Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Ауыр техникалар жөнелтті

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге елдің түкпір-түкпірінен көмек легі толассыз ағылып жатыр. Гуманитарлық көмектен өзге, ауыр техникалар аса қажет болып тұр. Осы орайда Қонаев, Алматы қалаларындағы стансалардан Батыс Қазақстан облысына жөнелтілетін арнайы және инженерлік техникалар тізбегі жасалды.

Ауыр техникалар жөнелтті

Фото: rail-news.kz

Алматы облысынан жиналған техникалар құрамында жүк көлігі, трактор, су тасығыш және моторлы қайықтар бар. Техниканы жөнелтуге дайындық жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері, 32363 әскери бөлімінің 55 әскери қызметкері атсалысып, Қонаев қаласының әкімдігі қажетті материалдарды қамтамасыз етіп, жабдықтарды платформаға тиеді.

Сонымен қатар елімізге танымал «Маревен Фуд Тянь-Шань» серіктестігі, жеке кәсіпкер Арсамақов су басқан өңірлерге бара жатқан жүргізушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.

«Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен Қонаев және Алматы қалаларының стансаларынан Батыс Қазақстанға жалпы саны 166 арнайы техника жіберілді. Жақын маңдағы өңірлерден Алматы облысы жалдаған 41 техника апат аймақтарында жұмысын бастады. Жақында 60 техника, ішінде 4 қайық тиелген 47 платформа жолға шықты. Сонымен қатар 65 техника платформаларға тиеліп жөнелтуді күтіп тұр. Әр по­йыз дайын болған бойда жөнелтіліп отырады. Әр техникаға жүргізуші тағайындалып, олар да пойыздың басындағы жолаушылар вагонына орналасқан. Бұл іс-шараға облыс кәсіпкерлері, коммуналдық қызметтер мен облыстық басқармалар, сонымен қатар шаруа қожалықтары қатысып жатыр. Халқымызды қиын жағдайдан қайткенде аман алып шығуға атсалысамыз», деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

Айдың басында облыстық төтенше жағдайлар департаменті Атырау қаласына 33 жеке құрам мен 13 техника аттандырды. Бұлар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып жатыр. Абай ауданына 6 құтқарушы мен 2 бірлік техника жіберілді. Ал енді 4 құтқарушы мен 2 қайық жөнелтіледі. Жөнелтілген техника шамамен үш күн жол жүріп, учаскеге жеткен соң, барлық қажетті жұмысқа араласады.

 

Алматы облысы