Су тасқыны • 17 Сәуір, 2024

Елді алаңдатқан екінші толқын

59 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірде су тасқынының алғашқы күндеріндегідей дүрмек жоқ. Қазір үйлерде су да, жарық та бар, алайда ауызсуды ішуге болмайды. Сондықтан таза ауызсу іздеп жүргендер көп.

Елді алаңдатқан екінші толқын

Дегенмен өмір бойы тір­нек­теп жиған дүние-мүлкі суға кеткен адам­дар­дың бойында күрсініс бар. «Был­тыр ғана несие алып, үйімізге жөн­деу жасатып едік. Анау төбесі қызыл шатырлы үй біздікі», деп күрсінді қырық жас шамасындағы келіншек еңселі үйді көрсетіп. Жанындағы жолдасы дүрбімен қа­рап, үйінен көз алмай тұр, еш­кім­мен сөйлесуге құлқы жоқ.

«Қызылжар су» ЖШС сору стансасы істен шыққан соң, екі тәуліктің ішінде көлден 900 метр құбыр тартылып, қосалқы станса салынды. Одан алынған су «Қызылжар судың» тазарту жарақ­та­рына құлатылып, тазартылған соң, әрі қарай қалаға жеткізіледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бұл жұмысты ешқандай жобалық-сметалық құжаттар дайындамай-ақ қиын жағдай болған соң, екі күннің ішінде жедел іске қосқандарын айтты.

«Осы жұмысты өте аз уақытта атқарып шыққан мердігер ұйым­дар­ға, жабдықтарды жедел жет­кізіп берген компанияларға алғыс айтамын. Инертті материалдар толтырылған қапшықтарды жеткізуге атсалысқан ТЖД, ПД қызметкерлері мен волонтерлердің еңбегі ұшан-теңіз», деді ол.

ТЖД-ның соңғы мәліметіне қарағанда, жалпы облыс бойынша 2 123 үй су астында қалды. Соның 1 105-і – Петропавл қаласында, 112-сі – Есіл ауданында, 867-сі – Қызылжар ауданында, 2-3-тен  Шал ақын мен Тимирязев аудандарында. Ауылдар арасында ең көп сорлағаны – әрқайсысында 200-300 үйден су астында қалған Тепличный мен Прибрежный ауыл­дары. Петропавл ірге­сін­де­гі ең үлкен елді мекен Бескөлде 115 үй су астында қалды.

10 345 адам эвакуацияланды, оның ішінде 2 328-і – бала, 102-сі мүгедектігі бар жан. 9 629 адам өздігінен баспана тапты, олардың негізгі бөлігі туған-туыстарының үйіне орналасты. Ал эвакуациялық орталықтарда 672 адам жатыр. Тасқыннан құтқарылған малдың жалпы саны – 3 805, соның 764-і – қара мал, 458-і – жылқы, 2 189-ы – ұсақ мал.

Сергеев суқоймасындағы дең­гей бір тәулікте 8 см-ге түсті. Ал Петропавл суқоймасындағы дең­гей осы уақыт аралығында 32 см-ге көтеріліп, кеше кешке 1 228 см-ге дейін жетті. Ең үлкен деңгейі 940 см еді, су одан 90 см-ге дейін биіктеп кетті. Сергеевка мен Петропавлдың арасындағы ауыл­дарда Есілдің деңгейі біршама төмендеді. Мысалы, Покровкада – 22, Новоникольскіде 15 см-ге дейін түсті. Керісінше, Петропавлдан төмен­гі ауылдардағы су деңгейі көте­рі­ліп келеді. Мысалы, Қызыл­жар ауданына қарайтын Долматов аулындағы Есілдің дең­гейі бір тәулікте 84 см-ге арт­қан. ТЖД жедел штабының мәлі­метінше, Есілдің суы Пет­ро­павлдан төмен орналасқан 15 ауылды басу қаупі бар. Қа­зірдің өзінде Большая малышка, Якорь ауыл­дарына су кірді. Одан әрі осы ағыстың бойындағы ең үлкен ауыл Соколовкаға да су жетеді. ТЖ жедел штабының басшысы Аслан Ахметжановтың айтуы­на қарағанда, қазір бұл ауыл­­дар­ тұрғындары мен малы эвакуа­цияланып жатыр. «Соколовка аулына апаратын республикалық маңыздағы тасжолды су шаятын шығар. Біз оны беріктендіріп, су ағатын құбырларды тазалап жатырмыз. Бірақ тасқын оған қарамайтын секілді», дейді ол. Сонымен қатар ол судың Барнёвка, Кустовое, Вагулино, Ольшанка, Вишнёвка және т.б. ауылдарға кіруі мүмкін екенін айтты.

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, алғашқы толқынның ең биік нүктесі 17–18 сәуірде аяқталады. Ал екінші толқын қазір Ғ.Мүсірепов ауда­нында бас­талып жатыр. 15 сәуір күнгі түсте ондағы судың деңгейі қайта көтеріле бастаған. Ертесіне толқын Сергеевка суқоймасына жетіп, су деңгейін қайта көтере бас­тайды. Есіл ауданындағы Покровка аулында өзеннің деңгейі 18–23 сәуір, Қызылжар ауданындағы Новоникольск селосында 20–25 сәуір аралығында қайта көтеріледі. Екінші толқын Петропавл қала­сына болжаммен сәуірдің 22-сінде жетіп, 27-сіне дейін болуы мүмкін. Бұл жолы қала­ға қанша су келетінін болжау қиын.

Тасқынның шыжығымен бірге бір қызық жайттар да туып жатыр. Өмір бойы көліктен түспей, тәртіп бұзушыларды қуатын Солтүстіктің полицейлері су Петропавлға алғаш жақындағанда атқа мініп, эвакуацияға көнбеген адамдарды салт атпен қуған еді. Өйткені бұл аудандардың жолы тар, көліктің айналып жүруіне ыңғайсыз. Енді қалаға су кіріп, Ойқала, Тері зауыты, Заречный, Тепличный, Прибрежный, т.б. шағын аудан­­дар­дағы тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері қайыққа мінді. Қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, полицейлер қайықты оңай меңгеріп алған. Оны жергілікті атқару органдары берген екен, қайықтың сыртына «полиция» деген сөзді де жазып алыпты. «Тек суда келе жатқанда су бетінде қалқып жүрген жиһаздар резеңке қайықты тесіп кете ме деп қорғаншақтаймыз, әйтпесе моторлы қайықпен барлық су басқан өңірге жетіп, тәртіпті бақылап жүрміз», дейді ол.

Қызылжар ауданының су бас­қан ауылдарының кейбір тұр­ғындары өтемақы алудың кезегінде тұрғандарын көрдік. Осы жерде тұрғындардың құжаттарын дұрыс толтыруына көмектескен волонтерлер де жүр. Тұрғындарға өтінішпен қатар жеке куәлігі мен банк шотының нөмірі ғана керек. Облыстың Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласы тұрғындарына – 200 АЕК, қалған аудан тұр­ғындарына 100 АЕК көлемінде өтемақы төленеді. Өтініш бергеннен кейін бұл төлем 8–10 жұмыс күнінде түседі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Көрдік біз барып Күршімді

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Көкшедегі 16 мың көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:40

Абайдың жаңа әні табылды

Абай • Бүгін, 07:35

Аңдатпа: «Абай»

Аңдатпа • Бүгін, 07:30