Футбол • 15 Тамыз, 2017

Лейтс Гриффитс: Біз жеңіліс туралы мүлдем ойламаймыз

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Селтик» - «Астана» матчы қарсаңындағы баспасөз мәслихатында шотландиялық клубтың тоғызыншы нөмірлі футболшысы Лейтс Гриффитс ертеңгі ойын туралы пікірін айтты.

Лейтс Гриффитс: Біз жеңіліс туралы мүлдем ойламаймыз

– Жарақатыңызға байланысты біраз уақыт саптан шығып, командаға енді қосылып жатқаныңыздан хабардармыз. Бүгінгі жағдайыңыз қандай?

– Жарақатым айтарлықтай ауыр болған жоқ. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Жарақатымнан толық айықтым десем де болады. Ертеңгі ойынға тас-түйін дайынмын.

– Ертең «Селтик» бір немесе екі шабуылшымен ойнауы мүмкін. Сіздерге қайсысы қолайлы?

– Бапкеріміз қай жүйені дұрыс деп санайды, сол жүйемен ойнайтын боламыз. Жалпы, екі шабуылшымен де, бір шабуылшымен де ойнауға дайынбыз.

– Былтыр командаңыз Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған болатын...

– «Селтик Паркке» қайта оралғанымызға қуаныштымын. Әлбетте, осы жылы да жылдың ең маңызды турнирінде доп тепкіміз келетінін жасырмаймын.

– «Селтик» Чемпиондар лигасы мен ішкі чемпионаттағы бәсекеге қаншалықты дайын?

– Чемпиондар лигасы – біз үшін тамаша тәжірибе алаңы. Осы маусымда бірнеше ойын өткіздік. Меніңше, біз үшін ішкі біріншілікке қарағанда, Еурододадағы жорығымызды жалғастырған өте пайдалы болады.

– «Астанаға» қарсы Глазгода жақсы ойнаған қаншалықты маңызды?

– Әрине, ойынды жеңіспен бастаған жақсы ғой. Сондай-ақ, «Росенборг» командасымен өткен сценарийді қайталауға қарсы емеспіз. Сырт алаңда жеңіс голын соққымыз келеді.

– «Астананың» қарқынын өткен жылғымен салыстыруға бола ма?  

– Біздің бапкерлік құрам «Астананың» ойынын әбден зерттеп-зерделеп көрді. Клубтарыңызды былтырғымен салыстыруға келмейтінін айтты. Ертең баршамызды жақсы ойын күтіп тұр.

– Егер, «Селтик» Еуропа лигасына түсіп кесте, сіздер үшін күтпеген жағдай бола ма?

– Біз жеңіліс туралы мүлдем ойламаймыз. «Селтик» жеңіске жеткенді қалайды және біздің мақсатымыз Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту.

– Сізді ертеңгі ойында қандай есеп қанағаттандырады?

– Бізді Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шығатын кез келген есеп қанағаттандырады.

 

Әли БИТӨРЕ

«Егемен Қазақстан»