Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Қайырымдылық заң аясында жасалуы қажет

64 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір құзырлы органдар елдегі су тасқынымен қатар, алаяқтармен де күресіп жатыр. Өйткені халық басына іс түскен қиын-қыстау уақыт­ты «ұтымды» пайдала­нып, «аңқау елге арамза молда» бо­­­лып отырғандар тіпті әкім-қара­лар­­­дың атынан қаржы жинауға көш­­кен. Құзырлы орган қарапа­йым ха­­лық­ты WhatsApp, Telegram мес­­­­сенд­жерлері арқылы таралып жат­­қан жалған ақпаратқа се­н­беу­­ге, күмәнді сілтемелер бойын­ша өтпеуге, сондай-ақ қаражат аудар­­мауға шақырады.

Қайырымдылық заң аясында жасалуы қажет

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Әкімдер аккаунтындағы алаяқтық

Алаяқтар алдымен Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан мес­сен­д­жерлерде қаржы жинау туралы ақ­парат таратқан. Үкіметтің баспасөз қыз­меті лезде мұны «жалған хабарлама» деп мә­лімдеп, интернеттегі алаяқтардың ісі екенін айтты.

Бұдан соң Түркістан облысының әкі­мі Дархан Сатыбалды, Алматы облы­сының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қара­ғанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлек­паевтың атынан тұрғындарға хабарламалар жіберілген. Аккаунттарға облыс басшыларының фотосуреттері қойылған.

«Бірнеше күннен бері WhatsApp мессенджерінен менің атымнан бірқатар азаматқа хабарламалар жіберілген. Менің Instagram мен Facebook желісінде ресми аккаунттарым бар екенін еске саламын. Жеке телефонымнан және ресми аккаунттарымнан хабарламаларды өз нө­міріммен, оны жасырмай жіберемін. Сондықтан, егер сіз менің атымнан, менің фотосуретім бар нөмірден қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, алайда нөмір жасырылған болса, онда бұл алаяқтар. Сіздерден сақ болуды сұраймын», деп жазды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Instagram парақшасында.

Алматы және Қарағанды облыста­рының баспасөз қызметі де бұл алаяқ­тардың іс-әрекеті екенін ресми мәлім­деді. «Мессенджерлерде алаяқтар өз­дерін облыс әкімімін деп таныстырып жатыр. Тұрғындардан мұндай хабар­ламаларға сенбеуді және күмәнді сіл­темелерді баспауды сұраймыз. Атал­ған факті Қонаев қалалық полиция бас­қар­масында тіркелді. Қазір тергеудің то­лық­тығын, жан-жақтылығын және объек­тивтілігін қамтамасыз ету мақсатын­да процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Алматы облысы әкі­мінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова.

 

Заңды назарға алмай отыр

Жұрт селмен арпалысып жатқанда мұндай алаяқтықтың көбеюіне еліміз­де қайырымдылық жасау мәдениетінің қалыптаспағаны, азаматтардың заң аясында әрекет етпеуі себеп. Бұлай деуіміз­ге негіз бар. Қазір мұқтаждарға көмек қо­лын созғысы келетіндердің көбі әлеумет­тік желілердегі парақшаларында өздері­нің жеке есеп-шот мәліметтерін жариялап халықтан жылу жинау арқылы әрекет етеді. Бұған әлеуметтік желіде күнде куә болып жүрміз. Әсіресе танымал әнші-биші, айтыскер ақын, блогерлер мұндай «жұмысты» еш қымсынбастан атқарып отыр. Әрине, қол ұшын созып, көмек берген дұрыс, бұл – әр адамға тән ізгі амал, қасиет. Алайда бет алды бұқара халыққа жүк артып қойып қайырымды іс жасау заңға қайшы келерін есте ұстаған жөн.

Кез келген дамыған қоғамда қайырым­дылық көрсету заңмен реттеледі, мұн­дай істі ереже-талаптарға сүйене отырып атқару қажеттігі көрсетілген. Біздің мем­лекетте де солай. Елімізде бұл ережені көбіне жеке тұлғалар бұзып отыр. Күні кеше елдің бірнеше облысында сел жүріп ауыл-аймақ суға кеткенде халыққа қайырымдылық ұйымдарымен қатар жеке тұлғалар да қол ұшын беруге ұмтылды. Бірақ өз қаржысынан емес. Мәселен, танымал өнер адамының бірі әлеуметтік желіде жеке есеп-шотын жа­зып, жиған-тергені, мал-мүлкі суға кетіп қалжырап отырған халыққа ақша жинауды ұсынды. Жиналған қаржыға зардап шеккен аймақтың біріне барып тұрғындармен кездесіп, көмек бер­мек. Әрине халық өзі қолпаштап өсірген, өне­ріне тәнті болған әншінің қолдауына разы болар еді. Десе де оның бұл әрекеті заңға қайшы. Заңгерлердің мәлімдеуінше, әрбір қайырымдылық іс, әсіресе қаржылай көмек елде ресми тіркелген арнайы қор­лары арқылы жасалуы қажет. Қанша аты ел­ге белгілі өнер адамы, спортшы, бло­гер болса да, олар – жеке тұлға (ресми тір­келген қайырымдылық қорлары болмаса).

«Қазақстанда қайырымдылық қызме­тін жүзеге асыру «Қайырымдылық тура­лы» заңмен реттеледі. Жеке тұлғалар, со­ның ішінде қайырымдылық қызметпен айналысқысы келетін блогер, әншілер заңда көрсетілген талаптарды сақтап, мұқ­таж жандарға көмектесуге бағытталған әртүрлі жобаларды, бастамаларды және ұйымдарды қолдай отырып, қоғамдық игілікке үлес қосуға мүмкіндігі бар. Егер қайырымдылықты ақша жинау арқылы жүзеге асыратын болса, олар белгілі бір ресми тіркелген қайырымдылық ұйы­мымен немесе қайырымдылық көмек алу­шымен шарт жасасуы қажет. Құжат­та қайырымдылық көмек көрсетудің мақ­сатын, қайырымдылық көмектің барлық мүмкін болатын мөлшерін қоса алғанда, ақшалай түрде нақты белгілеуді ұсына­тын салықтар, қайырымдылық көмек көрсету тәртібі, тараптардың жауапкершілігі, ­сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңна­ма­ны сақтау жөніндегі ережелер, дауларды шешу тәртібі, қайырымдылық көмегін алушының шартта алдын ала белгіленген мақсатты іске асыру үшін ақша қаражатының жұмсалғанын растайтын есепті және өзге де құжаттарды, оның ішінде бухгалтерлік құжаттарды ұсынуы қажет», дейді заңгер Нұрбақыт Қален.

Жеке тұлғаның қаржылай қайырым­дылық жасау жолдарын түсіндірген заң­гердің айтуынша, тиісті келісімшарт жас­ас­пай қаражат жинайтын блогер немесе өзге де жеке тұлға қылмыстық жа­­уапкершілікке тартылады. Демек жо­ғарыда айтылғандарға сүйене отырып, жеке тұлғалардың, соның ішінде өнер адамдарының ақша жинауы шектеусіз және жауапкершіліксіз еркін әрекет емес. «Блогерлер мен жеке тұлғалар те­ріс салдарды болдырмау және олардың мүд­делерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін заңнамада белгіленген талаптарды қатаң сақтауы керек», деп қосты заң маманы.

Қазақ тілі мен салтын насихаттап жүретін танымал блогер Алексей Лодоч­ников те қайырымдылықты желеу етіп, жеке шоттарына халықтан қаржы жинайтын әріптестерінің мұндай әрекетін сынға алды.

«Қазір еліміздің бірқатар айма­ғында су тасқыны болып жатыр. Барлығы жи­нақ ашып жатыр. Әсіресе блогерлер. Не үшін керек осы жинақтар? Үкімет қи­раған үйлерді тұрғызып береміз, көмек береміз деп отыр халыққа. Мемлекет тара­пынан барлық көмек көрсетіліп ке­леді. Еріктілер де жұмыс істеп жатыр. Ірі бизнестер миллиардтап ақша бөліп жатыр. Меніңше, жетеді. Блогерлер кедей халық емес. Instagram-ды ашып қа­ра­сақ, кейбірінде бес машинадан бар, оны өздері мақтаныш тұтады. Ха­лық сіздер сияқты миллиондап ақша таппайды. Олар салықтарын төлеп жатыр. Халықты жинақпен әлекке саласыздар. Миллиондап жиналған ақшаның есебі берілмейді. Соның арқасында біреулер байып жатады. Сондықтан жинақ дегенді доғару керек», деді А.Лодочников.

 

Қайырымдылық ұйымдары – экономиканың үлкен секторы

Осы орайда өзге мемлекеттердің мы­салын келтіруге тура келеді. Әсіресе АҚШ, Батыс елдерінің тұрғындары заң­ның құлы. Шетелде де адамдар қа­йырымдылық жасауды парыз, ізгі амал деп біледі. Бірақ бұл игі істі тек заң аясында жүзеге асырады. Әсіресе танымал тұлғалар, блогерлер ешкімнен ақша жи­намай, өздерінің тапқан қаржысын қайырымдылыққа тұрақты түрде аударып отырады. Көбінің қайырымдылық қорлары бар. Кейбірі өзге қайырымдылық қорларына аударып отырады. Мәселен, канадалық актер, кинорежиссер, музыкант Киану Ривз жануарлар құқығын қорғайтын РЕТА сияқты қайырымдылық қорларына миллиондаған доллар аударады. Сондай-ақ ол онкологиялық ауруларды зерттеуге бағытталған «Stand Up To Cancer» педиатриялық клиникасына тұрақты түрде қаржылай көмек береді. Ал әлемге әйгілі актер Брэд Питт 2005 жылы түрлі апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған «Make it Right» қайырымдылық қорын құрды. Осы уақыт ішінде қор қаржысына баспаналар тұрғызылып, 100-ге жуық ғимарат салынды.

Ұлыбританияда жеке адамдар да, ком­паниялар да үнемі қайырымдылық жасайды. Қайырымдылық есебінен бизнес ұйымдары салық жеңілдіктеріне ие болады.

«Дамыған елдерде қайырымдылық­қа қатысты жанжалдар сирек кездеседі. Ұйымдар бәрін заң аясында іске асы­руға тырысады. Ұлыбританиядағы қайы­рымдылық ұйымдары – жұмыс орындарын қалыптастыратын экономиканың үлкен секторы. Мәселен, 2019 жылы 166 мыңға жуық түрлі коммерциялық емес ұйым тіркелді. Оларда 900 мың­нан астам адам жұмыс істейді. Ал 2017-2018 жылдары Британия экономикасы қайырымдылық ұйымдарынан 18 миллиард фунттан астам пайда тапты. Көп жағдайда жоғары көрсеткіштерге жүйенің ашықтығы арқылы қол жеткізіледі. Кез келген қорды үкіметтің веб-сайтында әрбір коммерциялық емес ұйымның есебін «Charity Commission» бөлімінде тексеруге болады. Бұл сенімді қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай ұйымдар қоғам мен мемлекет арасындағы жолсерік», деді Ұлыбританиядағы «Gift of life» қорының директоры Анна Джиллингс-Можутина ВВС-ге берген сұхбатында.

Қоғамның қай саласында да заң аясында іс-әрекет етпесек, аңқау елге арамза молданың кейпінде алаяқтардың сан түрлі айласына алданып отыратынымыз хақ.

Соңғы жаңалықтар

Көрдік біз барып Күршімді

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Көкшедегі 16 мың көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:40

Абайдың жаңа әні табылды

Абай • Бүгін, 07:35

Аңдатпа: «Абай»

Аңдатпа • Бүгін, 07:30