Өнер • 18 Сәуір, 2024

Музыка сабағы

19 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кенепке бояу түскен бетте суретші еркінен тыс әрекет етеді. Қалам ұстаған ақында да, жазушыда да солай, бұл әлемге бейтаныс адамдай беймаза күй кешеді. Қызық сезім, бір нәзік ойды картинаның әр бөлігіне қиюластырып, меңіреу түннің құпиясын тапқандай аласұрасыз. Жүрек толқытқан күрсінісіңізді сергітіп оятатын әуелеген ән де, кербез күй де түн қойнында тұсау кесетіні несі?

Музыка сабағы

Мүмкін, қарауыта еніп, құша­ғына құ­лайтын тұңғиық түн­де әлдебір қиял кезген сә­тіңіздің тым әсершіл әуені қа­лып қойды ма екен. Бәлкім оны өзіңіз де сезбейсіз. Бәлкім ұйқыға шомған жұлдызды түн тыл­сымға бойлатып, өз құдіретін танытқысы келе ме? Сіз оған имандай сенесіз. Себебі шынайы сезім бүркеу астында, қызықтың дені қалтарыста, перде тасасында оянады. Түнегі мол түннен кейін алаулап атар таңның барын, қызырап шыққан күннің шұғыласын санаңызға қондыра аласыз ба? Біз бүгін мысалға алған қылқалам иесі Ян Вермеер музыка сабағында осыған жауап іздейді.

Көкжиектен етегі домала­на шоғырланған қазбауыр бұлт­тар қарасы сұлбаланады. Оған автордың көңілі бөлінген де жоқ. Қайта сол беймаза бұлт­тардың арасынан баладай сы­ғалаған күннің шапағына шо­мыл­ған кеңістіктен керемет іздейді. Оны табады да. Қа­раңызшы, кенептегі барлық әрекет мозаикалық витраждар арқылы күңгірттенген үлкен бөлмеде өтеді. Адам жанының тыныштығы, жадының күйзелуі, өнерге құштарлық, жаңарының талмаурауы, жақындап кетсең үркетін, жарықта жүрсең сағы­натын мезеттің ырғағы компо­зиясының ішкі әлемінен көрініс табады.

«Музыка сабағы» туындысы 1662-1665 жылдар аралығында жазылған. Оны жазу барысында автор майды көбірек пайдаланады. 1696 жылдан бастап картина Ұлыбританияның Корольдік коллекциясының бөлігіне енеді. Ең қызығы, қолтаңбаны шешу кезінде жіберілген қателіктің кесірінен авторлық құқық үлкен Франц ван Миериске берілген. Осылайша, екі ғасырдай уақыт шеңберінде Вермеердің еңбегі өзгенің еншісіне байланып келеді. Өнертанушылардың жіті зерттеуінің нәтижесінде 1866 жылы картинаның нағыз авторы табылды.  Ол – голландық даңқты суреткер Ян Вермеер еді.

Композицияға көз салсаңыз, бөтен ештеңе жоқ секілді. Оқыр­манның көзі бірден пианино мен арқасын көрерменге берген қызға түседі. Оның қасына кез келген сәтте оқушының көңілін көтеруге, пайдалы кеңес беруге дайын қарт ұстаз тігінен тік тұр. Аспаптың жоғары жағында оқушы қыздың әсем дидарын әшкерелеп тұрған айна орналасқан. Фортепиано­ның оң жағында, мұғалімнің артында үлкен картина көрінеді. Онда бейнеленген сюжет көрерменге белгісіз. Қыздың аяқ жағынан ішек­ті музыкалық аспапты аңдай­сыз, яки не контрабасты немесе домраны көре аласыз.

Суреттің бірінші планын ауыр дастарқанмен жабылған үлкен үстел алып жатыр, оның ұштары еденге түседі. Үстелдің үстінде тұрған жалғыз зат – ақ құман. Сол деталь картинаға ерекше жарық беріп тұрғандай. Тіпті қабыр­ғаның не едендегі ақ төсеме тас­тар­дың түсіне қарағанда құман ашық һәм сәулелі реңк береді. Суреткердің мұндай қадамға бару себебі тазалыққа бағытталса керек. Мүмкін бөлмеден оңашалық, оқшаулық іздеу. Мөлдірліктің түсін, тазалықтың әлпетін алаба­жақ бояумен, көпіртпе түстермен әлемештеп бермесе керек-ті.

Суретші кейіпкерлерінің киіміне ерекше мән бергені анық байқалады. Мұғалім ақ ман­жеттері бар қатаң қара кос­тюм киген. Денесін байлап тұр­ған белдемше мен сүйенетін тая­ғына қарағанда ол жоғарғы тап­қа жатады. Сірә, кенептегі қыз жиені немесе қызы болуы да ға­жап емес. Қыз бала сол кездегі әдет-ғұрып бойынша бірнеше белдемшеден тұратын ұзын көй­лек киген. Үстіңгі юбкасы қара, төменгісі қызыл. Көйлектің жо­ғарғы жағы ақ түсті. Ол төменгі сы­ныптың оқушысы емес, есей­ген һәм ұстазын ыждағаттылықпен тыңдап тұр. Сол дәуірде музыкаға баулу тек ақсүйектерге тән іс еді. Сондықтан екі кейіпкердің бойынан тектілік сарынын байқайсыз.

Терезелердің, ақ қабырғалар­дың және құмыра мен айнаның көмегімен жасалған кейбір жа­рық ойындарының болуына қарамастан, жалпы сурет өте бұлыңғыр. Оқырманды қызыққа батыру үшін көлденең көз, бөгде тықыр баттастырмаған. Біз­діңше, бұл еңбек тапсырыспен жазылған секілді. Бүгінде құны бірнеше миллиардты құрайды. Кез келген суреткер үлкен бір дү­ниені өмірге алып келерде көп ойланып, үміт пен күдіктің тегеурінді арпалысына түсіп, арып-ашады. Талай жылдан кейін қылқалам шеберінің өзіне орал­ған шығарма оның өнерге де­ген жанкештілігінің айғағы болар.  Біздіңше, солай...