Сұхбат
Ақыш ОМАР, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Актерді классикалық шығарма шыңдайды
Қазан айында елордадағы Қаллеки театрында Ақыш Қоңыртайұлының мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті. Сонда сахна саңлақтары белгілі актердің өнердегі табысы, ұстаздық қызметі, азаматтық келбеті жайында ағынан ақтарылып сөйледі. Айталық, өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Тарази: «Ақыш жауапкершіліктің ұшар басында жүретін, сөзі мен ісі біріккен, таза жігіт. Талантты актер, білімдар ұстаз, кісілігінің төрт құбыласы түгел азамат» десе, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов: «Ақыштың тағы бір жақсы қасиеті – ол өзін-өзі дәріптеуден, насихаттаудан мүлде аулақ. Әйтпесе оның кез келген рөлі туралы үлкен мақала жазуға болар еді. Бірақ ол ешқашан өз-өзін мақтатпайды. Бұл қасиеті оның бүгінгі көптеген «жұлдызсымақтан» ерекшелеп тұрады», деп жылы лебіздерін білдірді. Шынында, танымал тұлғаның бойынан бір бекзаттықты байқайсыз. Ұстамды. Байыпты. Асып-тасығанын көрмейсіз. Үнемі бірқалыпта жүреді. Өнерде тындырғаны да көп. Біз бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының белді актері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Ақыш Омармен өмір жолы мен бүгінгі театр өнері жайында әңгімелестік. ...
...