СУЫҚТӨБЕДЕН ҰШҚАН СҰҢҚАР ЕДІ

Егемен Қазақстан
12.01.2010 2355
Дүниеге шыр етіп келген әрбір жан­ға мына жарық өмірдің рақаты мен ризығы таусылмастай болып кө­рінеді ғой. Бірақ қызығы мен қиқуы көп тіршілік толқыны күн­дердің күнінде тулап барып жағаны ұрып тынатынын, өмірдің керуен көшінің бәрібір бір жерге барып аялдай­ты­нын ескере бермей­тінімізді қайтер­сің. Ажал келіп, жалған дү­ниенің соңғы сағаты соғарда ғана ес жи­най­мыз-ау. Сонда ғана барып ғұ­мырдың қас-қағым, қамшының са­бын­дай ғана қысқа екеніне көз жет­кізіп, аһ ұратынымызды айтсаңыз­шы!.. Тірі кезінде еңбегімен ел мен қо­ғам құрметіне бөленген, респуб­ли­­камызға белгілі заңгер, көптеген шә­кірттер тәрбиелеген ұстаз, тау тұл­ғалы азамат Тыныбек Темірбекұлы Оңалбаев мез­гілсіз дүниеден озып, арамыздан алыстап бара жат­қан шақта бәріміз де осындай ауыр күй кештік. Апыр­май, күні кеше ғана ортамызда жарқырап жүр­ген жайсаң жанның, бауырмал інінің осылайша өмір­ден ерте кетіп қалатынын кім ойлаған. Адам жа­сы­ның үлкен-кішілігіне қарамай алып кететін мей­і­рім­сіз ажал құрығының ұзын екеніне тағы да куә бол­­дық. “Ажал айтып келмейді” деген сөздің расты­ғы мен сыры терең екендігіне амалсыз бас игендейміз. Ел алдындағы елеулі еңбегіне қоса адамгершілік, кішіпейілдік, парасаттылық қасиеттерімен есте қалған Тыныбекті әрі ауылдас, әрі бауырлас болғандықтан жақсы білемін. Атақты Суықтөбенің баурайындағы Қастек ауылында туып-өсті. Өмірдің есігін жаңа ашқан сәбиді туа салысымен-ақ әжесі Таразы апамыз бауы­рына салып алған. Майдан даласынан аман-есен орал­ған жалғыз ұлы Темірбектен көрген шикіөкпені аңсап күткен қарт ана баласы мен келіні Анарбүбінің кө­ңіліне қараған жоқ. “Өзімнің балам, өзім бағып өсірем” деп ашық айтқан. Ана жүрегінің шексіз мейірі мен кесімді ақ тілегін жақсы түсінген бұлар да қарсы бол­ма­ған. Сөйтіп Таразы апамыз Тыныбегін өзі бағып-қа­ғып, тәрбиелеп өсірді. Оны Тынкен деп еркелете атайтын. Әжесінің аялы алақанында алаңсыз өскен Ты­ны­бек тәрбиелі, ізетті болды. Үлкен-кішіні сыйлағыш, мейірімді бала болатын. Ауылдың орталау мектебін жақсы оқып бітірді. Ұстаздары оны әрқашан мақтап, басқа балаларға үлгі етіп отыратын. Бұдан кейін оқуын жалғастырып, Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебін бітірген ол еңбек жолын кеңшарда жұмыс­шы, Ғылым академиясының зоология институтында лаборант болып бастады. Өндірісте біраз тәжірибе жинақтаған соң С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Енді оның алдында алған білімін іске асырып, құқық қорғау саласында аянбай еңбек ету міндеті тұрды. Алғашқы заңгерлік қадамын Жамбыл ауда­нының прокуратурасында машықтанушы тергеуші, одан соң Кеген ауданының прокуратурасында төрт жылдай тергеуші болып, үлкен тәжірибеден өтті. Осының нәтижесінде 1977-1983 жылдар аралығында Қазақ КСР Прокуратурасының бөлім прокуроры бо­лып істеді. Прокурорлық қызметтің қыры мен сырын жете меңгеріп, оның әділ, заңға сай жүргізілуін қатаң қадағалады. Бұдан кейінгі тоғыз жыл ішінде Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар және Іле аудандарының прокуроры болды. Мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігі мен білімін арттырған Т.Оңалбаев жоғары лауазымды қызметтерге көтерілді. 1992 жылдан Алматы облысы про­курорының орынбасары, Алматы көлік проку­рорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1996-2001 жылдары Ақтөбе облысының проку­ро­ры болып, заң тәртібін сақтау мен қылмысты болдыр­мау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіп, үлкен беделге ие болды. Сол жылдардағы жемісті қызметі үшін Тыныбек Оңалбаевқа үшінші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі-әділет генерал-майоры атағы берілді. Кейіннен Ақмола облысының прокуроры болып істеген еді. Осыдан соң да ол жауапты лауазымды қызмет­терде болды. 2002 жылы Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары болса, ал 2004 жылдан 2007 жылға дейін Алматы облысы әділет департаментінің бастығы болып қызмет атқарды. Т.Оңалбаев құқық қорғау саласында өзіне жүк­телген жауапты қызметтерді абыроймен атқарумен бірге осы саланың болашақ мамандарын оқытып, тәрбиелеуге де барынша атсалысқанын айтқанымыз жөн. Ол Д.Қонаев атындағы институттың көпшілік құқығы кафедрасының меңгерушісі қызметін қосым­ша атқарып жүрді. Ал 2008 жылдан бастап оқыту­шылыққа бет бұрып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұстаздық қызмет істеп келді. Осыдан 5-6 жыл бұрын канди­даттық диссертация қорғап, заң ғылымының кандидаты атағына ие болған, 30-ға жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Ол шындап келгенде кәсіби шебер маман, білікті ұстаз, тамаша ұйымдастырушы, әлі де бергенінен берері мол азамат еді. Оның басшылығы мен қамқорлығына бөленіп, ағалық ақылын тыңдап, тәлім-тәрбиесін алып өскен білімді де білікті жас заңгерлер еліміздің құқық қорғау са­ласының сан саласында жемісті ең­бек етіп жүргенін айту бір ғанибет. Тыныбекпен туыстас ағасы ре­тінде араласа, сыр бөлісе жүріп, оған жауапкершілік пен өз ісіне деген сенімділік, парасаттылық пен қамқорлық тән екенін байқаушы едім. Осындай қасиеттері оны ерекшелендіріп тұратын. Сондай-ақ көңілі дарқан, кішіпейіл, адал, жүрегі жомарт жанның әріптес­те­ріне де, достары мен тума-туыст­а­рына да құшағы ашық еді, олардың арасында бедел мен құрметке ие болды. Ол туған ауылы мен кіндік кес­кен жерін, оның әсем табиғаты мен тау-тасын, сарқырай аққан өзенін жақсы көретін, алыста жүрген кездерінде демалысқа келе қалса тау жаққа, жайлауға соқпай кетпеуші еді. Сонау бір жылдары ауылдан қанат қағып ұшқан, әр қиырда, әр салада еңбек етіп жүрген белді азаматтар бас қосып, Суықтөбенің Қойжол сайына барып серуендеп қайтқанымыз бар. Бір сәт Тыныбек екеуміз көлбеп жатқан жотаның үстіне шығып, жан-жағымызға тамсана қарап тұрдық. Алдымызда көкпен таласқан асқар тау, артымызда көсіліп жатқан кең дала. Осы көрініске сүйсіне, құмарта қарап тұрған Тыныбек: – Қазақстанның талай жерінде болдым, шетелге де шықтым. Бәрібір туған жерге жер жетпейді екен. Көз тойып, көңіл сусындайтын туған жер шынында алтын бесік қой! – деді ерекше толқып тұрып. Мына қызықты қараңыз. Қасымда тұрған ол кенет бұрыла салды да соқпақ жолмен өрге қарай жүгіре жөнелді. Әудем жерге дейін жүгіріп барды да кері қайтты. Күліп келеді. – Бала кезім есіме түсіп кетті. Осы соқпақпен та­лай рет жүріп, талай жүгірген едім. Сонау сайдың ба­сынан рауғаш, жуа теріп қайтатынбыз, – дегені бар. Иә, содан бері де біраз жылдар өткен екен. Құқық қорғау саласында белсене еңбек еткен ол егемен еліміздің еңсесін тіктеп кетуіне айтарлықтай үлесін қосты. Қабылданған заңдардың сақталуы мен орындалуын қатаң қадағалап, қылмыс атаулының жолын кесу үшін күресті. Осы игі іске өзі ғана емес, бірге еңбек істеген әріптестері мен шәкірттерін жұмылдырып, адал болу мен халыққа қызмет етудің үлгі-өнегесін көрсетіп кетті. Соңғы жылдардағы университет қабырғасында шәкірттерге білім беріп, тәрбиелеудегі еңбегі де елеулі еді. Жүрегіне күрделі операция жасалып, үйіне шыққан күні Биналы, Манарбек інілеріммен бірге көңілін сұрауға барғанбыз. Аурухана төсегінен кейін өңі бозарып, жүдеп қалыпты. Дәрігерлер көбірек қимылдап, қозғалып жүруін өтініп, біраз уақыт бақылауда болатынын айтыпты. Креслоның жақтауына қойып отырған қолын көтеріп, қолымды ұстап “Қалайсыз?” деді. Дауысы да өзгерген, әлсіз естіледі. “Жақсы” деп жатырмыз. Денсаулығының жайын сұраған бізге басын изеп қояды. Операциядан кейін әбден шаршағаны байқалады. Біраз отырып сырқатынан тезірек айығып кетуіне тілектестік білдіріп, алғаусыз ақ ниетімізді айтып шыққан едік. Екі-үш аптадан соң Тыныбектің қайтадан ауруханаға жатып қалғанын естідік. Бұл жолы бұрынғыдан да қатты ауырып түскен. Амал не, істерге шара болмады. Айналдырған ауру алып тынды. Алпыс жастан жаңадан асқан сырбаз мінезді, сабырлы қалпымен баршаны баурап алатын ініміз Тыныбектің алар асулары әлі алда еді, өмірі де, еңбек жолы да ұзақ болуы керек еді. Бірақ олай болмады. Мейірімсіз ажал жер қойнына ерте алып кетті. Тау тұлғалы азаматынан айырылып қалу отбасы мен туған-туыстарына ғана емес, онымен қызметтес болған әріптестері мен дос-жарандарына, оны білетіндердің бәріне де ауыр тигені анық. ­­Өзі туып-өскен ата-мекені – Қастек ауылында өткен қоштасуға арналған қаралы жиынға көп адам жиналды. Сонау Ақтөбе аймағынан тартып, Алатауға дейінгі жалпақ елдің Тыныбекпен бірге қызметтес болған, оны білген, араласқан ағайындардың өкілдері келіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысын бөлісіп, бейітіне топырақ салысты. Сөйтіп дүниеден озған асыл азаматтың алдындағы ақырғы адами парыздарын өтеді. Бұл өмірде Тыныбек бауырымның артында сайраған ізі қалды. Ол – оның еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі. Ол – ерінің алаңсыз қызмет істеп, халқының құрметіне бөленуіне аянбай жағдай жасай білген, түсіністікпен өнегелі өмір кешкен құдай қосқан қосағы – келініміз Күләш пен олардың ұрпағы – Айгүл, Мұхтар, Айнаш, жауқазындай жайнап өсіп келе жатқан немерелері. Шүкір, өмірінің жалғасы болған соларды аман қылсын деп тілейік. “Жазмыштан озмыш жоқ” деген осы да. Қазасы қабырғаны қайыстырып, бақилық болып кеткен асыл азамат, аяулы ініміз Тыныбек тірі болса, 15 қантарда 61 дейтін мүшел жасқа келер еді. Артына өшпестей із қалдырған құрметті заңгер, ұстаз, жаны жайсаң кішіпейіл азамат Тыныбек Оңалбаевтың есімі мен жарқын бейнесі әрдайым жүрегімізде сақталады. Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистика академиясының академигі.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды қолдаудың 10 қадамы жасалды

22.02.2019

Қостанайда әкім есебі жаңа ғимаратта өтті

22.02.2019

Қарағанды облысының тумасы Қазбек Нұржановтың құрметіне арналған 41-ші жеңіл атлетика жарысы өтті

22.02.2019

Қарағанды облысында 479 жоба іске асады

22.02.2019

Ұлттық валютадағы мәтін тек қазақ тілінде болады

22.02.2019

Sanofi - күдіктен ада компания

22.02.2019

Сенатор С.Айтпаева Германиядан келген делегациямен кездесті

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

22.02.2019

Ақтөбе облысында су тасқынына дайындық шаралары қабылданып жатыр

22.02.2019

Құралай Ахмет: Шет елде оқуға ынтасы бар кез келген адам «болашақтық» бола алады

22.02.2019

Жастар кәсіпкерлігіне арналған «Jas Business» семинары өтті

22.02.2019

Халықтың әл-ауқатын жақсарту – басты мақсат

22.02.2019

Жоғарғы сот жемқор судьяларды анықтауды күшейтеді

22.02.2019

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасы әлем чемпионатында бақ сынайды

22.02.2019

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

22.02.2019

Мамандар: Денсаулық туралы жаңа Кодексті қабылдау бизнес үшін кедергілер туғызуы мүмкін

22.02.2019

Семейде «Нәджип Әмір» атындағы аудитория ашылды

22.02.2019

«Әбу-Даби Плаза» елордада жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді

22.02.2019

Милад Карими мен Аким Мусаев Мельбурндегі Әлем кубогінің финалына өтті

22.02.2019

Юлия Галышева бастаған Қазақстан командасы Жапониядағы әлем кубогіне қатысады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу