Су тасқыны • 19 Сәуір, 2024

Жан жадыратар жанашырлық

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі тасқын күшіне мінген кезде Бұланды ауданының төрт елді мекенін су басып қалып, кәдімгідей абыржытып тастаған болатын. Ауылдардан бес жүзден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мал-мүліктің бір парасы қызыл судың астында қалып, қиындық жағадан алғанда жабырқаған жұртқа ел жанашырлығы дем беріп отыр.

Жан жадыратар жанашырлық

Ауданның Капитоновка, Журавлевка, Вознесенка, Иван­ко­в­ка ауылдарын топан су бас­ты. Ашығын айтқанда, тәмам ел абыржып қалғаны да рас. Дәл осындай уақытта көрсетілген жанашырлықтың, қанатты қамқорлықтың қадірі басым екен. Іле ауданда гуманитарлық көмек жинайтын арнайы 13 орын ашылды. Атам қазақ «қайғыны бөліссе азаяды» дейтұғын. Бей­нет те солай екен.

– Біз тасқын судың салдарынан жерлестеріміздің қиналып отырған сәтін естігеннен ке­йін қарап отыра алмадық, – дейді Макинск қаласының тұр­ғыны Николай Бондаренко, – осындайда көмек қолын созу нағыз ағайындық. Әрі-беріден соң азаматтық парыз санадық. Бұдан қиын кезде де иығымызға түскен жүкті бірлесіп көтерген жоқпыз ба? Бұл жолы да табиғаттың тарпаң мінезін жұмыла көтеріп, жеңіп шығарымыз сөзсіз.

Бұландылықтардың бей­не­тінен құлақтанған өзге аудан­дар­дың тұрғындары да жүрек жылуын жеткізіп жатыр. Таяу­да ауданға жалпы көлемі 17 тонна болатын гуманитарлық көмек жеткізілді. Дәл қазір қасқалдақтың қанындай қат болып тұрған тұрмыстық бұйымдар мен азық-түлікті Астана, Көк­шетау қалалары мен Бурабай, Біржан сал аудандарының тұр­ғындары жіберген екен.

– Гуманитарлық көмектің ішінде көкөніс, дәрі-дәрмек, шаруашылық заттары, тіпті көмір де бар, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлі­мінің басшысы Абылай Жақып­беков, – дәл осындай іс-қимыл, қамқорлық түптеп келгенде біздің күшіміз бірлікте екенін көрсетіп тұр.

Жекелеген ұжымдар да қол ұшын созуда. Аудандағы ауруханалар мен балабақшалардың қызметкерлері еріктілер ретінде ел ішіндегі шашылған заттарды жинастырып, тәртіпке келтіруге кірісіп кеткен. Уақытша қиындық өтер-кетер, ал бірлікті бекемдер берекелі шаруа ел есінде қалары анық.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы