Аймақтар • 10 Тамыз, 2017

БҚО мен ОҚО арасында бірнеше келісімге қол жеткізілді

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін БҚО әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір делегациясы Елбасының өңіраралық корпорацияларды дамыту туралы тапсырмасына сəйкес жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

БҚО мен ОҚО арасында бірнеше келісімге қол жеткізілді

Сурет: zhaikpress.kz

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық делегацияны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қарсы алып, ОҚО-ның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды. Жиын мақсаты экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда тығыз ынтымақтастық орната отырып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақсарту болып табылатындығын айтқан Ж.Түймебаев қос облыстың өзара тиімді әрі нәтижелі қарым-қатынастарының одан сайын дами түсуіне бұл кездесудің септігі мол боларына сенім білдірді.

Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар жөнінде әңгімелеп, мұның Қазақстанның оңтүстігі мен батысына тиімді болады деген тұстарын жеткізді.

«Біз Оңтүстік Қазақстан облысына мұнай-газ секторынан бөлек әріптестіктің өзге де салаларын ұсынғымыз келеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды пайдалану, АӨК өнімдерін қайта өңдеу мен агроөнімдерді экспорттау үшін инфрақұрылым құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды ұйымдастыруға дайын екенімізді мәлімдейміз», - деді БҚО әкімі.

Кездесу барысында келісілген бірінші құжат аясында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында инвестиция мен өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнату көзделсе, екінші меморандум Кентау трансформатор зауытынан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясына трансформаторлар жеткізу туралы болды. Соңғы, үшінші меморандум «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Төртінші құжат - келісімшарт «Шымкентцемент» АҚ мен BafkerHughes компаниялары арасында жасалды.

Айта кетейік, бұл БҚО өкілдерінің Оңтүстікке жасап отырған алғашқы жұмыс сапары емес. Биыл сәуір айында индустриялды аймақтарда атқарылып жатқан жобалармен танысып, тәжірибе алмасу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәл осындай сапар ұйымдастырылған болатын.