Орындалмайтын шаруа емес. Қолы қимылдаса аузы да қимылдайтынын халық та ұғып қалды. Жеке кәсібін ашып, жұмыс жүргізуге ынталылар көп. Алайда, әлі шешімін таппаған қиындықтар да жоқ емес.
Жақында Қазығұрт ауданына жолымыз түскен. Сарыағашпен қоңсы қонған ауданда жылыжай өндірісі өркен жайып келеді. Алайда, ауыл, ауданда жылыжайда өсірілетін дақылдардың жай-күйін білетін мамандар қасқалдақтың қанындай қат болғандықтан көбіне Өзбекстан азаматтарын жалдап амалдайды.
«Қазығұрт Нұры» серіктестігінің басшысы Аманжол Әшірбаев «Маман мәселесінде қиындық жоқ. Ауылдың он шақты азаматы жылыжайда жұмыс жасап жатыр. Амандық болса, үш-төрт жылда олар жылыжайда жұмыс жасаудың бар құпиясын үйренеді деп отырмыз. Сыртқа жалтақтағанша өз мамандарымыз жетілуі керек. Бізді қинайтыны жеңілдетілген несиенің жайы. Тағы да екі гектар жерде жылыжай ашуға ниетім бар. Бірақ, алдын ала есептеулер бойынша оған 80-90 млн теңге керек. Ал оны алу қиямет-қайым болып тұр», деп еді. Бұл бір шаруаның басындағы жағдай. Мұндай тығырықтан қалай шығуға болады?
Бұдан Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов жылыжай кооперациясын құру арқылы шығуға болатындығын айтады.
– Кооперацияның заңы бойынша мүшелері жиырма адамнан кем болмауы керек, – дейді ол. – Мүшелікке бұрынғы бар жылыжай иелері мен жаңадан салуға ниеттілерін қосамыз. Сонда жеңілдетілген несиеден бастап жылыжайға бар керекке қолымыз жетеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік дотациямен жыртығын жамап отырған аймақ. Сондықтан, шағын және орта кәсіпті өркендетуге облыс басшысының өзі мүдделі.
Облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындықты тағы бір електен өткізгенде осы мәселе селекторлық кеңесте тағы да пысықталды. Онда баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков егіс көлемін, суармалы жерлерді ұлғайту, интенсивті бау, жаңғақ, жүзім шаруашылығын дамыту, шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын, құс, балық шаруашылықтарын дамыту бойынша индикаторлар аудан, қала әкімдіктерімен келісіліп бекітілгендігін айтты.
Облыста биыл 792,3 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары егілетін болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 мың гектарға артық. Сондай-ақ, 1500 гектарға интенсивті бау, жүзім, жаңғақ отырғызылмақ. Жылыжай көлемі 300 гектарға ұлғайып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қолданылатын болады.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қағаз жүзінде болмауын ескертіп, жылыжайлар көлемін ұлғайтуды тапсырды.
– Біз күзде мол өнім алу үшін, бүгінгі дайындық жұмысы жоғары деңгейде болуы қажет. Барлық аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына өндірістік жылыжайлардың көлемін көбейтуді тапсырамын. Межелі 300 гектарға жеткізу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ондағы мақсат – елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады, – деді Жансейіт Түймебаев.
Бүгінге дейін облыста барлық жылыжайлар көлемі 1123,1 гектарды құрап, республикадағы үлесі 87 пайызға жетіп отыр. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар көлемі 67,7 гектарды құрайды.
Биыл облыста мал шаруашылығы бойынша 45 сүт қабылдау бекетін, 16 мал сою пунктін, 10 құс шаруашылығы кооперативін, 5 565 бордақылау алаңын құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 111 сүт қабылдау бекеті, 56 мал сою алаңы, 33 құс шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарда бар. Сондай-ақ, биыл өңірде 12 796 бас мал бордақылайтын алаң құрылатын болады. Жалпы, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне субсидияның 41 түрі бойынша қолдау көрсетіледі. Бес гектардан көп алма бағына, апорт сортына 7 жыл көлемінде қолдау көрсетілетін болады. Тұқым шаруашылығын дамыту бойынша отандық тұқымдар мен көшеттердің 70 пайызы, шетелдік тұқымдардың 30 пайызы көлемінде субсидия берілмек. Былтырғыдан ерекшелігі 1 гектарға пайдаланылатын тұқым толығымен субсидияланады.
Минералды тыңайтқыштар бойынша отандық және шетелдік минералды тыңайтқыштардың нарықтық құнының ең төменгі түрі бойынша 50 пайызына дейін субсидияланады және былтырғы тұқым пайдалану нормасы шектеуі алынып тасталды.
Шаруаларға өз қожалығын жүргізу барысында қаржылық қиындықтар қолбайлау болатындығын айттық. Олар өз аудан, қалаларындағы несие серіктестіктерімен жұмыс жасағанымен қаржы көп керек жағдайда екінші деңгейдегі банктердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.
Жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрағасы Абай Сарқұловпен кездесуде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ортақ мәселелерді ақылдасып отырып шешудің жолын айтты. Басқосуда «Оңтүстік өнімі» бағдарламасы талқыланды. Бұрынырақта Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзіліп, келісім негізінде қос тарап 500 млн теңгеден жалпы соммасы 1 млрд теңгені Шымкенттегі 4 банктің есебіне аударған еді. Алайда, 8,5 пайызбен берілетін қаржыны үлестіру ісінде қиыншылықтар кездесті. Атап айтқанда, аймақтық үйлестіру кеңесінің сараптауынан өткен кәсіпкерлер ғана аталған несиеге қол жеткізе алады. Шарт бойынша осыған дейін жеңілдетілген несиені индустриялық аумақта өнім өндіретін белгілі бір кәсіппен айналысатын кәсіпорындар ғана алуға мүмкіндік жасалған болатын. Жиында екінші деңгейлі банк басшыларына несие берудің шарттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Әйтпесе, отандық тауар өндірушілер несиелік қаржыға қол жеткізе алмайды.
«Оңтүстік өнімі» бағдарламасы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер тізімін кеңейту керек. Бұл ретте екінші деңгейлі банктерге басымдық беріліп отыр. Сондықтан несие беру шарттарын жеңілдеткен дұрыс», деді облыс басшысы.
Әрине, бір басқосуда барлық мәселелер шешіледі деп айту қиын. Екінші деңгейдегі банктердің тұтынушыға қоятын өз талаптары, сыйақы мөлшері бар. Осы мәселелер толық шешімін тапқан жағдайда шаруаға несие алу мәселесі біршама реттеледі.
«Көктемнің әр күні жылға азық» дейді халық даналығы. Шаруаларға «ананы ек, мынаны ек, мол пайдаға кенелесің» деп ауызбен айтуға ғана оңай. Көктем ерте шығып жеміс гүлдеп тұрғанда аяқ астынан ауа райы бұзылып, үскірік ұратын уақыттар болып тұрады. Жер қатқаққа айналып, мақта шитін бірнеше бұзып еккенде шаруалар қиналғанда, бұл мәселеге Үкімет басшысының өзі келіп жәрдем бергенін білеміз. Сондықтан да, шет елде алдын ала сақтандыру мәселесі қолға алынады. Бұған біздің шаруалар барып жатыр. Жыл он екі ай пайдаға шығуға жылыжайдың мүмкіндігі үлкен. Сондықтан да оңтүстікте жылыжайдың көлемін барынша арттыруға көңіл бөлініп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы
Пікірлер(0)
Пікір қосу