Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Көгентүп

27 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кішкентай, пысық қоңыр қошақан сүп-сүйкімді екен. Өзі қолдан-қолға тұрмайды. Есік алдындағы дөңнің үстінде асыр салып ойнады. Бес жасар Бек­сұлтанды қуалап жүр. Қала баласы қошақанды тұңғыш көріп тұрғандықтан, әуелі жанына баруға жүрексінгенімен, бірте-бірте еті үйреніп, маң­дайынан, жон арқасынан аялы алақанымен сипап, еркелетеді. Қошақан да баланың ниетін ұққандай айналсоқтап жанынан шығар емес.

Көгентүп

Суретті түсірген – Алмас МАНАП, «EQ»

– Адам болатын бала осындай малға үйір болады, – деді жиен ағамыз Қайыртай. – Өзі бір малжанды болайын деп тұрған бала екен. Осы қоңыр қошақанды атадым. Көгентүп болсын.

Жолсерігіміз Қайыртай ақ­сақалға ұмсына қараған. Та­­ңырқаған бет-әл­петінен кө­ген­түп­тің не екенін ұқ­паған­ды­ғы аңғарылып тұрды.

– Ескінің ырымы, – деген жи­ен аға, – босағадан алғаш рет аттаған ет жақын ағайынның балдырғандарына осылай мал атау ырымы бар. Әдетте малды, жанды әулеттің жасап жа­татын сыбағалы дүниесі. Кей­біреулер ырыс ауып, құт көшіп кетеді деп тартынып жатады. Онда тұрған ештеңе жоқ, ілкі заманда дархан даланың даналығын бойына жинаған атамыз «елде болса, ерніңе тиеді» деген сөзді неге айтты дейсіз? Ағайында болса жаман ба? Біздің үйдің босағасына біткен азын-аулақ дәулеттің бір парасы жанашыр жұрт нағашыға ауып жатса, жаман емес қой. Дүние деген  көздің құрты болғанымен, бір тостағанның ішіндегі су сияқ­ты толықси толқып, араласып жатпай ма? Тек ниет түзу бол­сын.

Бексұлтан атасының құр­метіне дән разы. Бала көңіл ба­йыптап ұқпаса да, ойда жоқ­та малды болғанына мәз.

– Қоңыр қозыны үйге алып ке­темін, – дейді маңдайынан тер шыпшып.

– Қоңыр қозым-ау, оны қай­­да ба­ғасың? Балконға ма? – дейді анасы.

Атасының ақжарма тілегін, жақсы ырымын анасы да теріс көріп тұрған жоқ. Ал­ғанды кім жек көрсін?

– Бексұлтанның өзі ен салып кетсін, қо­шақан қайда қа­шар дейсің, өскен соң ала­сың ғой, – дейді атасы.

Қутыңдаған қоңыр қозымен бір­ге жатып, бірге тұрмаққа бе­кінген Бексұл­танның көңілі пәс.

– Ілкідегі атамыздан қал­ған жо­рал­ғыда аталған малды бер­­мей қалатын жай на­ғыз қа­рау­лық болып саналса керек, – дей­ді атасы Бек­сұл­­танның маң­да­йынан сипап. – Он­дайды да көр­­­генбіз. Атап тұрып бермей қалса, са­­раң­­дығы, жат­бауыр­лығы.

Ата жолын сақтаған жиен ағаның жоралғысы кішкентай Бексұлтанды ғана емес, бә­рі­мізді де тебірентіп жіберді. Мә­селе тіпті бір уыс қозыда ғана емес, ат мініп, атан жетектеп жүр­с­ек те, арыдағы ата жолы, өне­гесі адамның ішін уылжытып жі­береді екен-ау.

 

Көкшетау қаласы 

Соңғы жаңалықтар

Көрдік біз барып Күршімді

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Көкшедегі 16 мың көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:40

Абайдың жаңа әні табылды

Абай • Бүгін, 07:35

Аңдатпа: «Абай»

Аңдатпа • Бүгін, 07:30