Суретте: Жамбы атудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы – Айкөз Ералхан жаттығу үстінде
Олардың қатарында жамбы атудан жастар және жасөспірімдер арасында еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, оңтүстікқазақстандық мергендер – Айкөз Ералхан мен Айтбек Сарыбай, Қызылорда облысының мергені Бекқали Узденбаев және жамбылдық сұрмергендер – «Ұлы Дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы Елдос Бадашов пен жас жамбышы Абзал Тулыбаев бар.
«Адырнасын ала өгіздей мөңірету» үшін алыстан ат терлетіп 20 елден келуі тиіс 50-ге тарта садақшымен сайысатын біздің азаматтар қазір «Қазанат» атшабарында оқу-жаттығу жиынын бастап кетіпті.
Мергендердің бас бапкері Нұркен Байбөриев мырзаның айтуына қарағанда, біздің садақшылар осал емес, қазірдің өзінде дәл бәсеке басында жүргендей жинақы, сергек, көздегенін қапы жібермей, адырнадан атылып ұшқан жебелері нысанаға сарт-сарт қадалуда...
Бапкердің сөзі рас екен. Оны біз де көрдік. «Қобланды батыр» жырында:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Толғап тұрып тартады... – деп жырлағандай біздің жігіттер құйғыта шауып өтіп те, ат үстінде тұрып та садақ тартып үйреніп үлгеріпті. Тіпті 10 секундта бес жебе атып, барлығын да нысанаға дөп тигізгенін көрдік. Іске сәт сұрмергендер!
Топтаманы әзірлеген
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу