Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Қарағанды облысында жолдарды су шайды

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде су деңгейі көтеріліп, кей жерде арнасынан асып-толып кеткен. Оның ішінде Ақтоғай ауданы Абай ауылы мен Абай ауданы Құлайғыр ауылы да бар.

Қарағанды облысында жолдарды су шайды

Абырой болғанда елді мекендердегі үйлерге су кірген жоқ. Мұнымен қоса, аймақтағы екі республикалық, төрт аудандық маңызы бар жолды су шайды.

Абай ауылында еріген қар суы арнасынан асып, дала жайлап кеткен. Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар үйлерді шайып кетпеу үшін күш салып жатыр. Су арнасын бұрып, қап-қап құм төсеп жүр. Қазір жағдай бақылауда.

Абай ауданында да еріген қар суы мөлшерден көп болып, Құлайғыр ауылына дейін су кірген. Бірақ абырой болып, үйлерді су басу фактісі тіркелмеді. Департамент мамандары мен жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.

Шет ауданы, республикалық маңызы бар «Алматы – Екатеринбург» автожолы Ақсу-Аюлы ауылындағы жол бойынан да су өткен. Ені 150 м, тереңдігі 15 см.

Абай ауданы, «Қызылорда – Павлодар» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде (Красная Поляна ауылы – Құлайғыр ауылы арасындағы учаскеде) судың толып кетуіне байланысты көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Ақтоғай ауданы, «Ақтоғай – Нүркен» аудандық маңызы бар жолдың учаскесі жабық, Ақтоғай ауылы арқылы балама жол бар.

Нұра ауданы, облыстық маңызы бар «Қорғалжын-Баршино-Шұбаркөл-Қызылжар» тас жолында су тасқыны тіркелді. Жолаушылар көлігінің қозғалысы тоқтатылды.

«Қарқаралы ауданы, жолдан судың өтуіне байланысты «Егіндібұлақ-Қоянды-Бүркітті» аудандық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде (Қоянды ауылы – Егіндібұлақ ауылы) көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Қарқаралы ауданы, облыстық маңызы бар «Нұркен – Жаңатоған» тас жолында еріген судың үлкен көлемінің ағуы нәтижесінде ені 10-15 м, тереңдігі 1,5-2 м жол бөлігі пайда болды. Жол учаскесі жабылды, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері кезекшілікте», деп ақпарат таратты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз мамандары.

Қазір жағдай толық бақылауға алынды.

 

Қарағанды облысы