Делегацияны басқарма төрағасы А.Күрішбаев, Басқарма төрағасының стратегиялық жоспарлау, ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары С.Могильный, ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы С.Абдрахманов қарсы алды.
Ректор А.Күрішбаев университеттің халықаралық қызметімен қысқаша таныстырып, бұл кездесу ҚазАТУ қабырғасында ауылшаруашылық саласында жоғары технологияларды дамыту арқылы кең ауқымды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін, осылайша Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді халықаралық қатынастарында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жаңа серпін жасайтынын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақ-Қытай биоқауіпсіздік зертханасының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Зертхана ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын серологиялық, бактериологиялық және молекулярлы-генетикалық (ПТР) диагностикалау мен сапалы анықтауға бағытталған. Сондай-ақ органикалық, Қытайға экспортталатын тағам қауіпсіздігін бақылайтын болады. Құрылған зертхана BSL-2 халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді, бірақ оның құрылымы, барлық инженерлік коммуникациялары мен жабдықтары BSL-3 қауіпсіздік стандарттарына сай жасақталған.
Екі тарап арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясының президенті Танг Хуаджунға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті профессоры атағы берілді.
«Егемен-ақпарат»