Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Қалпына келтіру жұмыстары басталды

32 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазгидрометтің» хабарлауына қарағанда, Солтүстік Қазақстанда тасқынның екінші толқыны біріншіге қарағанда су деңгейін аса көп көтерген жоқ. Петропавлдың су сақтау қоймасында ең жоғарғы деңгей 16 сәуірде 1 235 см-ге дейін жетіп, одан бері төмендей берген. Ал екінші толқын сәуірдің 23-інде су деңгейін 9 см-ге ғана көтерді. Бұған дейін төмендеген деңгей бұл толқын 1 147 см-ге ғана жеткізді.

Қалпына келтіру жұмыстары басталды

Сергеев су қоймасындағы ең биік деңгей 17 сәуірде 1 355 см-ге же­­тіп, тоқ­тады. Содан бері су дең­­гейі ақырын түсе бастады. 23 сәуірде бұл тағы да 11 см-ге түсіп, судың жалпы деңгейі 1 145 см-ге дейін төмендеді.

Тасқынның беті қайтқалы бері жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсету салалары бейбіт тірліктің мұң-мұқтажын шұғыл шешуге кірісе бастады. Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен тасқынның зардаптарын жою жөнінде кеңес өтті. Онда тас­қын­нан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру басты назарда болды. Қалпына келтіруге келмейтін тұрғын үйлерді бұзу және жөндеуге келетіндерін түзету үшін барлық ауданның әрқайсысынан кемінде 8 бірлік техникасы бар 5 механикалық бригада жасақталып, қаланың зардап шеккен шағын аудандары мен ауылдарға бөлінбекші. Соның ішінде Петропавлдың Ойқала шағын ауданында 30 бригада жұмыс істейді. Мұнда Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандарының бригадалары көмек­ке келмек. Тері зауыты ауданына Есіл, Жамбыл, Шал ақын және Айыртау аудандарының бригадалары бекітілді. Заречный кентіне М.Жұмабаев, Тимирязев, Ақжар және Мамлют аудандарының бригадалары барады. Аққайың ауданының бригадасы Қызылжар ауданына көмекке жіберіледі. Тасқынның зардаптарын жоюға Петропавл қаласын қоса есептегенде облыстың түкпір-түкпірінен жалпы саны 100-ден аса мехбригада жұмылдырылатын болды. Жолдарды жөндеуге және тазалауға 50 техникасы бар 8 жол-құрылыс ұйымы бекітіліп, олар қажет болған жағдайда қал­пы­на келтіру жұмыстарына да тар­тылмақ.

Ғ.Нұрмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға қалпына келтіру жұмыстарына қажетті бригадалар мен техникаларды бөліп, жұмыстарды қысқа мерзімде жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы құрылыс мате­риалдарының бағасын жасанды түрде көтеруге жол бермеуді тиісті органдардың қаперіне салды. Суда қалған үйлер бойынша техникалық тексеру мен бағалауды жері құрғаған ауылдар мен қалада жылдам жүргізу қажеттігі айтылып, оның нәтижелері бойынша өтемақы есептеуді де жедел жүр­гізу тапсырылды.

Қызылжар тұрғындары «Қы­зыл­жар су» ЖШС көтергіш сорғы стансасының істен шығуына байланысты суды әлі күнге көлден алып отыр. Бұл су ішуге жарамайды. Әкімдіктің отырысында осы мәселе де талқыланып, Есілден су тартатын сорғы стансасын қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жос­парын әзірлеу тапсырылды.

Осының алдында облыс әкімі Қызылжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Семиполат, Бескөл, Большая Малышка ауылдарында болып, тұрғындармен кездескен. «Үй­лер­дің аумағы судан құрғап, жер дегдіген сәттен бастап біз мүлікке техникалық тексеру мен бағалау жүргіземіз. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде аудандарда басталып кетті. Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласының әкіміне ештеңені күтпей, су тартылған үйлерде тексеру үшін бағалау комиссияларын жылдам жіберуді тап­сырдым», деді әкім тұр­ғын­дар­ға.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, егер комиссия үйді жөндеуді ұсынса, қалпына келтіру жұмыс­тары шұғыл түрде басталмақ, ал егер баспана өмір сүруге жарамсыз болса, жаңа үй салынады немесе екінші нарықтан баспана сатып алынады.

Петропавл қаласында бір­рет­тік әлеуметтік көмек алуға 2 мыңнан аса адам арыз берген еді. 23 сәуірдегі мәліметке қарағанда, соның 1 131 материалдық көмекті алды. Бұл шығынға бюджеттен 417,6 теңге төленген. «Барлық тұрғындар қажетті құжаттарды көрсеткен соң ғана ақша алды. Бүгінге дейін 100 АЕК алуға тиісті адамдардың жартысынан көбі ақшаларын алды», деді жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Данияр Асылбеков.

Айта кететін жайт, үйлері суда қалып, дүние-мүлкі бүлінген адамдарға Үкімет қаулысымен қосымша 150 АЕК төленетін болды. Бұл хабар да солтүстікқазақстандық су кешкендерді қуантып отыр.

Бұдан бұрын үйлерінің маңы құрғаған тұрғындар орала бас­таға­нын хабарлаған едік. Алайда олардың үйінде электр қуаты жоқ болып шықты. Облысқа электр қуатын тарататын «Солтүстік Қа­зақстан электр қуатын тарату» АҚ өкілі тұр­ғын­дардың жа­рық­тың жоғына шағымданған сауалына: «Біздің апатты жою бригадаларымыз қолдан кел­ген­нің бәрін істеп жа­тыр. Алайда көптеген жерде трансформаторлар әлі де суда тұр. Ал су мен электр қуаты қосылған жер қа­уіпті. Сондықтан электр жара­ғы­на жету мүмкін болмай тұр», деп жауап берді.

Сонымен қатар қазір Шал ақын, Қызылжар аудандарында бүлінген электр бағандары қал­пы­на келтіріліп жатыр екен. Облыс орталығының шағын аудан­дары мен кейбір ауылдарда дизельдік генераторлармен электр қуаты жеткізілді. Жалпы, облыс бойынша тасқынның асау толқындарымен келген алып сеңдер соғып құлатқан электр бағандарының саны 729 екені белгілі болып отыр. Оларды қал­пына келтіруге алдын ала есеп бойынша 2,4 млрд теңге қажет. Әзірге Қызылжар ауданындағы Вознесенка, Надежка, Боголюбов ауылдарына тартылған бағандар жөнделген. Шал ақын ауданындағы Кеңес, Жаңаталап, Жаңажол ауыл­дарына тартылған желілердің ба­ған­дары да іске қосылған. Сондай-ақ акционерлік қоғам қо­сым­ша 5 дизельді-генераторлық құрал сатып алған, бұлар Ново­ка­менка мен Архангелка ауылдарына ор­натылмақ.

Зардап шеккендерге көмекте­сетін қоғамдық штаб өкілдерінің де жұмысы қызу. Олар Үкімет тарапынан, жергілікті билік пен кәсіпорындар, ұйымдар, жеке адам­дар тарапынан берілген көмектер мен жеңілдіктерді де эва­куациялық бекеттердегі тұр­ғындарға жеткізіп жатыр. Бұл – дүние-мүлкі суда қалған жарым көңіл жандарға үлкен медеу. Эвакуациялық бекетте отбасының алты мүшесімен бірге жатқан Оразғали Әлдекеев өзінің бірреттік жәрдемақыны алғанын жеткізді. «Енді, міне, жатақханаға ауыстық. Мұндағы жағдай жақсы. Алдымен туыс­тар­дың үйінде болғанбыз, бірақ оларға кедергі жасағымыз кел­меді», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы