңдаған ерегес, күрестер осылай жүріп жатады екен-ау... және біз осы талдап отырғанда шығарманың белгілі бір тұсын ғана көрсетіп отырмыз. Автор Солженицын айтқан «атының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санайды» деген сөзіне тарихи шегініс жасайды. «Иә!» дейді. «Солай болған!» дейді. Қаламы бас бермеген асау айғырдай еріксіз тарихтың қатпар-қатпар жұмбақ әлеміне тарта жөнеледі. Еркінен тыс!

«Қазіргі қазақ деп аталатын халықтың тарихта аталу – есімі көп болған. Қазақ. Күн. Көк тұрұқ. Қазіргі тілмен айтсақ, көк тұрғыны. Қаз-Сақ-Күн-Көктұрғыны-Құба (дала) сақ. Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасын жалғастырып жатты. Бүкіл жер бетін дүрілдетіп тұрды. Бірақ аты өзгере берді, өзгере берді. Халықтың да шаршайтын кезі болады, халықтың мүлгіп кететін кезі болады. Сондай кезден қаз-сақ та өтті қазақ.

Сол аты көп халықтың заты – біреу еді. Оны Қытай, Орыс, Ватикан тарихшылары жақсы білетін. «Қазақ қауіпті халық, астындағы арғымағының тұяғы тиген жердің бәрін менің жерім дейді» - дегенде («Правда» газеті) А. Солженицын соны анық біліп айтқан. Ал, мүлгіп кеткен, қалғып кеткен халық, өз тарихын өзінен жасыратын. Сол бабалардың атының тұяғы кемінде он мың жыл таптаған Алатаудың бір шағын ғана қойнауына-қолтығына Күлтәй жеңешемнің көп немересінің бірі Жанат үй салды...

Сол Жаннаттың ұлына Өмірзақ атасы Бөдехан деп ат қойыпты. Мен таң қалдым...

... Мен білетін Бөде ханның үш есім-атауы болған. Бірақ – әкесі Қара-хан қойған аты – Бота. Екінші есімін өгей шешесі қойған: Бөтен. Никита Бичрин аударған Қытай жылнамаларында; Мөде, Мөден болып екі түрлі жазылған. Жапон ғалымы Синатори көне заманда «М» болып оқылатын иероглиф қазіргі кезде «Б» болып оқылу керек дейді. Ендеше – Мөде – Бота, Мөден – Бөтен деген мағынаны білдіреді. Бо-хан, Бөтен-хан бұдан 2200 жыл бұрын өмір сүрген, Қытай Цин-Ши Хуан-димен замандас.

Цин-Ши Хуан-димен замандас қана емес, сол Цин-Ши Хуан-димен өмір бойы арпалысып өткен, сол Цин-Ши Хуан-диді тізе бүктіріп, өз елін Қытай бұғауынан босатып алған...

Босатып қана қоймаған, империяны өзіне бағындырған!

Өз есімі Бота, ал ресми дәрежесі – Оғаш! Ешкімге бағынбайтын, оғаш тұрған дербес хан!

Сол Бота ханның арғымағының тұяғы Хуанхэ өзенінің өн бойымен жүріп отырып Еділ-Волга өзенін көктеп өткен...» - деп барып бірақ тоқтайды. Сөйтеді де «Сен мені кешіре ғой, оқырманым, бір ғана ойды, бір ғана пікірді дәлелдеу үшін мен пақыр осыншама шегініс жасауға мәжбүр болып отырмын» -дейді. «Атының тұяғы жеткені рас, бірақ, ол жердің бәрін «Менікі» дейтін болса, онда Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасы, Хуанхэ мен Еділ-Волгаға дейін қазіргі қазақ аталатын халықтың жері» дер едік қой дейді асау айғырдың үстінде тұрған қаламгер!

«Александр Исаұлы Солженицын айтқандай «қазақтар атының тұяғы басып өткен жердің бәрін менікі дейді» - деген кекесін пікірді жоққа шығару үшін айтып отырмын» - дейді содан.

Өлген әкесінің құшағындағы Қалихан

Тағы сол автордың қиналысы. Жоғарыда айтқан үзінді:

«Күн көтеріле бергенде қайта ұйықтамақ болып қайта жатқанмен, ұйықтай алмадым, тұрып кеттім. Отырдым. Мен әлі Солженицыннің бұл дүниеден өтіп кеткенін естіген жоқпын ғой. Бірақ, көкейіме қайта-қайта сол кісі орала берді. Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын бірін-бірі алмастырып сана экранына орала берді, орала берді.

Көз іле алмай маужырап отырған Әкімді шар еткен телефонның ащы даусы оятып жіберді. Қалихан екен.
...
Қалихан десем Алтай келеді көз алдыма. Қатын қарағай. Мұзтау. Алыстан көз тартқан күміс ертоқым - Мұзтау. Өрдегі ел, Белдегі ел, Қазақстандағы ең асау өзен - Қатын. Көк тұрғындарының, Көк тұрұқтардың кіндік елі. Сол елдің екі Қалиханы болса, бірі мен боп жүрдім. Кей кездерде мен Алтайға бара алмай қалсам, Қалиханның ағалары, жеңгелері сұрайды екен. - Әй, Қалихан, Әкім неге келмеді? Сен келмесең де, Әкім келсе де бізге жетіп жатар еді ғой!-дейтін көрінеді. Сол Қалиханның әкесі - екі жасар ұлын құшақтап, қатты қысып жатып, ұйқы үстінде өмірден өтіп кеткен ғой. Қапалықтан өлген. Әне, айдап әкетеді, міне, айдап кетеді деген қорқыныштан өлді ме екен? 1937 жыл еді себебі. Хат танитын адам, зиялы жігіт. Хат танитын адамды ол кезде аямайтын еді ғой өкімет. Соның алдында ғана Сапақ деген ағасын этаппен айдап кеткен екен. Этап деген ол – жоспар, алыстағы аудандарда тұратын күдікті адамдарды бірлеп-екілеп айдамайтын, ол кезде жоспар болатын. Жоспар орындау үшін топтастырып, екі айда бір, үш айда бір бүкіл аудандардағы күдіктілерді жинап, Алматыға алып баратын. Бүкіл Қазақстандағы күдіктілерді жинап, Сібірге айдап кететін. Ол сөздің аты – этап еді. Сол этаппен Александр Исайұлы да қазақ жеріне келді ғой, саяси тұтқын болып келді. ... Ол байғұс та этаппен келді. Этап...

Қалиханның әкесі – жалғыз ұлын қатты қысып ұйықтаған қалпы, сатқын заманнан өтіп кеткен. Анасы Күләш ойбайлап жүріп, жылап жүріп, әке құшағында жатқан баласын әрең босатып алған, әрең босатқан. Әке жібермей қойған. Кейін анасы айтады екен:

- Қалихан, сенің өмірің ұзақ болады, себебі әкең саған өзінің қалған өмірін, бойындағы шуағы мен жылуын қалдырып кетті. Өз жылуын қалдырып кетті ғой! -дейді екен.

Сол 42-іші жылы көзі бақырайған, тәштиген жалғыз ұлын шанаға отырғызып, басына әкесінің үлкен түлкі тұмағын кигізіп, әкесінің қалың сең-сең тонына орап, Күләш келіншек, жас ару он бес шақырым жердегі туысқанына тартады. Күні бойы жүріп отырып, түн ортасы ауғанда әрең жетеді. Қақаған аяз. Аяз – ажалдан да қиын ғой. Ажалда сезім жоқ. Аяз. Аяз адамның бар сезімін кеміріп, асықпай жеп, миыңды шағып, миыңды кеміріп жеп жібереді ғой. Аяз. Таңның атысында шыққан екі жасар ұлын шанаға отырғызып, сүйреп шыққан ана, түн ортасы ауа, он бес шақырым жердегі туысқанына келді. Туысқан – екі жасар нәрестенің туысқаны. Мынау жалғыз бала, сенің ағаңның жалғызы, осыны не істейміз деп алып келген болар. Бірақ туысқаны есігін ашпай қойды. Әйелі шықты. Танымаған болып:

- Кімсің? -деді.

- Мен ғой, Күләшпін ғой, - деді. - Қалиханды алып келіп едім, - деді.

- Ағаң жоқ үйде... - деді әйел. Бірақ ар жағынан ағасының күңкілдеген даусы естіліп тұрды. Ашпай қойды есікті. Аяз болса кеміріп барады. Күләш жылаған шығар әрине. Бірақ, Қалихан оны қайдан байқасын, тұмшалап тастаған Қалихан шанада отыр ғой.

Есік ашылмады.

Ақырында, жарайды ендеше деп, Күләш жас келіншек, жас ару бұрыла берген кезде, есік шиқ етіп ашылып, әкесінің туған інісінің әйелі жарты күлше нанды лақтырып жіберді.

- Мә, мә, мынаны жеңдер! - деп.

Нан қатып қалған екен.

Сол кезде селк етіп оянды ма екен, әлде есін жинап алды ма екен Қалихан нанды шап беріп ұстап алды. Ұстап алды да қатты нанды қойнына тығып жіберді. Анасы ұрысты, әрине.

- Таста, таста нанды, саған керек емес, бұл жарты нан саған медет болмайды, таста! - дейді.

Бала тастамады, қойнына тығып жіберген. Ана тартып алып, лақтырмақшы болды. Әрине, есікке қарай лақтырмақшы ғой. Бірақ бала бермей қойды.

Беті қайтып қалған ауылдан, жүрегінен, лүпілдеп тұрған жүрегінен теуіп жіберген ағайынының үйінен сәл ұзай бергенде, Күләш байқады ма екен, баласының әлгі қатып қалған нанды аузына салып отырғанын... шананы тоқтатып.

- Әкел бері! -деді де тас болып қатып қалған нанды бала қолынан жұлып алды. Жұлып алды да тісіне ары салып, бері салып, сындыра алмай, ақыры бір үзімін ғана әрең үгіткен екен, бірақ тісінің қызыл еті қан-қан болыпты. Сол қызыл еттің қанымен араласқан нанды шайнап-шайнап Күләш келіншек, Күләш ару баласының аузына салады. Екі жасар нәрестенің аузынан нан ары қарай жүрмей қояды. Содан кейін Күләш сұқ саусағымен, сүйріктей әдемі саусағымен итеріп-итеріп ары қарай өңешінен өткізіп жібереді.

- Әттең-ай, әттең-ай! -деп жылайды содан соң, - Сен болмасаң мынау ит өмірде бір сәт қалмас едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға тапсырар едім! -деп зарлайды. «Бір жарым құлаш кендір арқан» дегеннің мағынасын Қалихан ержеткен кезде ғана ұғынады.

Енді баратын жол бес шақырым. Он бес шақырым жүрген ана енді бес шақырымға шыдаймын ғой деп, жолда келе жатыр сүйретіліп. Өзі де былқ-сылқ, баланың басы да былқ-сылқ әрине. ...Бір кезде Күләш тоқтап баласына айқай салады:

- Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең маған жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой.

Еңкейіп, айқайлап, ұрсып тұрған анасының көзіндегі тырнақ басындай қос мұзды көріп үлгереді бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз...». Күлтәй жеңеше, Солженицын жайындағы толғаныс, қиналыстар жазушы ойын осылай да сүйреген, жазушы жанын осылай да қинаған. Осы оқиғаны есіне түсірген.

«Әлгінде әңгімені келте қайырғаныма ыңғайсызданып отыр едім, енді қайтадан Қалиханға тіл шалдым:

- Әй, Қалаға, сонда анаң айқайлап, саған ұрысқанда екі тамшы көз жасының мұз болып қатып тұрғаны шыннан есіңде ме? -дедім. Қалихан күлді.

- Әй, көке-ай, ол әңгімені жазып қойғам...- деді. -Және журналға беріп қойғам. Мен айттым:

- Ол 42-інші жылғы оқиғаны мың жазушы мың рет жазса да артық болмайды! Мың жазушы мың жазуы керек, сонда да адамзаттың ұяты ояна қояр ма екен? -дедім. - Сенің әкеңнің ағасы этаппен кеткен еді, сенің әпкең этаппен кеткен еді. Орыстың жазушысы Солженицын этаппен Қазақстанға келген еді. Сенің әкең мен әпкең этаппен орыстың сібіріне барған еді. Сол заман... - деп сөзімнің аржағын «жұтып қойдым».

Сөзімнің аржағын жұтып қойдым. Өзіме өзім күбірлеп айттым. Сондықтан да бұл эссені жазбасам болмайтын еді. Ішімде қалса дертке айналып кететін еді. Сондықтан да осы эссені жаздым. Бұдан оқтай бір жыл бұрын. Содан бері қанша мәрте қолға алдым, түзетіп, әрлеп, өңдеп жарыққа шығарайын деп... Қаламым жүрмеді. Осыдан бір апта бұрын, А.Солженицынның дүниеден өткеніне бір жыл толғанда Москва телеарнасының бірінен көп сериялы деректі фильмнің бірінші бөлімін көріп қалдым. Александр Исайұлы сөйлеп отыр екен.

- Қазақстан маған қымбат! -деді, - Мен қазақ мектебінде сабақ бердім! -деді. - Қазақ балалары алғыр!-деді. - Қазақ байсалды да өжет халық! -деді.

Хабар аяқталған соң мен орнымнан тұрып терезе алдына бардым. Сол арада көрдім. Сездім. Түйсіндім.

Көк аспанда қырағы көз бар.

Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз ғой.

Көк аспанның қырағы көзінен мейірім ұшқынын аңғардым.

Тәубе!». Нүкте қояды қояды автор.

Жалғыз баласын құшағында қысып жатып, өмірден өтіп кету!.. Не қылған үрей! Ұрмай-соқпай, адам санасына, адам жүрегіне осындай қысым жасау... Неткен аяусыз жүйе. Қазақ даласында уілдеп соққан жел үрей шашып соққан. Жел, боран ел ішін үдей кезген, жел емес, үрей кезген! Үрей!...

Жер бетінде қазақтай туыстық қатынасқа берік, өз ағайынын «Өз қолыңды өзің кеспейсің» деп өз денесіне балаған халық кемде-кем шығар. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деген, «Кескілесіп кетсең де туысқаның кетпейді» деген қазақтың асыл болмысы осылайша айрандай ақтарылып түсті емес пе. Қалиханның шешесі саршұнақ аязда неге қайнысының үйіне келеді? Ол шықпай қойғанда неге сонша еңірейді? Күйінгеннен неге өліп кете жаздайды? Ол ағайыны деп келіп отыр, бұрынғыша, баяғыша, туыстығын бұлдап келіп отыр. Ал, адам болмысының осылайша өзгеріп кеткенін ол сол сәтте, сол бір ашулы, жаңа ғана күйеуі өлген қайғылы сәтте қабылдай алмады. Қабылдай алмайды да. Мүлде. Туыстың теріс айналғанына күйеуі өлгеннен бетер қиналды емес пе, жан түкпірі қопарылып түсті емес пе! Осылайша, жақындар жалғызға айналды. «Ағайынның қадірін жалалы болғанда білесің» деген қазақтың ағайыны жалалы болғанда қасынан алыстап кетті, қашып кетті, танымай кетті. Суып кетті! Үрейден!

Шығармасы туралы айтып отырған жазушы туралы ой келеді ентелеп. Еріксіз келеді. Жазушы туралы бұл ой жазушы туралы айтпай қалуға мүмкін емес жағдайда айтылды. Тәубе!

Жазушы деген осы екен ғой! Ұлт жазушысы деген осы екен ғой! Ұлтының тарихы, артық-кемі, қасірет-қайғысы, арман-мұраты, мұң-шері қуаныш-күлкісі, намыс-жігері, ар-иманы..., бүкіл БОЛМЫСЫ нағыз жазушының ой-санасын ордалы жыландай орап, тұла-бойын буып, қинап, әбден қинап, толғағы жеткенде топырлап кеп, жүрек деген нәзік жаратылыстың қылдан жіңішке пернесін көпір етіп оқырманға жол тартады екен ғой!.. Топырлап кеп, қылдан нәзік пернені солқылдатып өтеді екен, қылдан жіңішке тамырды кернеп, сыздатып өтеді екен, жүрек деген аяулы жаратылысты аямай солқылдатып, аямай сыздатып...

Арпалыс.Үрей. Қазақ әйелі...

Енді, құрметті оқырман! Оқу-оқымау еркіңіз, жоғарыда айтып отырған шығармада Күлтәй жеңешенің тағы бір кешірмесі бар. Ол енді... Оны бәлкім ата-баба дәстүрімен мың жылдар бойы қалыптасқан қазақ әйелі болмысы мен Совет үкіметі тұсында прокурор болған қазақ әйелінің іс-әрекеті арасындағы АРПАЛЫС деп айтуға болады. Екеуі бір адамның бойында – Күлтәй жеңешенің бойында арпалысады. Бұл сол қоғамдағы адамдардың, сол жүйенің астындағы қазақтың үрейі айтылады.

Бұл арпалыс шығармада өте шынайы, өте қызық беріледі. Өйткені, ол Күлтәйдің өз басынан өткен нақты оқиғалар ғой. Әрі мәңгі ұмытпайтын, үнемі айтып отыратын әңгімелері ғой.

«Жамбыл облысының Көктерек ауданында прокурор болған, жаңа түскен келін кезі. Прокурор ол кезде форма киетін. Пагон сияқты иығында, жағасында оқалы алтынды-күмісті белгілері болатын. Сол Күлтәй жеңешемнің өзі туралы айтын бір күлкілі жағдайы бар. Аудан орталығы шағын ғана село, ол кездегі аты Фурмановка, қазіргі аты Бірлік. Сол Фурмановкадан, қазынаның үйінен таңертеңгі сағат 7-8-дерде шығып, мекемесіне қарай жаяу өтеді екен. Жол бойында ешкімге қарамайды, ешкіммен сөйлесіп, тоқтап тұруға қақысы жоқ, себебі бүкіл бір ауданның прокуроры! Басына іс түсіп жататын адамдар көп. Біреу біреуге тәуелді, әсіресе, заң қызметкерлеріне жұрттың бәрі үрке қарайды, шоши қарайды. Себебі 37-інші жылдың қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп жатқандар көп. Күн-Көсемнің тірі кезі».

«...Бір күні бір үйдің есігінің алдынан өтіп келе жатса, 5-6 кемпір отыр екен, біреуі Күлтәй жеңешеме:

- Әй, бала, тоқта! – депті. Бұл кісі «Әй» деген сөзді ұнатпаса да тоқтайды. Үлкен кісілер ғой деп, қазақпын ғой деп.

- Сен, өзің неге сонша қайқаңдап бара жатырсың?- депті әлгілердің біреуі.

- Ары өтесің, бері өтесің. Біз осы жерде отырмыз. Сәлем беру жоқ сенде. Біз мынау отырғанда, Қапалдың кемпірлеріміз. Сен біздің келінімізсің. Неге сәлем бермейсің? – депті».

Қапал деген Күлтәй келін болып түскен рудың үлкен бір атасы. Кемпірлер соны меңзеп отыр.

«- Сіздер менің прокурор екенімді біліп тұрсыздар. Себебі, менің мынау оқалы жағамда белгі бар, - депті. – Ал, мен сіздердің Қапал атаның кемпірі екендеріңізді қайдан білем! Маңдайларыңызда: «мынау Қапалдың келіні!» - деген жазу жоқ қой, - депті». Бұл Күлтәй жеңешенің сөз тапқаны ғой, әйтпесе, мұның келін болып үлкендерге сәлем бергенін үкімет ұнатпайды. Ескілік санайды. Ал, Күлтәйдің «Үлкен кісілер ғой деп, қазақпын ғой деп» тоқтауы ішкі ерегестің кішкентай көрінісі еді.

Енді автордың Күлтәй жеңешесінің басынан өткен негізгі оқиғаға келейік. Облыс орталығы Жамбыл қаласында үлкен бір жиналыс өтіп, сол жиналыста «Көктерек ауданында отанын сатқан біреу қашып жүр. Ол туралы біздің аудандық прокурор ештеңе білмейді» деген қатаң сөгіс алған Күлтәй астына ат мініп қашқынды іздеуге шығады. Айдарлы деген ауылға келіп колхоз бастығының үйіне түседі. Жан-жақтан жеткен сыбыстың бірі: «Ауыл шетінде, оңашада, жалғыз үй тұрады. Сол үй күдікті көрінеді, - дейді. – бес-алты баласы бар жалғыз әйел тұрушы еді, сол әйел колхоздың сиыр қорасы жағына жиі-жиі түнде барып-келіп жүреді» - дейді.

«Сонымен, қасына екі-үш жігіт куәгер ертіп алып, Күлтәй жеңешем күндіз де, түнде де қараңғы болып тұратын, ұзыннан ұзақ терезесі жоқ сиыр қораға лампы шаммен кіреді. Қораның ең түкпірінде бүрісіп, екі тізесіне басын тығып алып, бір адам, шынында, селкілдеп отыр екен. Ұстап алып келеді. Сол ауылда, колхоз бастығының кеңсесінде отырып, жалғыз өзі сұрақ алады. «Шығыстан батысқа кетіп бара жатқан әскери составтардың біреуінен түсіп қалғаным рас», - депті. Шуға келдім, ыстық су алайын деп едім, пойыз жүріп кетті. Содан кейін мен жақын жердегі ауылыма барайын, бір-екі күн болайын. Содан кейін қайтып келіп, Шудан қайтадан басқа составтармен кетермін деп ойлап едім. Бірақ, болмады, балаларымның ең кішкентайы дімкәс еді. Соған қамқорлық жасауым керек болды. Сөйтіп жүргенде, мен туралы сыбыс тарап кеткенін естідім. Әйелім айтты: «Қашқындарды аямайды, ұстаған жерде тік тұрғызып қойып атып тастайды деді. Сонымен, қашқын болып жүргенім рас, қарағым. Енді өзің біл, атам десең ат, мінеки бас, міне мойын!» - деп айтады қашқын жігіт». Сатқын, қашқын деп облыс дүрлігіп жүрген қазақтың бар бейнесі осы еді.

«- Сонымен, өзім ұстаған кісіні, өзім енді аудан орталығына апаруым керек болды, - дейді Күлтәй жеңешем. Күлтәй жеңешем, дегенмен, қанша оқа жағалы болғанмен, әйел емес пе, ауылдан айдап шыққан тұтқынды жұрт көзі көрінбейтін жерге барғанда, атына мінгізіп, өзі жаяу жүріп, атты жетектеп алады. Оған тұтқын келіспейді.

- Қарағым, мені атқа мінгізбе, өзің сөзге қаласың, ұятқа қаласың, қызметіңнен айырылып қаласың! – дейді. Жеңешем көнбейді. Сөйтіп келе жатқанда, бұлардың алдынан ағысы қатты үлкен тоған шығады. Тоғаннан жаяу адам өте алмайды, су екпінді, ағызып кетеді. Тек қана атпен өтуге болады. Жеңешем тұтқынға:

- Қайнаға, мына атқа сіз мініп алдымен өтіңіз, содан кейін атты маған қарай жіберіңіз, - дейді.

Анау көнбейді.

- Бірақ, мен енді сізді өткізе алмаймын ғой, - дейді бұл.

Сонымен, ұзын шылбырды жеңешем қолына ұстатып, бергі бетте тұрады. Тұтқын атпен жалдап, тоғанның арғы бетіне өтеді.

... Сол кезде барып, есіме түсті, ойпырай, мына кісі қазір атқа мініп шаба жөнелсе, мен масқара болдым ғой деп ойладым! – дейді.

Жеңешем қатты күдіктенеді. «...енді құрыдым: - Енді мен комсомолдан шығамын, енді партиядан шығамын, енді мен сотталамын! – деп зәре-құтым қалмай тұр. Бірақ, оны ойбайлап сездірсем, анау шын мәнінде де қаша жөнеледі ғой деген күдік бар. Не де болса, сездірмей, сазарып тұрмын...» - дейді».

«Сөйтіп тұрғанда, менің қолымнан шылбыр сусып шығып, тоғанның суымен жыланша сызып барып... Бұл көзі бақырайып тұрғанда, тоғанның арғы бетіндегі қашқын аттың шылбырын қысқартып алып, тізгінін тарта ұстап, үзеңгіге аяғын салады... жеңешем кескен теректей құлап түседі. Есін тез жинап «Әй, тоқта!» - деп айқайлағысы келеді. Аузын ашады, бірақ ешқандай үн шықпайды. Жүн матадан тіккен қара көк юбкасының етегін баса-маса екі тізерлеп, жеңешем жерге отыра қалады, басы да салбырап кетеді. «Енді мен біттім, құрыдым, енді мен жас коммунист Жәлімбетова Күлтәй отанын сатқан қашқынды өз қолынан босатып жіберді деген масқараға қалдым. Енді мен партиядан шығам, енді мен сотталамын! Оның бәрін қойшы, енді бүкіл Совет Одағының газеттері жазатын болды ғой: «Қазақ әйелі сатқындық жасады – деп».

... Басы айналып, көзі қарауытқанын сезді. Ақырында тағы да жерге басын соға бердім дегенде, сол жамбасына қарай қисая бастағанын байқады.

Аз жатқан, көп жатқанын білмейді. Бір кезде есін жиып, енді қайтадан жүрелей отырып, оң қолымен жер тіреп көтерілгісі келген екен, оң жақ иығына әлгі адамның қолы тигенін байқады.

- Қарағым, келін, тұр! – дейді қашқын. – Міне, мынау атың. Кел, міне ғой, қарағым. Әлгінде байқадым, анау жарты шақырымдай жерде өткел бар екен. Сол өткелден айналып сенің қасыңа келдім, қарағым. Мә!». Есімізде болуы керек, бұл таңғажайып оқиға. Біреу жай қарар, біреу түсіне қоймас, мән де бермес, бірақ бұл талайды таңқалдырар оқиға. Бірін-бірі танымайтын қашқын мен тергеушінің бір-біріне осыншалық жанашыр болып, бір-бірінің жағдайын осыншалық түсініп, аттарын да атаспай иен далада бір-бірін «қайнаға», «келін» десіп, арадағы жалғыз атты тоғанға кезек салып судан өтуі... қазаққа ғана тән оқиға десек артық бола қоймас, иә! Еш артықтығы жоқ!

Екеуі бірі атпен, бірі өткелден жаяулап тоғаннан өтеді. Содан кейінгі жағдай.

«Ол бергі бетке өтті, тоғанның батыс жағына қарай. Келді де:

- Ал, қарағым, мінеки, - деп екі қолын созып тұр. Қайтадан матап байла дегендей! Сол кезде мен ол кісіге айқайлап жіберіппін:

- Қарабет, қашқын, отанын сатқан қашқын! Түс, алдыма! – деп деппін.

Ол үн-түнсіз. Басы салбырап кеткен, алдымда жүріп келеді. Жүріп келе жатып теңселіп кетеді, біресе сол жағына қисаяды. Әлде бірдеңеден сүрініп кеткендей, алдына қарай еңкеңдеп барып, шайқала әрең тұрып қалады». Сөйтіп, аш-арық тұтқын жүруге әлі келмей құлап түседі. Енді оны Күлтәй атқа салады. Әуреге түсіп әрең салады. Әлі келмей, жылап жүріп салады. «Жарықтық жылқы баласы ақылды ғой, шіркін! Жануар, қасыма келіп басын салбыратып тұр, тұрған жері – ойпаң» - деп қояды Күлтәй арасында.

«Жарты сағат жүрдім бе, бір сағат жүрдім бе, бір кезде тұтқын есін жи- нап алды.

- Қарағым, мен түсейін аттан. Сен өзің мін, - дейді.

- Жоқ, - дедім.

- Ендеше, қарағым, сен ертоқымға отыр. Мен сенің артыңа мінгесейін, - деді тұтқын».

Өзі өлім халінде келе жатып, алты баласы мен жары шиқылдап артта қалып, өзін алда ауыр жазалар күтіп тұрғанын біліп келе жатып, «мені атқа мінгізгенің үшін үкіметтен сөз естисің ғой, қарағым-ау» деп өзін тұтқындап келе жатқан әйелге жанашырлықпен қараған қандай биік кісілік дейсіз! Кімнің қолынан келеді осы ерлік? Өзеннің ар жағында да, бер жағында қашып кетуге мүмкіндігі бола тұра, «Сен сөзге қаласың ғой, қарағым» деп, байлауға қолын ұсыну... қай еркектің қолынан келмек? Дәл қазір, осы күнде?.. Өздерін кешегі қазақтан мәдениетті санап жүрген, білімді, білікті санап жүрген бүгінгі қазақтың қай жігіті осы тұтқынның, осы жалаңаяғы домбығып ісіп кеткен, өлім халінде келе жатып осындай кісілік биіктігінен бір мысқал түспеген осы қазақтың ерлігін істей алады? Қайталамақ түгілі түсінуге, түйсінуге рухани қауқарлары жете ме?.. Міне, сұрақ! Міне жауап! Жоқ. Гуманизмнің шыңы!

Енді Күлтәй жеңешенің, қазақ қызының, қазақ әйелінің мына сөзін қараңыз!

«- Атқа міне қоймадыңыз ба? – деп қалжыңдадым жеңешеме.

- Әй, Әкім-ай, қарағым-ай, - деді Күлтәй жеңешем. – әкем қазақ, шешем қазақ емес пе? Мен қазақтың келіні, қазақтың қызы емеспін бе? Қалай мен еркек адаммен бір атқа мінгесіп келе жатам? Ол байқұстың басы сылқ ете қалады, кеудесіне түсіп кетеді. Сонда мен оны құшақтап алам ба? Жоқ, қарағым, қой ондайды! – деп маған, осы авторға ежірейе қарайды».

Бұған не айтамыз? Не айтамыз емес, не айта аламыз? Осындай халде, осындай жағдайда қазақ әйелі, аналарымыз осылай істеген дегенде көзінен от жарқ етіп: «Неткен арлылық! Неткен тазалық! Еркекті әйел қалай құрметтеген?! Әйелді еркек қалай аялаған?!» деп орнынан атып тұрар, оларға сүйіне тамсанып, іштей болса да құрмет қылар жаңа өркен – жастар бар ма? Иығын екі толғап, аузын қисайтса, ернін шығарып қана қоймай, «Неткен сорлылық» десе қайттік? Ақиқатында біз ондай кісіліктің бойымыздан табылуы түгіл, оны түсінуден, түйсінуден қалып бара жатқан, адамдықтан, адамгершіліктен өзге құндылықтардың құрдымына құлап бара жатқан ұрпақпыз ба? Бәлкім...

Ал, оларды, тұтқын мен Күлтәйды бірін қашқын, бірін тергеуші қылған қоғам, үрей. Күлтәй да қазақтың келіні секілді кемпірлерге сәлем бергісі келеді, үрей сәлем салғызбайды – үкімет жақтырмайды. Ауру баласының қасында бір-екі күн болғысы келген қазақты жібере салғысы келеді – үрей, үрейлі үкімет жібертпейді. Күлтәй оны өзі де айтады: «Аудан орталығы көрінген кезде мен жүрісімді жәйлаттым. Қараңғы түссе екен дедім. Мен мынау қашқынды атқа мінгізіп алып, өзім жаяу келе жатсам, қаңқу сөзге қалам ғой. Себебі, ондайды кешірмейді. Қашқынды атына мінгізіп, өзі жаяу келді деген сөз ертең, ел құлағы елу, бастықтарға жетсе, олар мені аямайды ғой».

Міне, адам ретінде, қазақ ретінде, қазақ әйелі, қазақ қызы ретінде жүрегі қалап істегісі келген әр ісінің алдында осындай үрей тұрды. Өйткені автор жоғарыда айтқандай «37-жылдың қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп жатқандар көп. Күн-Көсемнің тірі кезі».

Сол үрей аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубердинге «Қарағым, қайтесің, орыс қой, жібере сал» дегізеді. Сол үрей бүкіл аудан бойынша екі-ақ орыс бола тұра, соның бірі адам өлтірген бола тұра, оны босаттырып жібергізеді. Сол үрей пойыздан қалып қап, ауру баласына бола отбасына келген жазықсыз қазақты ақыры өлтіріп тындырады. «Тұтқынды НКВД-ға да, Ішкі істер министрлігінің аудандық бөліміне де берген жоқпын. Білемін ғой, әй-шәйға қарамайды, тепкілеп ұрып тастайды, өлтіріп тастайды. Сонымен, қазір есімде жоқ, толық төрт дәптер ме екен, әлгі кісінің барлық жауабын жазып, хаттап, енді аудандық түрмеге апарайын деп қарасам, жарықтық, дүниеден өтіп кеткен екен. Қылжиып, кабинеттің бұрышында отыр екен. Мойыны былқ-сылқ етеді» деп еске алады Күлтәй. «Қашқынды ұстаған жас прокурор» деген шағын мақала шықты облыстық газетте. Мен енді, шынымды айтайын, оған мақтанғам жоқ. Себебі, ол менің қолымда өліп кеткеніне, шын мәнінде, қатты күйіндім» деп күрсінеді Күлтәй.

Тарихшы, мүмкін шығарманы оқырманға жүрек деген көпірден айналып өтіп, санасын өткел қыла отырып жеткізуге тура келетін шығар, журналист, мүмкін жүрек деген көпірден айналып өтіп, факті мен ақылын өткел қылып жеткізуге мәжбүр шығар бәлкім. Ал, жазушы, шын жазушы ақыл-санасында баптап, толғағы жеткенде жүрек деген қылдан жіңішке көпірге қарай иіріп айдайды екен ғой үйірлі жылқыны. Таптап өтпей ме, қиратып кетпей ме? Жүрек шыдай ма?.. Және оның ұлты өз жерінде зор қырғынға ұшырап, отарлық қамытын киіп, бодандықта сұраусыз тапталған, аяусыз езілген болса ше?.. Ол жүрек «Қанша қиналғанмен өмірден түңілмеймін» (Әкім Таразидың сөзі. Авт) дейтін жүрек болғасын шыдайды, ол жүрек «Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз ғой...

Тәубе!» дейтін жүрек болғасын төтеп береді.

Сол жазушы, сол болмысы аяусыз тапталған ұлттың жазушысы бір сұхбатында «Қазақты бір қазақ жақсы көрсе, мендей-ақ жақсы көрсін» депті. Жазушының осы бір ауыз сөзін шын түсіну үшін де осыншама дүниесін ақтару керек екен ғой. Ақтару керек!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазастан»

«Болмыс» кітабынан

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.11.2018

Таэквондошылар Әбу-Дабиге аттанды

21.11.2018

Елбасы: Деректі-қойылымдық фильмдердің, көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу қажет

21.11.2018

Президент: Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы»

21.11.2018

Елбасы: «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет

21.11.2018

Алматыда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен форум өтті

21.11.2018

Ел аумағында 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп жатыр

21.11.2018

Елбасы «Дала фольклорының антологиясын» жасауды ұсынды

21.11.2018

Жоспарланған меже – 100 мың гектар

21.11.2018

Нұрсұлтан Назарбаев: Алтай - Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі

21.11.2018

Елбасы әлемге қазақ жерінен тараған жылқының қадірін жете түсінуге шақырды

21.11.2018

Польшалық заңгерлер Алматыға келді

21.11.2018

Қазақстанның ірі электр стансалары жылыту маусымына толық дайын

21.11.2018

Táýelsizdiktiń tánti bolar tusy kóp

21.11.2018

«Хат қоржын»

21.11.2018

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл үкімет басшысына жүгінді

21.11.2018

Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың жеті қыры

21.11.2018

Орта білім беруді жаңғыртудың жаңа жобасы

21.11.2018

Елімізде жол-көлік апаттарынан болатын адам шығыны көп

21.11.2018

Ынтымақтастық арта түседі

21.11.2018

Жастарды қолдауға арналған бастама

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tánti bolar tusy kóp

Jylda, Táýelsizdik kúni jaqyndaǵan saıyn osy ýaqyt ishinde elimiz qandaı jetistikterge jetti degen saýaldy ózimizge qoıyp, ony saralaýǵa tyrysamyz. Biraq mundaıda jappaı aıtylyp júrgen jetistikterdi emes, ózimiz baıqaǵan jeke kózqarastaǵy tabystardy taldaýǵa tyrysamyz. Sonyń ishinde kózge túsetin bir ǵanıbetti jańalyq – halqymyzdyń burynǵydaı eshkimnen qysylmaı, kimmen bolsa da ómirdiń barlyq salasynda ıyq teńestire túskeni.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(1)

Гүлжаһан (04.08.2017 12:19:30)

- Әттең-ай, әттең-ай! -деп жылайды содан соң, - Сен болмасаң мынау ит өмірде бір сәт қалмас едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға тапсырар едім! -деп зарлайды. «Бір жарым құлаш кендір арқан» дегеннің мағынасын Қалихан ержеткен кезде ғана ұғынады. Енді баратын жол бес шақырым. Он бес шақырым жүрген ана енді бес шақырымға шыдаймын ғой деп, жолда келе жатыр сүйретіліп. Өзі де былқ-сылқ, баланың басы да былқ-сылқ әрине. ...Бір кезде Күләш тоқтап баласына айқай салады: - Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең маған жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой. Еңкейіп, айқайлап, ұрсып тұрған анасының көзіндегі тырнақ басындай қос мұзды көріп үлгереді бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз...». Еріксіз көзіңе жас келетін оқиға ғой, қандай қасіретті бастан өткерген десеңші?!

Пікір қосу