Медицина • 16 Тамыз, 2017

Өркениетке бастайтын өміршең бағыт

850 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі әлемдік деңгейдегі мә­де­ниеттер арасындағы өзара бә­се­келестік айқын көрініс беріп отырған заманда кез келген қау­ымдастық үшін өзінің ұлттық бол­мысын барынша рухани жаң­ғыр­тып, ұлттық қауіпсіздігін кешенді түрде қамтамасыз ету маңызды. Әлемде кейбір қауымдастықтар осы бағытта өнімді белсенділік та­нытып, өркендеп жатқанын да бай­қаймыз. Мәселен, Жапония жә­не Қытай сияқты елдер әлем­дік интеграциялану заманын­да өз­дерінің ұлттық келбетін жо­ға­лт­пай отыр.

Өркениетке бастайтын өміршең бағыт

Әрине, әрбір ұлттың жекелеген м­ә­селелері қазіргі жаһандану дәуірінде бас­қа мемлекеттер мен халықтардың мүд­делерімен түйісе, ықпалдаса отырып ше­шілетіні белгілі. Сондықтан әлемнің бас­қа аймақтарында халықаралық дең­гей­де байқалып отырған құбылыстар мен үдерістер біздің еліміз үшін де өзекті әлеуметтік және өркениеттік проб­лемалардың қатарына жатады. Қазақстанның Сирия мемлекетінің күр­де­лі ішкі саяси мәселесінің тиімді түрде ше­шілуіне үлес қосып жатқаны бекер емес. Бұл біздің еліміздің барша халыққа бей­біт өмірді қадірлеуге шақыратын гума­низм, демократиялық және этикалық қа­лыптарды өзектендіріп, әлемге кеңінен та­ратуға талпынғанымыздың айғағы.

Әдетте, заманауи тіршілік етудің қи­сы­ны адамдарды, қоғамдарды топтаса оты­рып сын-қатерлерден, тәуекелдерден қорғанудың, сонымен қатар бірлесе отырып дамудың жолында болуға шақырады. Интеграцияланып, модернизацияланып жатқан дәуірде барлық мемлекеттерге қатысты «Жалғыз жүріп жол табу мүмкін емес» деген ұстанымды дәріптейтін тарихи кезең де келді. Сондықтан Еуразиялық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына және Ислам мен түркі халықтарының халықаралық ұйымдарына Қазақстанның белсенді мүше болуының өзінде халық­ара­лық жағдайдың даму логикасымен санасу және заманауи кезеңнің қисы­ны­мен, талаптарымен барынша есептесу, халықаралық қатынастарды құрметтеу  мен өркениеттілікке ұмтылу жатыр. 

Әрине, қоғамның өмірі, тыныс-тір­шілігі тек материалдық дүниенің өзек­ті мәселелерін күйттеп, өркендетумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғам­дас­тық үшін саяси-әлеуметтік және рухани салалардың тарихи маңыздылығы зор екені анық. Осыдан ондаған жыл­дар бұ­р­ын америкалық профессор С.Хан­тин­гтон қазіргі кезеңдегі өркениет­тер­дің өзара қақтығысы, олардың түбегейлі қай­шы­лықтары жөнінде айтқан болатын. Әрине, тарихтағы әртүрлі өркениеттердің өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтар әлемі болады және олар кейде бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Бірақ жер бетіндегі адамзатты біртұтас қауымдастық ретінде жақындата түсетін дүниелер де, өркениеттік негіздер де жет­кілікті. Әдетте оларға адамзат үшін тұтас­тай алғанда маңызды төмендегі жаһан­дық мәселелер: қоршаған табиғи ортаны қорғау (экологиялық проблема), барлық аймақтарда бейбітшілікті сақ­тау, кез келген елде демократиялық құн­дылықтарды дәріптеу сияқты аса ма­ңызды құндылықтық бағдарлар тө­ңірегінде топтасуға тиісті.  

Адамзат өмірінің терең рухани маз­мұны мен мәні – барлығымыздың ұлты­мыз­ға, дінімізге, ділімізге қарамай бір­тұ­тастандыра түсетін тетік, платформа. Жер беті халқының біртұтас отбасы іспетті тағдыры бар. Өркениеттік тұр­ғыдан алғанда әрбір адамның руха­ни әлемінің бағыт-бағдарлары, оның дү­ние­танымының түбегейлі тамыр­ла­ры мен тұғырлары, құндылық жүйе­сі­нің жалпы сипаты маңызды дүниелер болып табылады. Адамның қандай құндылықтарды дәріптейтініне қарап, оның өмірдегі сапалық деңгейін, дү­ние­танымдық көкжиегін аңғаруға бо­лады. Қоғамның жалпы рухани және әлеу­меттік келбеті, оның мүше­ле­рінің бұ­қаралық санасындағы басым­дықтары мен мұраттарының қандай екендігімен тікелей байланыста анықталады. Осыған орай Қазақстан халқының қоғамдық са­насындағы түбегейлі өзгерістер мен алға ба­сулар өмір қажеттілігі және елімізде зият­керлік ұлтты қалыптастырудың бас­тамасы.

Егер қоғам өзінің азаматтарына де­ген талабын өркениетті деңгейде қоя білмесе, онда қоғамдағы көптеген үдеріс­тер шынайылықтан алыстап кетеді, руха­нилығының қалыптасуы мен дамуы кемшіндеу соғады, әртүрлі ауыс­палы және үстірт мағынадағы жалған құн­дылықтар жетекші рөл атқара бас­тайды. Қазіргі қайшылықты заманда еліміздегі мәдениеттің құрылымы мен әлеуметтік парадигмасында үлкен сүз­гіден өткізілулердің қажеттілігі туын­дап отыр. Демек, қоғамымыздың салауаттылығы, өркениеттілігінің деңгейі  өз қолымызда. 

Қазіргі әлемді барынша баурап алған, негізінен материалдық тұрғыда орасан пайда табуды мақсат тұтқан олигархтарға ғана қолайлы азаматтардың тұтынушы психологиясы құрылымдарының қалып­та­суы және соны бекіте түсуге мүдделі жаһаншыл бағдарлардың барынша үс­темдік етуі бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Осындай сипаттағы «жаңа» мәде­ниет барлық елдердің рухани және әлеуметтік кеңістігіне дендеп енуде. Одан дамыған елдердің өздері қауіптеніп, ұлт­тық бірегейлікті жоғалтпаудың жол­да­рын іздестіруде. Демек отаншыл, туған жері мен елін, оның тарихын, тілі мен мәдениетін қадірлейтін азамат­тар ғана осылардың барлығына ру­хан­и иммунитет қалыптастырушы бел­сен­ді әлеуметтік күшке айналуы тиіс. Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселелер жан-жақты сарапқа салынады.   

Соңғы уақытта еліміздің мәдени, сая­си, рухани және экономикалық салала­рында кейбір жаңалануға, өзгеруге тиісті дүниелер анықталып, зиялы қауым­ның сараптауынан өткізіліп жатыр. Әрине, қазіргі ақпараттар ағыны зама­нын­­­да, технология мен техниканың жыл­дам жаңарып жатқан кезеңінде жай­басар­лыққа салыну қауіпті және ол өр­кениет­тер дамуы мен динамикасында «көштен қалып қою» дегенді біл­діреді. Ал адамзаттың қарыштап ба­ра жатқан көшінен қалып қойған, бә­се­келестікке төтеп бере алмаған елдерде негізінен әлеуметтік тартыстар мен жанжал­дар өршіп кететіні де белгілі. Әр қилы сипаттағы құндылықтардың дәріп­телуі арқасында бұрынғы орнық­ты даму жолындағы елдер азамат соғы­сы­ның жалынына орана бастайды. Бір­шама араб елдеріндегі, кейбір Африка мем­лекеттеріндегі саяси-әлеуметтік кикіл­жің­дердің астарында терең құндылықтық дағдарыстардан, қоғамдық санадағы руханияттық тежелулерден байқаймыз.

Осындай қайшылықтардың алдын алу үшін өзіміздің тарихи, рухани құндылықтарымызды үнемі түгендеп отыруымыз керек. Туған жердің киелі қасиетін халық өзі ежелден қадірлеп келген. Ал енді қоғамымыздағы басқаларға үлгі боларлық азаматтарды айқындап отыру да маңызды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп Абай атамыз бекер өсиет қал­дырмаған. Жастарға әрдайым сенуіміз ке­рек, дегенмен жастарымызды нағыз отан­шылдыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуден жалықпауымыз да қажет. Туған жерін сүйген адам, әрине оның мәдениетін, тарихын, тілін де, ділін де сүйеді. Атап өтетін жәйт: туған жерге деген құрмет алдымен сол жердің адамдарына, азаматтарына деген құрметтен басталады. Рухани жаңғыру түп негізінде рухани-адамгершіліктік негіздерді ұлттың қоғамдық санасына орнықтырудан басталады. Президентіміз бұл мәселені өз мақаласында бүкіл халық болып шешуге, оның тетіктерін кешенді түрде іске қосуға шақырды.

Тәуелсіз елдің өзіндік рухани кел­беті бар ғылымы мен білім беру сала­сы болуы керек. Жалпы ғылымның да­муы дүниежүзілік ғылымның дамуымен тікелей астасып жататындығы бар­шам­ыз­ға белгілі. Әсіресе, ағылшын тіліне же­тік жас мамандарымыз үшін оның өр­кениеттік қырлары әбден түсінікті. Сондықтан қазіргі уақытта ағылшын, неміс, орыс және т.б. шетел тілдерін үйрену мен қолдану платформасының маңызға ие болуы кездейсоқ емес. Қазіргі өркениеттік дамудың келбеті мен қисыны барлық елдер үшін өзара ұқсастықта екені байқалады. Ғылымды жақсы пайдаланған қоғамның болашағы да жарқын, көкжиегі кең. Елімізде ғылым мен білім беру салалары өзінің қызметін мемлекеттік тілінде де өрбітіп отыруы шарт. Онсыз мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі мен рухани құндылығы солғындау болады, ұлт өзінің рухани тамырларын кең жая алмайды. Біз әлемнің көптеген елдеріндегі озық үлгідегі оқулықтарды қазақ тіліне аудару арқылы жоғары оқу ор­нындағы оқу үрдісін жаңа деңгейге көтеруге талпынудамыз. Дегенмен, өзі­міздің төлтума оқулықтарымызды дай­ындау да мемлекеттік деңгейде ма­ңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Жаңаша дайындалған төл оқулықтарға да үлкен көңіл бөлінуі арқылы өзіміздің рухани қауіпсіздігімізді бекіте түсеміз.

Қазіргі кезеңдегі мәдениеттің әртүрлі салаларындағы, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарындағы даму үрдісі өркениеттік рухани жаңғыру парадиг­масына толықтай сәйкес келе ме? Әлде руханияттың маңызды саласы болып келетін өнердің түрлі салалары да шынайы заманауи өзгерістерге бетбұрыс жасауы қажет пе? Қазіргі әншілеріміздің, спортшыларымыздың кейбіреулері халықаралық деңгейде біршама биік табыстарға жетуде. Мәселен, ән өнерімен әлемге танылған Димаш Құдайбергеновтің жетістіктеріне жастарымыз қызығады. Әрине, спорт пен өнер саласындағы нағыз жұлдыздар халқымыздың алдында барынша мәдени үлгі ретінде дә­ріптелгені жөн. Бірақ, қазіргі нарықтық за­манда кез келген орташа, немесе тө­мен деңгейдегі әншіні «жұлдыз» деп мадақтай берудің қажеттілігі шамалы, бұл әрекет, керісінше, өнердегі қойылатын талаптардың деңгейін төмендетеді, шығармашылықтың қадірін түсіреді. 

Қазіргі Қазақстан халқының жарқын болашағы оның біртұтастығында, бірлігінде, оның әрбір азаматының өмірінің үйлесімді негіздерге сүйенуінде. Құқықтық деңгейде адам еркіндігі мен шығармашылығы барынша мықты қорғалған мемлекет қана өркениетті елдердің қатарына қосылады. Діннің саясаттанбай, нағыз шынайы моральдык құндылықтарды өрбітетін қасиеттерін қөрсетуіне толық жағдай жасай алатын елде әлеуметтік тұрақтылық болады. Өркениеттік демократиялық құн­дылықтарды орнықтыра түсу бар­шаның ісі, демек әлеуметтік прогресс әрбір азаматтың белсенді түрде сая­си-әлеуметтік және рухани үдеріске қатысуымен астасып жатады. Заманауи өмірдегі қарышты қадамдар  алғашқы нық, сенімді қадамдардан басталады. Қоғамдық санадағы өзгерістер осындай сенімді әрекеттерден туындайды. Сондықтан болашаққа бағдардың өзегін құрайтын үміт пен сенім халқымызды өркениеттілікке жетелейтін рухани күш болып табылады.     

Серік НҰРМҰРАТОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты 
директорының міндетін атқарушы, профессор