Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Азаматтарға көмек көрсету тәртібі

121 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Табиғи су апатынан зардап шеккен азаматтардың әрбірі көмексіз қалмайтыны, шығыны түгел өтелетіні туралы бұған дейін хабарланған. Құжаты бар-жоғына қарамастан тасқын су салдарынан бүлінген барлық үй қалпына келтірілетіні немесе қайта соғылатыны мәлім болды. Жалпы, үй-жайын су шайып, мүлкі іске алғысыз болып қалған тұрғындар мемлекеттен қандай көмек ала алады?

Азаматтарға көмек көрсету тәртібі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Материалдық көмек

100 АЕК мөлшерінде біржол­ғы өтемақы төлеу (әкімдікке хабарласу қажет);

Жоғалған және/немесе бүлін­ген мүліктің өтемақысы (әкімдікке хабарласу қажет);

Су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа кредиттер бо­йынша төлемдер 3 айға, яғни  2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 маусымға дейін автоматты түрде кейінге қалдырылады (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет. Банктер онлайн өтінім беру мүмкіндігін іске қосты);

Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқы­нының салдарына байланысты төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет);

Су тасқынының салдарынан кәсіптері шығынға ұшыраған, зардап шеккен барлық жеке кәсіпкерге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредиттер бойынша төлемдер олар берген өтініштің негізінде кейінге қалдырылады (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет);

Кредиттік ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желі­лердегі аккаунттарында тиісті өтініштерді берудің нақты алго­ритмдері және кредиттерді қайта құрылымдаудың тәртібі жария­ланады. Қарыз алушылардың банктермен және МҚҰ-мен өзара іс-қимыл үдерісін жеңілдету үшін қашықтан өтініш беру сервисі іске асырылады.

 

Тұрғын үймен қамтамасыз ету

Су тасқынынан зардап шеккендер қираған баспананың орнына дайын үй сатып алуға немесе жаңа тұрғын үй салуға қол жеткізе алады (әкімдікке хабарласу қажет);

Егер мүлік қалпына келтіруге жарамды болса, онда ЖАО-ның мердігерлік ұйымдарымен немесе мүлік иесінің өз күшімен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген (әкімдікке хабарласу қажет).

 

Ауыл шаруашылығы

Су тасқыны салдарынан мал басын жоғалтқан азаматтарға шығынды өтеу. Өтемақы мөл­шерін нарықтық деректер негізінде залалды анықтау жөнін­дегі өңірлік комиссия айқындайтын болады;

Үкімет шаруалар мен мал иелеріне кредиттер мен лизингтік міндеттемелерді өтеуді кейінге қал­дыру арқылы қосымша жәр­дем көрсететін болады. Төлем­дер кешіктірілген жағдайда оларға айыппұлдар салынбайды;

Мал иелерінің өтінімдеріне сәйкес төлемді кейінге қалдыру шартымен «Азық-түлік корпорациясынан» жемшөп жеткізу. Тиісті өтінімдерді ресми түрде «Азық-түлік корпорациясына» немесе әкімдіктер арқылы жолдауға болады.

 

Шағын және орта бизнес шығынын өтеу

Су тасқынынан зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келті­ріл­­ген зиянды өтеу тәртібі әзір­ленді (жақын арада қабылданады).

Шығындарды өтеуге жоғал­ған мүліктің (ғимараттар, құры­лыстар, жабдықтар), тауарлық-материалдық құндылықтар, зақымданған ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарының құны кіреді.

Төлемдер мемлекеттік бюджет және өңірлердегі бюджеттен тыс қорлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта облыстардың әкімдіктері мен «Атамекен» өңірлік палаталары зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізімін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, бағалаушы компаниялардың, ШОБ-қа қызмет көрсету үшін адвокаттардың тізбесін айқындайды, залалдың алдын ала сомасын жасайды.

Зардап шеккен нысандар негізінен дүкендер, наубайханалар, шаштараздар, тігін цехтары, кафелер, жылыжайлар, қойма ғимараттары, шаруа қожалықтары және басқа да нысандар.

«Атамекен» ҚР ҰКП-да 1432 «жедел желі» жұмыс істейді.

 

Денсаулық сақтау

Барлық жұқпалы аурулар ауру­ханасы мен медициналық қыз­­меткерлер дайын тұр. Жүкті әйел­дер мен диспансерлік есеп­тегі адам­дар ерекше бақы­лауда. Де­зин­фекциялық және дәрі­лік зат­тардың екі айлық қоры жа­сақ­­талуда. Оларды меди­цина­лық ұйым­дардың базаларында және «СК-Фар­мацияның» өңірлік қой­ма­ларында шоғыр­ландыру жоспарланған.

16 курортты-санаториялық ұйым анықталып, онда су тасқы­ны­­нан зардап шеккендер тегін қа­был­данады. Тұтастай алғанда, бұл ны­сандар бір уақытта 190 адам­­ды қабылдай алады, оңалту кур­сы 10-нан 14 күнге дейін созы­лады, бұл мүмкіндігінше зардап шеккендерді емдеу-оңалту шара­лары­мен қамтуға мүмкіндік бе­ре­ді. Сондай-ақ Кәсіподақтар фе­­­де­ра­циясы республиканың 7 са­­на­­то­рийінде әлеуметтік осал са­нат­тарға жататын азаматтарды са­уық­тыру үшін 164 орын бөлді.

1 мамырдан бастап тұрғын­дарды тегін кәсіби медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Жәрдем» мамандандырылған медиц­иналық пойызы іске қосы­лады. Су тасқыны жағдайын еске­ре отырып, зардап шеккен ауыл­дық елді мекендердің тұрғын­дары медициналық пойыз қызмет­терімен қамтылатын болады.

 

Білім

Эвакуациялау орталықтарына орналастырылған балалар оқу үдерісін жалғастыру үшін қашық­тан оқыту форматына көшіріледі;

Эвакуациялау пункттеріндегі балалар мен олардың ата-аналары оқу-тәрбие үдерісін ұйым­дастыра отырып, жазғы лагерь­лерге, жатақханаларға, мектептер жа­нындағы интернаттарға орна­лас­тырылды. Балаларды сауық­­тыру орталықтарына 600 бала жі­берілді. 5-8-сынып оқушы­лары «Дарын», БИЛ, НЗМ мектеп-ин­тернаттарына, жоғары сынып оқу­шылары (9-11-сыныптар) колледж­­дер мен ЖОО жатақхана­ларына орналастырылды.

Бұрын эвакуациялау пункт­терінде болған 4,5 мыңнан астам бала тұрмыстық жағдайлары бар мекемелерге орналастырылды. Балалар мен олардың ата-аналары үшін шамамен 8 мың орын резерв дайындалды.

Ақтөбе және Атырау облыс­тарындағы барлық студенттер үшін ағымдағы бақылау (БЖБ және ТЖБ) алынып тасталды.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында ағым­дағы ба­қылауды (СОР және СОК) алып тастау туралы шешім жағ­дай­­ды ескере отырып ішінара қабылданады.

Зардап шеккен аймақтардағы балалардың сауықтыру лагер­леріне тегін саяхаты ұйымдас­тырылды.

Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен балаларды қажетті заттармен (киім, аяқкиім, кеңсе керек-жарақтары) қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Азық-түлік жеткізу

Су тасқынынан зардап шеккен 10 өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізілу үстінде.

Азаматтардың арыз-шағым­дары үшін «сенім телефондары» құ­рылып, қоғамдық бақылау пункт­­тері ашылды. Кәсіпкерлік субъек­ті­лері жалпы көлемі 635 мың тонна ең ма­ңызды азық-түлік және азық-тү­лік емес тауар­ларды жеткізу бо­йынша мемо­ран­думдарға қол қой­ды. Тұрақ­тандыру қорларынан 767 тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлары сатылды. Зардап шеккен 10 өңірде СТҚТ бағасының көтерілуіне байланысты 140-тан астам әкімшілік іс қозғалды, 122 ескерту жасалып, 17 айыппұл салынды.

 

Әлеуметтік қорғау

Төтенше жағдай жарияланған қа­ла­лар мен аудандарда 5 мың от­басы­на мемлекеттік орган­дарға ха­бар­ласпай-ақ атаулы әлеумет­тік көмек автоматты түрде тағайындалды.

Төтенше жағдай режімі кезе­ңінде 4 мыңға жуық адамды, оның ішін­де балаларды қоса алған­да мүге­­­дек­тікке қайта қарау мерзімі авто­­­мат­ты түрде ұзартылды. Мүге­дек­тік бойынша жәрдемақы бұрын белгі­ленген топтар бойынша төленеді.

Төтенше жағдай кезеңінде жұмыссыздардың және субсидия­ланатын жұмыс орындарында жұмыс істейтіндердің еңбекақы­сын жұмыс берушілерден ақпарат талап етпей еңбек ұтқырлығы орталығы төлейді.

Су тасқынынан зардап шеккен жастарды шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға шағын несиелер бо­йын­ша төлемдерді кейінге қал­дыру қамтамасыз етіледі, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қолдау шара­лары қарастырылады. 2024 жылға арналған кестелер бо­йын­ша барлық төлемдер 2025 жыл­дан бастап қаржыландыру кезеңі­нің соңына дейін келесі төлемдерге тең үлестермен бөлінеді.

 

Мобилді байланыс және интернет

Ұялы байланыс операторлары су тасқыны аймағында орналасқан абоненттерге тарифтік жоспарларға (40-50 мин, 40-50 SMS және 7 күнге 8-10 ГБ) қосымша ресурстар қосты.

Сондай-ақ оқу үдерісін үздіксіз қамтамасыз ету үшін Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына «Starlink» терминалдарының жинақтары жіберілді.