Қаржы • 09 Тамыз, 2018

Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылғы 9 тамызда теңге бағамы өткен күнмен салыстырғанда бір АҚШ доллары үшін 354,06 теңге деңгейіне дейін немесе 1,6%-ға әлсіреді. Бұл Ресейге қатысты санкцияларды қатаңдату тәуекелдерінің күшеюі және мұнай бағасының төмендеуі аясында рубльдің құнсыздануының салдары болды, деп хабарлайды Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

Ресей рублі АҚШ долларына қатысты бір күнде 4,2%-ға (63,6-дан 66,3-ке дейін) және еуроға қатысты 4,1%-ға (73,8-ден 76,8-ге дейін) әлсіреді. АҚШ сенаторларының Ресейге қарсы санкциялары жайындағы жаңа заң жобасы туралы ақпарат рубльдің әлсіреуіне себеп болды, ол заң жобасы Ресей Федерациясының мемлекеттік борышын қаржыландыруға және Ресейдің бірқатар жетекші банктерінің мүлкімен мәмілелерге шектеу салуды көздейді. Заң жобасы қабылданған жағдайда ол 2018 жылғы 22 тамызда күшіне енуі мүмкін.

Ресей рублімен болып жатқан ағымдағы ахуал, негізінен, саяси факторлармен түсіндіріледі және нарыққа қатысушылардың күтулеріне негізделеді.
Американың мұнай өнімдеріне Қытайдың баж салықтарын енгізуі мүмкін туралы ақпарат аясында Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 72 долларға дейін төмендеді.

Қазіргі уақытта бағамның белгіленуі Ұлттық Банктің қатысуынсыз жүріп жатыр. Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыр және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздық тудыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдіктерді жүзеге асыруға дайын.