Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Мәслихат депутаты нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәслихат депутаты нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды

фото: ашық дереккөзден

Депутаттың айтуынша, қазір нанның бағасы тым төмен болғандықтан, халық бұл өнімді бағаламайды. Ол адамдардың ас атасын жиі лақтыратынына қынжылды. Мәслихат депутаты Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын көтеру арқылы жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетуге болады деген ойын бөлісті.

«Шынымды айтсам, нанның бағасы өте арзан. Мен өзім ауылшаруашылық өнімдерін өндірушімін. Егілген бидайдың құны қазір 100 теңгеден аз. Сондықтан нанның құны 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Осылайша біз ауылдағы әл-ауқатты көтере аламыз. Адамдар бұған қол жеткізе алады. Себебі нан көбінесе қоқысқа лақтырылады. Ал шұжық пен ет өнімдерін лақтырмаймыз, себебі бұл қымбат», деді Мейрамбек Дөненбаев.

Jambylinfo.kz сайтының жазуынша, Дөненбаевтың әріптестері бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетовтің айтуынша, дотациялық өңір үшін бір орамға 120 теңгенің қазіргі бағасы да халықтың қалтасына ауыртпалық түсіреді. Халық таңдаған депутат Жұмахан Тәнкебаев та нан бағасының көтерілуіне қарсы.

«Нанның бағасын 500 теңгеге көтеру тым артық. Қарапайым адамдар үшін бұл қиын болады. Әсіресе 5-6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар үшін қосымша ауыртпалық салады», деді мәслихат депутаты Жұмахан Тәнкебаев.