20 млн адам ашаршылықтан өлуі мүмкін
Оңтүстік Судан, Нигерия, Сомали мен Йеменде 20 млн адамға ашаршылықтан қырылу қаупі төнді, деп жазады Washington Post. Басылымның хабарлауынша, бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болмақ.
БҰҰ жақында Оңтүстік Судан халқы ашаршылыққа ұшырады деп жариялағаны белгілі. Бір айта кетерлігі, ұйым бұл шешімді мемлекетте күніне 2-10 мың адам қайтыс болғанда қабылдайды.
Женевадағы брифингте БҰҰ өкілі ашаршылықпен күресуге гуманитарлық көмек жетіспейтінін айтты. Ұйым мәліметі бойынша, Оңтүстік Суданда 1 млн, Йеменде 19 млн, Нигерияда 7 млн адам гуманитарлық көмекке зәру.
Дегенмен, аталған елдерде ұзаққа созылған саяси шиеленістер ашаршылықпен күресуге біршама кедергі келтіруде. Жоғарыда аталған төрт мемлекеттен басқа көмек қажет ететін Конго, Орталық Африка, Ливия, Ирак, Сирия, Ауғанстанда да жағдай күрделі. Мысалы, 2015 жылы Йеменде азаматтық соғыс басталды. Соңғы екі жылда мемлекетте көлік инфрақұрылымы, өндіріс орындары жойылды. Жұмыссыздық артып, азық-түлік бағасы қымбаттады. Ал Сомалиде әскери топтар жергілікті тұрғындардың қозғалысын шектеген. Яғни, гуманитарлық көмек топтарының мүшелеріне қауіп төнгендіктен, көп жағдайда олар мемлекетке кіре алмайды.
Аталған елдердегі ашаршылықпен күресу үшін БҰҰ наурыз айында АҚШ-тан 4,4 млрд доллар сұрады. Дегенмен, жақында Трамп халықаралық ұйымдарды қаржыландыру көлемін азайтқан болатын. Ұйым өкілдерінің айтуынша, АҚШ қанша қаражат берсе де, ашаршылықтың түпкі себептерімен күресіп, барлық жапа шеккендерді қамту мүмкін емес. Тек аурудың алдын алып, миллиондаған адамды азық-түлікпен қамтуға болады.
Еуропада құтқарушы роботтар бригадасы жасақталуы мүмкін
Еуропа елдерінің құтқарушыларына техногенді зілзала, табиғи апат пен төтенше жағдай кездерінде роботтар көмектесетін болады, деп жазады Euronews. Бұл жоба құтқарушылар үшін қауіп деңгейін төмендетеді. Тіпті, Еуроодақ роботтар бригадасын жасақтауы мүмкін.
Нақты өлшем жасайтын лазерлі құрылғымен жабдықталған роботтар құтқарушыларға маңызды мәліметтер ұсына алады. Ғалымдардың жұмысына әсіресе, өрт сөндірушілер ерекше қызығушылық танытқан.
Бүгінгі таңда Жасанды интеллектіні зерттеу орталығының ғалымдары смарт машиналардың мүмкіндіктерін зерттеп, қашықтықтан басқарылатын дрондар мен құрылғылар, түрлі роботтар құрастыруда. Алайда ғалымдар адам мен машинаның арасындағы қарым-қатынасқа алаңдаулы. Себебі, жұмыс нәтижелі болуы үшін роботтар адаммен бір командаға айналуы тиіс.
Египетте жаңа астана салуға наразылар бар
Бірқатар сарапшылар Египеттің жаңа астанасын салмас бұрын инвестицияны мемлекеттің басқа қалаларына жұмсау керек еді деген пікір білдірді, деп жазады CNN. Олардың айтуынша, Каирдың өзінде кварталдардың 50%-ынан астамында кәріз (канализация) қызметі жоқ. Ал жаңа жобаның алғашқы кезеңіне 45 миллиард доллар жұмсалмақ.
Үкімет шенеуніктері бұл шешім Каирдың ластануы, қалада адам санының артуы секілді мәселелерді шеше алатынын айтты. Дегенмен, сарапшылар Египет даму жолын таңдауда көп қателік жіберді дейді. «Өзімізде бар қалаларды басқару жүйесін қате қалыптастырдық. Кешенді проблемалар да бар. Олар жаңа қалаларды салғанда шешіле қалмайды», дейді сарапшылар.
Үкімет жобаны бастаған кезде де инвесторлармен біршама қиындықтар болған. Әзірге құрылыс жұмыстарына Қытайдың 22,7 млрд доллар бөлгені белгілі. Бұл қаражатқа парламент ғимараты, конференция өткізетін ұлттық орталық, әкімшілік ғимараттар салынбақ.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Египеттің экономикалық дамуына арналған конференцияда құрылыс министрі Мустафа Мадбули мемлекеттің жаңа астана салатынын хабарлаған болатын. 2020 жылға дейін оған 5 млн адам қоныстанады деп болжануда.
Жаңа астана әкімшілік және қаржылық орталыққа айналады. Сонымен қатар онда әлемдегі ең үлкен парк (Калифорниядағы Диснейлендтен 4 есе үлкен), халықаралық әуежай, мың мешіт, өндіріс орындары, медицина орталығы, ислам музейі салынады. Қаланың ауданы 700 шаршы километр болады. Және де 90 шаршы шақырым жерде күн сәулесінен энергия алатын электр станциясы салынбақ.
Соңғы 20 жылда ракпен ауыратын балалар саны 13%-ға артты
Бүкіл әлем бойынша тіркелген балалар рагі соңғы 20 жылда 13%-ға өсті. Көрсеткіштің артуы жаңа технологиялардың арқасында аурудың алғашқы сатысында анықталуына байланысты болуы мүмкін, деп жазады The Guardian.
Ракты зерттеудің халықаралық ұйымы өкілдерінің айтуынша, соңғы он жылда ракпен ауыратын миллион адамның 140-ы 14 жастан кіші балалар, 185-і жасөспірімдер болған. Балаларда көбінесе лейкемия мен қан рагі жиі кездеседі. Бір айта кетерлігі, Германияда бұл ауруға ұшыраған балалардың 92%-ы, Колумбияда 52%-ы, Ұлыбританияда 89%-ы, АҚШ-та 88 %-ы жазылып кеткен.
Балаларда рактың пайда болуы генетикалық жағдайға немесе қоршаған ортаға байланысты болуы мүмкін. Мамандар әлем бойынша нақты мәліметтерді топтастырып, осы мәселені анықтап көрмек. Ал жоғарыдағы мәліметтерді анықтау үшін ұйым АҚШ, Солтүстік Америкадан, Еуропадан 100% ақпараттарды қамтығанымен, Африка, Азия елдерінен толық мәлімет қамтылмаған.
Қытай жаңартылмалы энергия көзіне 360 млрд доллар жұмсамақ
Қытай 2020 жылға дейін жаңартылмалы энергия көздеріне 360 млрд доллар жұмсамақ, деп жазады China Daily.
Ұлттық энергетикалық әкімшіліктің хабарлауынша, Қытай 2020 жылға дейін көмірді қолдану үлесін 64%-дан 58%-ға дейін азайтпақ.
Бір айта кетерлігі, былтыр Қытай жел энергиясын АҚШ-тан 3 есе көп қолданды. Сонымен қатар мемлекет күн энергиясын қолдануда да алға жылжуда. Басылым Қытайдың қоршаған ортаның ластануына қарсы барынша күресетінін жазады.
Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу