ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

Егемен Қазақстан
15.01.2010 2110
ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕКТОРЫН ДАМЫТУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕ Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Қазіргі таңда,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ел экономикасының ірі секторларының бірі болып отыр. Осы салада  200 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бүл Қазақстан өндірісінде еңбек етіп жатқан халықтың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың кіріс көлемі 500 млрд. теңге шамасында. Бұл мемлекеттің жалпы өнімінің 3 пайызынан асып түсетін қаражат. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бір бірімен тығыз байланысты екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі коммуналдық қызмет саласы. Оған тұтынушыларды сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жұмыстары, кәріз жүйесі, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кіреді. Екіншісі – тұрғын үйлердің өзін күтіп ұстау, пәтер иелері мен қызмет көрсету мекемелері арасындағы қарым-қатынасты реттеу мәселелері, көп пәтер­лі тұрғын үйлердегі жалпыға ортақ мү­ліктерді басқару мен пайдалану жұмыстары. Қазіргі күні су, газ, электр қуатын жеткі­зіп беруші желілердің, кәріз жүйелерінің бірқатары ескіре бастады. Коммуналдық салаға жасалынған талдау осындай инженер­лік нысандардың 70 пайызы тозығы жеткендігін көрсетіп берді. Соның ішінде, әсіресе, тазалау қондырғылары (74 пайыз) мен ауыз су (73 пайыз) жүйелері көптеп тозған­дығы белгілі болды. Осының әсерінен қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы жылу энергиясының жоғалуы 35 пайызға, ауыз судыкі 32 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл – үлкен шығын. Егер жағдай осылай кете беретін болса, онда қызмет тиімділігі төмендей бермек. Сондықтан Үкімет тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық саласын одан әрі реформалау ісінде бірінші кезекте инженерлік желілер мен қондырғылардың техникалық жағдайын жақсарту мәселесіне баса назар аударуда. Осыған орай ресурстар мен қуаттарды үнемдеу технологияларын енгізу ісіне көбірек көңіл бөлінбек. Аталған бағытта өткен жылдың өзінде едәуір жұмыстар атқарылды. 2009 жылы осы мақсатқа деп 61 миллиард теңге бюджет қаржы­сы бөлінген болатын. Оның 60,7 миллиард теңгесі немесе 99 пайызы игерілді. Қаржыны игеру барысында 81 мың жұмыс орны құрылды. 862 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда 284 шақырым жылу желісі, 737 шақырым электр желісі, 284 шақырым газбен жабдықтау желісі, 1029 шақырым сумен қамту желісі жөндеуден өткізілді және ішінара жаңадан салынды. Кез келген жұмысты жүзеге асыру үшін ең алдымен қаржының қажет екені түсінікті. Сондықтан Үкімет коммуналдық қызмет саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесін ойластыруда. Осыған орай қазір әзірлену үстіндегі “Мемлекеттік – жеке меншіктік әріптестік туралы” заң жобасына қосымша ұсыныстар енгізілуде. Бұл ұсыныстар коммуналдық салаға бағытталатын инвестицияларға мемлекеттік қолдау жасау шараларын қарастырады. Қаржыландыру ісіндегі коммуналдық қызмет саласының ішкі мүмкіндіктерін арттыруды көздейді. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мен қайта жаңғыртудың қазақстандық орталығы құрылды. Оның алдына бірнеше міндет жүктелді. Олар – саланы дамыту мен қайта жаңғыртуға бағытталатын жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен тыс көздерді іздестіру, ТКШ саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субьектілерді несиелеудің жол­­д­арын қарастыру, ресурстар мен қуат­тар­ды үнемдеу технологияларын, ТШН-ды бас­қару­­дың қазіргі замандық әдіс-тәсілдерін енгізу секілді міндеттер. Егер мемлекет осындай жолдар арқылы еліміздің коммуналдық сала­сын дамыту ісіне жеке меншіктің, әсіресе, бизнес субьектілердің ынта-ықыласын оятып, олардың қаржысы мен күш-жігерін іске қоса алса, саланың жағдайы қазіргімен салыстыр­ғанда, көп жақсара түсетіндігі анық. Дегенмен, осы уақытқа дейін тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласының дамуына бөгет болып келе жатқан сең қозғалды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған  “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға”  Жол­дауында “тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық­ты тәртіпке келтіретін уақыт жетті” деп айрықша атап көрсеткен болатын. Елбасының берген тапсырмасына орай Үкімет бұрын әр­түр­лі обьективті себептерге байланысты қозғаусыз қалып келе жатқан осы мәселеге енді жіті мән бере бастады. Өткен жылы қолға алынған “Жол картасының” аясында жөндеу жұмыстарына көп қаржы бөлді. Саланың жағдайын жақсартудың жүйелі шараларын қарастырып, белгілеу үстінде. Осы үрдіс биыл да жалғасын таппақ.  Соның бірі үстіміздегі жыл­дан бастап еліміздің тұрғын үй-коммунал­дық шаруашы­лығын қайта жаңғырту және дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдама жүзеге асырыла бастамақ. Осы бағдарлама негізінде 5 жылда 300 мил­лиард теңгенің қаржысын игеру көзделінеді. Мұның 200 миллиард теңгесі республикалық бюджет есебінен, қалған бөлігі жергілікті бюджеттер есебінен бөлінеді деген ұйғарым бар. Сонда әр жыл сайын аталған мақсатқа шамамен 60 миллиард теңгеден жұмсалынып отырады. Қаржының басым бөлігі инженерлік желілерді жаңалау және жөндеу жұмыстарына бағытталады. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елді мекен­дерді сумен қамту мәселесінде бірыңғай мемле­кет­тік саясатты жүзеге асыру көзделеді. Қаржы­ны үнемдеу және жіті қадағалап отыру үшін инвестициялық жобаларды таңдау ісіне белгілі бір өлшемдер белгіленіп, жобалардың техника­лық-экономикалық негіздемелері орталық­тандырылған түрде әзірленеді. Тұжырымда­маны жүзеге асыруды үш кезеңге бөлу көзде­лінуде. Бірінші кезеңде облыс орталықтарындағы сумен қамту және су қайыру нысандарының жағдайына зерттеу жүргізіліп, Көкшетау қаласы бойынша жаңғырту жұмыстарының техника­лық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Екінші кезеңде Атырау және Шымкент қалаларының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу жұмыстары аяқталады. Ал 2012-2014 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде басқа қалалардың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп, осы бойынша жұмыстар жүргізіледі. Үкімет алға қойып отырған жұмыстың тағы бір бағыты тұрғын үй секторын дамыту. Өткен жылы осы мақсатта “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң қабылданған болатын. Саланың проблемалары жеткілікті зерттеле келе енді осы заңға қосымша өзгерістер енгізу көзделуде. Ведомствоаралық комиссия қарап бекіткен бұл қосымшалар мен өзгерістер мынадай мәселелерді қарастырады. Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорын құру. Қазіргі күні еліміздегі мемлекеттік тұрғын үй қорлары әкімдіктер мен кәсіпорындар деңгейінде шашыраңқы түрде қалыптасып отыр. Ал мемлекеттік орталық органдардың тұрғын үй қоры көрсетілмеген. Сондықтан бұл іс бірыңғайландыруды қажет етеді. Екінші, қызметтік тұрғын үйлерді беру тетіктерін нақтыландыру және оңтайландыру. Осыған дейін әкімдіктер мұндай тұрғын үйлерді нақты азаматтарға тікелей беріп келген еді. Енді әкімдіктер қызметтік тұрғын үйлерді ұйымдарға (сот, прокуратура, полиция) береді де, олар қызметкерлерге заң тәртібіне сәйкес өздері тапсыратын болады. Үшінші, бұзылуға жатқызылған апатты үйлерден шығарылатын азаматтарға тұрғын үй берудің жеке кезегін енгізу. Қазіргі күні мұндай санаттағы азаматтар жалпыға ортақ кезекке тіркелетіндіктен көптеген машақаттарды бастан кешіруде, ақыр аяғында тұрғын үйсіз қалып жатқандары да бар. Ал жеке кезек бойынша тіркеу олардың жағдайын жақсарта түсетіндігі анық. Заңға міне, осындай өзгерістер енгізу көзделінуде. Дегенмен, оқырмандар теріс түсінікте қалмас үшін әзірге бұл өзгерістердің ұсыныс деңгейінде екендігін тағы да атап көрсетпекпіз. Қазіргі күні еліміздің тұрғын үй секторында 270 миллион шаршы метрді қамтитын тұрғын үй қоры бар. Мұның 98 пайызы жеке меншік болып табылады. Осы тұрғын үй қорын қалыпты жағдайда ұстау үшін жоғарыдағыдай жаңа шаралар белгіленбек. Сонымен, Кәрім Мәсімовтің Үкіметі еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторының жұмысын реттеуге бел шешіп кірісе бастады. Осы мәселе Үкіметтің осы аптада өткен биылғы жылғы бірінші отыры­сында ақпараттық деңгейде қаралды. Онда елімізде өткен жылы ғана құрылған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин сөз алып, жоғарыдағы жағдайларды баяндады. Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тұрғын үй-коммуналдық секторын дамыту ісі алдағы уақытта неғұрлым тиянақты талқылауды қажет ететіндігін атап көрсетті. “Халық үшін бұл мәселенің маңызы зор, сондықтан біз осы тақырыпқа әлі оралатын боламыз”, деген Премьер-Министр бұл мәселенің алдағы Үкімет отырыстарының бірінде күн тәртібіне қойылатындығын айтты. КЕДЕНДІК ОДАҚ:  АЛЫС-БЕРІС, БАРЫС-КЕЛІСТІҢ  КЕШЕНДІ КЕҢІСТІГІ Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Міне, барыс бейнелі болашаққа батыл қадам басып бара жатқан егемен еліміз жаңа жылдың алғаш­қы күндерінен бастап, экономика­лық қауымдастықтың тарихи жаңа үлгісіне қадам басып отыр. Сонау бір қызыл империя құлаған кезден бастап кеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттерді эко­но­микалық интеграцияға шақырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың өміршең бастамалары ТМД, ЕурАзЭҚ сияқты экономи­ка­лық және саяси қауымдастықтар негізінде дамып, ақыры Достастық елдері арасындағы жаңа бірыңғай экономикалық кеңістік – Кедендік одаққа ұласты. Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев “бөлінгенді бөрі жейді, біріккендер берекеге кенеледі” деген тарихи қағиданы басшылық­қа алып, интеграцияға балама жоқ екендігін жалықпай айтып, өмір­шең бастамалармен дәлелдеп келе­ді. 2006 жылы 16 тамызда өткен ЕурАзЭҚ-тың мемлекет басшыла­рының ресми емес басқосуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсынысымен ЕурАзЭҚ шең­берінде кедендік одақ құру туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттеріне бола­шақ кедендік одақтың келісімдік-құқықтық базасын жасау міндеті жүктелді. Осы шешімді жүзеге асы­ру мақсатында тараптар ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің аясында тұрақты түрде отырыстар өткізіп, кедендік одақ құру үшін қажетті халықаралық келісім-шарттардың жобаларын белгілеу және үйлестіру жұмыстарымен айналыса бастады. Қазіргі күнге дейін кедендік одақтың келісімдік-құқықтық базасын қа­лыптастыру мақсатында 38 халық­аралық келісім-шарт жасалынды. Сонымен бірге, кедендік одақ шең­берінде ЕурАзЭҚ-тың базасында қабыл­данған 13 халықаралық келісім жұмыс істейтін болды. 2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында Беларусь, Қа­зақстан және Ресей мемлекет­тері­нің басшылары Кедендік одақтың Кедендік кодексі туралы келісімге қол қойды. Бұл тарихи құжат 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап толық күшіне еніп, 3 мемлекет арасында жаңа экономикалық интеграция­лық құрылым – Кедендік одақ жұмыс істей бастайды. Сонымен бірге, осы басқосуда 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік тарифі бекітілді. Сондай-ақ, кезең-кезеңмен күшіне енетін кедендік-тарифтік реттеу саласында мынандай құжаттар күшіне енеді: – Кедендік одақтың тарифтік артықшылық жүйесін пайда­ланатын дамушы елдер тізімі; – Кедендік одақтың тарифтік жүйесінің артықшылықтарын пай­даланатын дамыған елдердің тізімі; – тасымалданған кезде тариф­тік артықшылық берілетін дамушы және біршама дамыған елдерден әкелінетін және сол елдерде шығарылатын тауарлардың тізімі; – бірыңғай кедендік тариф ставкаларынан ерекшелінетін және өтпелі кезеңде тараптардың бірі тасымал кезінде кедендік баж салығын салатын тауарлар мен ставкалардың тізімі; – Кедендік одақ комиссиясы консенсус арқылы баж салығының тасымал ставкасын өзгертетін ерекше тауарлардың тізімі. Комиссия қызметін ұйымдас­тыру негізіндегі тарифтік емес реттеу саласындағы бірқатар құжаттар бекітілді: – ЕурАзЭҚ шеңберінде үшінші бір елмен сауда жасау барысында Ке­дендік одаққа кіретін мемлекет­терде ішке тасымалдауға және сыртқа шығаруға тыйым салына­тын немесе шектеу қойылатын тауар­лар­дың бірыңғай тізімі; – шектеу қою туралы ереже; – Кедендік одақ комиссия­сының ережелерінің тәртібі; – Кедендік одақ аясындағы Экспорттық кеңес жөніндегі ереже; – Кедендік одақ комиссия­сының секретариаты құрылымы­ның жаңа мәтіні; – 2010 жылға арналған Кеден­дік одақ комиссиясының шығын­дарының сметасы. Кедендік одақ шеңберінде қол қойылған барлық халықаралық ке­лі­сімдер тараптар мемлекет ішіндегі жағдайларды реттегеннен кейін және Кедендік одақтың жоғары органы (мемлекет басшы­ла­ры және үкімет басшылары деңгейінде) тиісті шешім қабылда­ғаннан кейін ғана күшіне енеді. Қазіргі күнге дейін Кедендік одақ шеңберінде 14 халықаралық құжат күшіне еніп, жұмыс істей бастады. Олар: 1. 2000 жылғы 10 қазандағы ЕурАзЭҚ құру жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттама; 2. Кедендік одақтың шарттық-құқықтық базасын  белгілейтін және одан шығуды немесе кіруді реттейтін халықаралық келісім-шарттардың күшіне ену тәртібі туралы хаттама; 3. Кедендік одақ комиссиясы туралы келісім-шарт; 4. Кедендік одақ құру және бірыңғай кедендік кеңістік жасау туралы келісім-шарт; 5. ЕурАзЭҚ шеңберінде сани­тар­лық және фитосанитарлық шараларды, техникалық реттеулерді жүргізу саласындағы келісілген саясат жүргізу жөніндегі келісім; 6. Кедендік одақ тауарларымен сыртқы және ішкі саудада кедендік статистика жүргізу жөніндегі келісім; 7. Бірыңғай кедендік тарифтік реттеу туралы келісім; 8. Тарифтік квотаны қолдану­дың шарттары мен тетіктері жөніндегі келісім; 9. Бірыңғай кедендік тариф ставкаларынан ерекшеленетін және ерекше жағдайда тасымалданатын тауарларға кедендік баж ставкала­рын қолданудың жағдайлары және тәртібі жөніндегі хаттама; 10. Тарифтік жеңілдіктер жасау жөніндегі хаттама; 11. Кедендік одақтың бірыңғай тарифтік артықшылықтар беру жүйесі туралы хаттама; 12. Үшінші бір мемлекетке қатысты тарифтік емес реттеулер жүргізу туралы бірыңғай шаралар туралы келісім; 13. Бірыңғай кедендік аумақта үшінші бір елдерге қатысты сауда жасаған кезде қолданылатын тәртіптер туралы келісім; 14. Тауарлармен сыртқы сауда саласындағы тауарларды лицензия­лау ережелері туралы келісім. КЕДЕНДІК ОДАҚ КОМИССИЯСЫ 2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшы­лары Кедендік одақ комиссиясын құру туралы келісім-шартқа қол қойды. Осы келісім-шарт бойынша аталмыш комиссия тұрақты түрде жұмыс істеп Кедендік одақ аясындағы барлық мәселелерді реттеп отыратын болады. Кедендік одаққа кіретін мемлекеттер шең­берінде бұл комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуы міндетті болып саналады. Бұл Кедендік одақтың аталмыш органының тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады. Сол сияқты аталмыш келісім-шарт бойынша кедендік одақ құрушы мемлекеттер сыртқы сауданы реттеудің нақты салала­рында комиссияның құзырына бір­қатар ұлттық өкілеттіктерді міндетті түрде кезең-кезеңмен беру қарасты­рылған. Мемлекет басшы­ла­рының 2009 жылғы 27 қарашада қабылдаған шешімдеріне сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кедендік тарифтік және кедендік емес реттеу салаларындағы өкілет­тілік комиссия құзырына толық берілген. Комиссия құрамына әрбір тараптан бір өкілетті тұлға кіретін болады: Беларусь Республикасынан – Үкімет төрағасының орынбасары Андрей Кобяков, Қазақстан Республикасынан – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Ресей Федера­ция­сынан – Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шува­лов. Комиссияда қаралатын мәселе бойынша шешім 2/3 тәртібімен көп дауыс беру негізінде қабылданатын болады. Бұл ретте комиссиядағы әрбір мемлекетке қатысты дауыс былай бөлінген: Қазақстан – 21,5 дауыс, Беларусь – 21,5, Ресей – 57 дауыс. Егер Комиссия қабылдаған шешімге тараптардың біреуі келіспейтін болса немесе қаралған шешім қажетті көп дауысқа ие бола алмаған жағдайда мәселе Кедендік одақтың жоғары органында қара­лып, шешім консенсус бойынша қабылданады. Сонымен бірге, комис­сия Кедендік одақтың құқық­тық базасын қалыптастырған халықаралық келісім-шарттар негізінде кейбір мәселелер жө­нінде консенсус арқылы шешім қабылдауға құқылы. Бүгінгі күнге дейін Кедендік одақ комиссия­сының 12 отырысы болып өтті. КЕДЕНДІК ТАРИФТІК ЖӘНЕ ТАРИФТІК ЕМЕС РЕТТЕУЛЕР Кедендік одақтың кедендік-тарифтік реттеу тетіктерінің негізі мүше мемлекеттердің үшінші бір елге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізу жөніндегі бірыңғай кедендік тарифі (БКТ) болып табылады. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Қазақстанның импорттық кедендік баж салығы ставкаларының жалпы санында (тауарлық номенклатура бойынша 10 белгі дәрежесіндегі 11144) БКТ-ны қалыптастырудың ал­ғаш­қы кезеңінде Беларусь, Қазақ­стан және Ресейдің баж салығы­ның 40 пайызы (4500 код) бір-бірімен сәйкес келді. Міне, осы тізім БКТ-нің базалық кестесі ретінде алынды. Сөйтіп, 3 мемле­кет­тің үкіметтерінің алдына кедендік баж салы­ғының 60 пайызын бірізден­діру міндеті қойыл­ды. Кедендік баж са­лығын бірізден­діру жұмысы бары­сында мынандай негізгі мәселелерге сүйенуге тура келді, ол бірінші, өзінің өндірістік құры­лымы болу. Белгіленетін ке­дендік баж салығы отандық өндіріс­шілерді қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Егер мемле­кет­тің аталмыш тауар өндіретін өндірісі болмаған жағдайда, тұтынушылардың мүдделері толық ескерілуге тиіс. Екінші, импорт құрылымы. Егер импорттың негізгі мөлшері ТМД мемлекеттерінің үлесіне тиетін болса немесе мұндай тауар аталмыш мемлекетке бірқатар жылдардан бері импортталмаған жағдайда аталмыш тауар кедендік баж салығының ставкаларын өзгертуге қатысты тауарлар қатарына жатпайды. БКТ-ны белгілеу кезінде Қазақстан 400 тауар түрлерін импорттаған кезде кедендік баж салығы ставкалары­ның ең төменгі мөлшерін қолдану жөнінде өз құқығын сақтап қалды. Бұл ретте өтпелі кезеңде мұндай тәртіп экономикамызды әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде импортталатын тауар­ларға қатысты қолданылатын болады. Мәселен, елімізде мұнай-химия саласының кәсіпорында­рын дамыту, қалайы, қағаз және басқа тауарларды өндіруді артты­ру жөніндегі бірқатар ірі жобалар іске қосылған, оның ішінде бірнешеуі шетел капита­лы­ның қатысуымен жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, өтпелі кезеңде дәрі-дәрмек, медицина­лық құрал-жабдықтар, мұнай-химия сала­сына қажетті шикізат, қалайы, целлюлоза, қағаз өнімдерінен жа­салған бірқатар бұйымдар, құрал-жабдықтар және басқа кейбір тауар түрлеріне ерекшеліктер берілетін болады. Тағы бір атап көрсететін мәсе­ле, Қазақстан Республикасының “Инвестиция туралы” заңының аясында “мақсатты импорт” атты тағы бір жеңілдік түрін кіргізу де жоспарланып отыр. Бұл режімге Кедендік одаққа мүше мемлекет­тер аумағында сол мемлекеттердің үкіметтері белгілеген инвестиция­лық жобаларға байланысты пайдаланылатын технологиялық құрал-жабдықтар, оларға қажетті қосалқы бөлшектер, шикізаттар, басқа да материалдар жатқызы­лады. Олар импорттық баж салығынан босатылады. Кедендік одаққа мүше мемле­кеттер аумағында шығарылмай­тын немесе шығарылған күннің өзінде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін шикізат түрле­ріне де жеңілдіктер жасалады. Қазақстан тарапы 10 жыл мерзім­ге, яғни 2010 жылдан  2019 жыл­дар аралығында шеттен әкелі­нетін тростникті қант-шикізатына импорттық баж салығын салмау жеңілдігін сақтап қалды. Сондай-ақ,  жеңілдетілген баж салығы тізіміне кірмеген мына тауарлар түрлері бойынша тиісті жеңілдіктер жасау жөнінде де арнайы келісім жасалынды. Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері әкелетін 995 деңгейін­дегі алтын құймалар. Бұл ме­ханизм алтынды инвес­тиция­лық құрал ретінде сатуды дамыту үшін қажет. Кедендік одаққа мүше мемлекеттер ха­лықаралық келісім-шарттар негізінде 2010 жылдың 1 қаң­та­рына дейін қа­был­да­ған кедендік баж салығы жөніндегі жеңілдік­тер. Бұл жер қойнауындағы шикізатты иге­ру барысындағы халықаралық мін­деттемелерді орындау үшін қажет. Олимпиядалық және азиялық ойындарды өткізуге қажетті тауар­ларды баж салығынан босату. Кедендік одақтың  негізгі шарттарының бірі, үшінші бір мемлекетке қатысты ортақ сауда саясатын жүргізу болып табыла­ды. Оған ортақ тарифтік емес саясат жүргізу мәселесі де кіреді. Осы мақсатқа орай 2009 жылғы 27 қарашада мемлекет басшылары дәрежесінде өткен Мемлекет­аралық кеңесте “Беларусь Респуб­ли­касы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының кедендік одағында бірыңғай тарифтік емес реттеулер туралы” шешім қабылданды. Іс жүзінде бірыңғай тарифтік емес реттеулерге мыналар енгізіл­ген: 1. Кедендік одақтың комиссия­сы тарифтік емес реттеулер жүргізу туралы шешім қабылдайды, атап айтқанда: -экспортқа тыйым салу; -экспортқа немесе импортқа сандық шектеулер қою; -экспортқа немесе импортқа айрықша құқық беру; -сыртқы сауда саласындағы лицензиялау; -экспортқа немесе импортқа бақылау жасау. 2. Бүгінде Мемлекетаралық комиссияның және Кедендік одақ комиссиясының шешімімен Ке­дендік одаққа мүше мемлекеттер тарапынан тарифтік емес реттеулер жасалатын тауарлардың бірыңғай тізімі бекітілді. 3. Бірыңғай тарифтік емес рет­теу шаралары экспорттық немесе импорттық тауарларды лицензиялау әдісімен жүзеге асырылатын болады. Осы ретте ескертетін бір мәселе, импортқа, экспортқа және транзитке 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін беріліп қойған лицензиялар мерзімі біткенше күшін жоймайды. Ал 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кедендік одақтың мүшелеріне жаңа бірыңғай лицензиялар берілетін болады. 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін рұқсат бойынша жүргізілген тауарлардың импорты, экспорты және транзиті 2010 жылдың 1 шіл­десіне дейін сақталады. Ескертетін жағдай, 2010 жылдың  1 шілдесінен бастап бағалы металдар мен тастар лицензияланатын болады. КЕДЕНДІК  РЕТТЕУ Кедендік одақтың Кедендік ко­дексі 2008-2010 жылдарда ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік одақ құру жөніндегі іс-қимыл жоспарына және 2007 жылғы 6 қазандағы кедендік одақ құру және бірыңғай кедендік аумақ қалыптастыру тура­лы келісім-шартқа сәйкес жаса­лынды. Кодекс қабылдау  Кедендік одаққа қатысу­шы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумақ құру, сонымен бірге сыртқы экономи­калық қызметке қатысу­шылар үшін барынша қолайлы жағдай туғызу мақсатында кедендік үдерістерді жеңілдету және үйлестіру қажеттігінен туындады. Үш мемлекетке ортақ бұл Кеден кодексі Қазақстан Республикасы­ның жетекшілігімен жүзеге асы­рыл­ды. Оның негізіне Киотта хат­та­ма­сы алынған. Кодекс құрылымы 8 бөлімнен, 50 тараудан, 372 баптан тұрады. Жаңа Кодекстің басты мақсаты Кедендік одақта бірыңғай кедендік кеңістік қалыптастыру, Кедендік одақ аумағында транзит үшін ортақ ахуал қалыптастыру, кедендік тіркеулер мен кедендік бақылаулардың күшін жою болып табылады. Сөйтіп, Беларусь, Қазақстан және Ресей барыс жылының ал­ғаш­қы күндерінен бастап экономи­калық интеграцияның жаңа үлгісі ­– тәуел­сіз мемлекеттер арасында ерікті түр­де құрылған Кедендік одақ құрамы­на топтасты. Бұл жаңа құрылым­ның басты артықшылығы, Кеден­дік одақ құрамына ену арқы­лы қазір­гі жаһандану дәуіріндегі бол­жау­сыз экономикалық дауылдарға бірлесе қарсы тұратын болады. Отандық тауар өндірушілер үшін өнім өткізу рыногы ондаған есе ұлғайып, ел экономикасының бәсе­келестікке қабілеттілігі шыңдалмақ.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.01.2019

ШҚО емханалары 100 тонна қағаз үнемдеді

20.01.2019

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 27 жыл толды

20.01.2019

ШҚО Күршім ауданында 6 жастағы бала суға кетіп қалды

20.01.2019

Қазақстанда бала асырап алуға көмектесетін арнайы агенттік құрылады

20.01.2019

Ресейлік «Арктика-М» спутнигі 2019 жылы маусым айында іске қосылады

20.01.2019

Чили жағалауында магнитудасы 6,8 жер сілкінісі болды

20.01.2019

Астанада Жастар жылының ашылуы өтеді

20.01.2019

Экономиканы роботтандыру: қатер ме, мүмкіндік пе?

19.01.2019

Атырауда «Отбасы орталығы» және «Татуластыру орталығы» ашылды

19.01.2019

Мақтаарал ауданында диқаншылық басталды

19.01.2019

Ақтөбе-Атырау тас жолының бойында орналасқан аумақ күрделі жөндеуден өтіп жатыр

19.01.2019

Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 33 шетелдік еліне қайтарылды

19.01.2019

​СІМ басшысы Тәжікстан елшісін қабылдады

19.01.2019

​Қазақстанның Елшісі НАТО Бас хатшысына Сенім грамоталарын тапсырды

19.01.2019

Рейтер: Трамп пен Ким Чен Ын ақпанда кездеседі

19.01.2019

Алматыға Катардан алғашқы жүк рейсі келді

19.01.2019

Ақмолалықтар мүгедектер үшін автобустардың қолайлылығын бақылауда

19.01.2019

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

19.01.2019

Филиппиннің ең бай адамы қайтыс болды

19.01.2019

Қазақстанда «ақылды қала» пайда болды (видео)

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Durystyq joly

Jaqsy kisi ataný, tirshilik-turmys, ómir qubylystaryna oı júgirtý, saralap zerdeleý, fılosofıalyq mádenıet qalyptastyrý, tájirıbe jınaqtaý, durystyq, adamshylyq, izgilik, ádildik, degdarlyq jolynda meıirlenip, berekeli qyzmet jasaý, ulttyń ádebi men qaǵıdattaryn jan-tánińmen qabyldaý – naǵyz tabıǵı abzal qasıet.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Bızneske ıkemdilik qaıdan shyǵady?

Adamnyń bızneske ıkemdiligi qaıdan týady degen suraq kóp adamdy oılandyrady. Árıne, motıvasıa kúshti, ol − aqshany kóp tabý. Isker adamdar eshkimniń aldynda ıilmeıdi, «malyń bolsa syılamaı tura almas el» dep Abaı aıtpaqshy, jurtqa da syıly bolady.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Bas paıda algorıtmi

Bas paıdany oılaý – búkil adam balasyna tán dúnıe. Ár adam balasynyń «ózim degende ógiz qara kúshim bar» degen qaǵıdat boıynsha tirshilik quratyny túsinikti. Biraq adam balasy qoǵam ishinde ómir súretindikten ár adamǵa tán osy qasıetti shektep ustaýǵa, ony qoǵamdyq múddege nemese qoǵamdyq ortada qalyptasqan tártipke baǵyndyrýǵa týra keledi. О́ıtkeni munsyz qoǵam damı almaıdy.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Ońtaılandyrý ońalta ma, omalta ma?

Orta bilim salasyna qatysty taǵy bir ońtaılandyrýdyń qulaǵy qyltıyp, «bul qalaı bastalyp, qalaı aıaqtalady?» degen sansyz suraq kóptiń kókeıin búlkildetip otyr. «Qundylyqtar aýysatyn, shyndyqtar shatysatyn uly ózgerister týysynda ómirdiń ózi karnavalǵa uqsap ketedi», dep Mıhaıl Bahtın aıtpaqshy, bilim salasyndaǵy mundaı reformalardan jurttyń júıkesi juqarý bylaı tursyn, karnavalǵa aınalyp bara ma degen kúdik joq emes. Qabyldanǵan, tolyqtyrylǵan zańdar, ár mınıstrdiń tusynda túzilgen baǵdarlamalar, oǵan bólingen qarjy – «óıtemiz de, búıtemiz» dep keletin jarnamaǵa bergisiz jıyndar, konferensıalar, onda sóılenetin sózder qısapsyz desek, artyq aıtqandyq bolmas.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Úılený men úı bolýdyń arasy

Statıstıka komıtetiniń ótken jylǵy máli­me­tine qaraǵanda, elimizde sońǵy on jylda 1,5 mıllıon jup otaý qursa, osy kezeńde 1 mıl­lıonnan astam jup ajyrasqan. Bul – árbir úshinshi neke buzyldy degen sóz.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу