Жануарлар • 29 Наурыз, 2024

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы таныстырылды

35 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп жазады Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы таныстырылды

Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин аталған заң жобасы 2023 жылғы                               19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесінде берілген тапсырмасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін еске салды.

Жиында заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттардың бірі Самат Мұсабаев баяндама жасады. Депутаттың пікірінше, заң жобасын әзірлеуге бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы заңның нақты нәтиже бермеуі негіз болған.

«Қоғамда көптеген қордаланған резонансты жағдай орын алып отыр. Атап айтсам, бұралқы иттер және қараусыз қалған жануарлардың адамдарға, оның ішінде балаларға агрессия көрсетіп, денсаулықтарына нұқсан келтірген. Сайлаушылардың депутаттармен кездесулерінде қолданыстағы заңды қайта қарау жөніндегі талаптары да бар. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желілерде қоғамның бұралқы және қараусыз қалған иттердің мәселесін жиі көтеруі себеп болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жануарларға қамқорлық жасауымыз керек, бірақ олардың адамдарға, әсіресе, балаларға қатысты агрессиясына жол бермеу керекпіз», деді С.Мұсабаев.

Тк

Осыған байланысты, депутаттар тарапынан заң жобасына біршама ұсыныс енгізілген.

«Біріншіден, жануарларды есепке алудың бірыңғай электрондық базасын орталықтандыру. Екіншіден, жануарды уақытша ұстау орнына орналастырғанға дейін жануардың иесіне одан бас тартуға тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ жануардың иесіне оны далаға тастамай, уақытша ұстау орнына өткізуді міндеттеу. Үшіншіден, жануарлар агрессия танытып, шабуылдаған жағдайларда жергілікті атқарушы органдардың осындай оқиғаларға шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру міндетін белгілеу. Төртіншіден, ауруға шалдыққан, агрессия көрсететін, зооқорғау ұйымдары мен өзге де тұлғалар тарапынан орнастырылмаған және талап етілмеген жануарлардың санын реттеу үшін, егер олар бұралқы иттер болса 15 күн ішінде, ал егер олар қараусыз қалған жануарлар болса 60 күн ішінде эвтаназия қолдану секілді нормалар қарастырылған», делінген Мәжіліс баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары мен қоғам өкілдері қызу пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетұлы, «Animal Law ПЮК «KazBar» комитетінің басшысы Ольга Ченцова, Ұлытау облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы Бодықов Еркебұлан, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Амангелдіұлы Махамбет және тағы басқалар бұралқы иттер мәселесіне қатысты ойларын тарқатты.

Рко