Волонтер • 29 Наурыз, 2024

«Жастар Рухы» еріктілері тасқын судан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созды

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жастар Рухы» Жастар қанаты қызыл судан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жастар Рухы» еріктілері тасқын судан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созды

Мәселен, көкшетаулық волонтерлер мектеп жертөлелерін судан арылту, сору шараларына жұмылдырылды. Осындай жұмыстар облыстың тасқын судан зардап шеккен аудандардың барлығында атқарылып жатыр. Сондай-ақ еріктілер аймақтарды қардан тазарту жұмыстарына да тартылды. Әсіресе жалғызбасты қарттардың үйлерін су тасқынынан алдын алу үшін аула маңын мұз бен қардан тазартып жатыр.

Ал Абай облысында көпірдің құлауына байланысты Бозай елді мекеніне кіріп шығу мүмкін болмағандықтан, арнайы техника арқылы азық-түлік пен басқа да керекті жабдықтар жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар еріктілер тұрғын үйлерге судың кіріп кетпеуі үшін құм толтырылған қапшықтардан бөгеттерді орналастыруға көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнында 30-ға жуықерікті қол ұшын созып жүр.  
Ок

«Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова апат басталғалы бері аймақтарда волонтерлер түрлі бағытта көмек көрсетіп жатқанын айтты.

«Жастар қанатының аймақтық филиалдары су басқан орындарда қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылса, екінші өңірде қала маңындағы өзендердің тасып кетпеуін алдын алып, бөгеттер жасап жатыр. Одан бөлек рухтастар гуманитарлық көмекті шалғай ауылдарға жеткізуді қолға алды. Күні-түні жұмыс жасап, халықты эвакуациялауға атсалысып жатқан волонтерлердің де еңбегін ерекше атап өту керек», деді ол.

Тк

Жастар қанатының ақтөбелік волонтерлері бүгін түнде 1584 тұрғынды эвакуациялады. Ал Батыс Қазақстан облысында шалғай орналасқан елді мекендерге 3 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізіліп, тұрғындарға табысталды.

Тасқын су жүрген 5 аймаққа – Абай, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарының еріктілеріне арнайы киім жабдықтары жолданды. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, еріктілердің денсаулығы басты орында тұр.

Ақмола облысының волонтері Серік Танатбаевтың айтуынша, зардап шеккен отандастарымызға қолдан келген бар көмек көрсетіліп жатыр.

«Апат болған уақыттан бері осындамыз. Төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауымен су басқан үйлерді судан тазарту, тасқын судың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» су тасқынының алғашқы сағатынан-ақ жергілікті тұрғындарға көмек беріп жатырмыз. Жастар қанатының волонтерлері ел басына күн туған жағдайда әрдайым халыққа көмек беруге дайын», деді ол.

Ив

Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілікте жүрген Ақмола және Абай облысының төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне Жастар қанаты «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен ауызашар уақытында ыстық тамақ үлестірілді. Абай облысы Аягөз ауданында су деңгейінің жоғары болуына байланысты тамақтар арнайы қайықтар арқылы жеткізілді.

«Biz Birgemiz» ҚҚ жетекшісі Қайрат Перизат осынау қасиетті айда тыңбай еңбек етіп жатқан батырламызға ерекше алғыс білдірді.

«Апат айтып келмейді. Су тасқыны халықты әбігерге түсіріп, төтенше жағдайлар қызметкерлері қанша күннен бері тынымсыз еңбек етіп жатыр. Міне, біз де белсенділермен бірге сол азаматтарымызға ауызашар ұйымдастырдық. Еліміздің өңірлеріндегі жағдай тез арада реттеліп, зардап шеккен халық өз шаңырақтарымен қайта қауышса екен дейміз», деді Қ. Перизат.

Бүгінгі күні қызыл су жайлаған аймақтарға «Жастар Рухының» 350-ден аса еріктілері қол ұшын созып жатыр.

Ок