Сараптама • 09 Сәуір, 2024

Инвесторды ауыстырғаннан не ұтамыз?

181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кезде еліміздегі үш алпауыт мұнай-газ кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың белгілі бір үлесін сатып алу үшін ресейлік инвесторлардың Батыс бұғаттап тастаған миллиардтаған долларды пайдалануы туралы сөз қозғала бастады. Бұл әрине, аса күмәнді әрі қауіпті ұсыныс, десе де мәселеге сәл тереңнен үңіліп көрейік.

90-жылдары Теңіз, Қашаған және Қара­шы­ға­нақ мұнай-газ кен орындарының әрқай­сы­сы­мен 40 жылға келісімшарт жасалды. Теңізбен келі­­сім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады. Сол мерзімдер біткеннен кейін де оларға тиіс­пе­ген жөн деп есептеймін. Мәселен, молдован биз­несмені Стати ісі Қазақстанды қиын жағ­дай­да қал­дырды. Соттасып жатқанына 10 жылдан асты. Бір сот бітсе, екіншісі бас­та­лады. Өйткені бизнесмен Анатолий Стати халық­аралық тәуелсіз сотқа жүгінген. Мына үш ірі кен орнының келісімшартында да «егер қан­дай да бір келіспеушілік туындайтын болса, біз жергілікті сотты мойындамаймыз, ісіміз Лон­дондағы тәуелсіз арбитражды сотта ғана қара­лады» деп жазылған. Сондықтан олармен арадағы келіспеушіліктің туындағаны бізге қажет емес. Туындай қалса, біздің жеңіліп қалу ықтималдылығымыз жоғары.

Үш кеніш те аса күрделі кен орны саналады – тым тереңде орналасқан және ондағы қысым мен құрамындағы күкірт деңгейі өте жоғары. Сондықтан ол жерлерді ойдағыдай игеру үшін үлкен көлемде инвестиция салынып, озық технологиялар мен білікті мамандар керек еді. Бұл компаниялармен келісім жасалған кезде елімізде ақша да, технология да, маман да болған жоқ. Сондықтан біз олардың шарттарына көнуге мәжбүр болдық. Келісім жасасып жатқан кез – еліміз үшін тым қиын кездер еді, тиісінше біз қолда бардың бәрін саттық. Кейін сыни тұрғыдан ойлап көрсек, неліктен бәрін сатып тастадық екен деп ойланамын. Мәселен, сол кезде Теңізде «ҚазМұнайГаз»-дың 25 пайыз үлесі бар еді, соның 5 пайызын «ExxonMobil»-ға 1 млрд дол­ларға сатып жіберуге мәжбүр болды. Қашаған мен Қарашығанақты бір жыл ішінде беріп жіберді. Әуелі, аңысын аңдап, біреуін бере тұрсақ қайтер еді? Жалғыз олар емес, басқа да ұсақ-түйек кен орындары сатылып жатты ғой, солардың ақшасын неге кәдемізге жарата тұрмадық? Неге жаппай саттық? Меніңше, осындай ұтылыстың бірден бір себебі – еліміз тарапынан келіссөзге мықты экономист, заңгерлердің қатыспауы болды. Сол кезде кен орындарын геологтер басқарды, олар кейін туындайтын экономикалық тәуекелдерді аңғара алған жоқ. Салдарынан біз үшін өте тиімсіз келісімдерге қол қойылып кетті.

Бірақ мойындау керек инвесторлар үш кен орнын жо­ға­ры деңгейде игеріп отыр. Ондағы инновациялық-технологиялық мүм­кін­дік­тер­дің жүзеге асырылуы, еңбек қауіп­сіздігінің сақ­та­луы, жұмыс этикасының қалып­та­суы, адам еңбегінің бағалануы бәрібір басқа кен орындарынан әлдеқайда озық. Олар жыл сайын мұнай өндіру көлемін арттырып келе жа­тыр. Елімізде оларға пара-пар деңгейде кен орнын игеріп, қызметкерлеріне жағдай жасап отыр­ған компания таба алмаспыз.

Ал осындай орындардың үлесін ресей­лік­терге берейік деудің астарында не жатуы мүмкін? Үш кен орны да өнімдерін толықтай шетелге экспорттайды. Ішкі нарыққа бір тамшы мұнай бермейді. Әу бастағы келісімде солай жазылған. Қалған компаниялар болса, өнімдерінің белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа жіберуге міндеттелген. Ал ішкі нарықта жыл санап мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі өсіп келе жатыр. Осы қарқынмен кете берсе, онда болашақта аталған үш кен орнын да мұнайының бір бөлігін ішкі нарыққа жіберуге міндеттеуге тура келеді. Әйтпесе елімізде тапшылық басталып, оның соңы үлкен әлеуметтік қиындыққа әкеліп соқтырады. Бәл­кім, осы түйткілді шешудің бір амалы ретінде осындай әңгіме қозғалып жатқан сияқ­ты. Өйткені ол компаниялар кесімді мер­зім таяғанда «Қазақстан үшін зауыт саламыз», «Қазақстан үшін әлеуметтік жобаларға көбі­рек қаржы бөлеміз» деп кетпеудің жолын қа­рас­­тыра бастауы мүмкін. Сондықтан бұл ел билігінің «егер ішкі нарыққа мұнайдың бір бөлі­гін жөнелтетін болсаңдар, біз сендерге тиіс­пей­міз, басқа акционерлерді араластырмаймыз» деген белгісі болуы да ғажап емес.

Ал егер расымен инвестор ауыстырғымыз келсе, ол кен орындарының үлесі ең бірінші ке­зекте елімізге өтуі керек. Әрі қарай кімге бере­рін Қазақстан өзі шешсін. Ресейдің шетелде «қаңтарылған» активтерін біздің кен орында­ры­на алмастыруға кім рұқсат берді? Осы жерде не Үкі­мет, не Энергетика министрлігі, не «Самұ­рық-Қазына» шығып бір ауыз сөз айтуы керек еді. Өйткені үш кен орны инвесторларында үрей туындады ғой, ал оны ешкім басқан жоқ, жұ­бат­қан жоқ. Бұл дұрыс стратегия емес.