Медицина • 16 Тамыз, 2017

Берекелі бағдарлама

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде Қызылордаға қонақ болып келген жұрт қалада тұр­ғын үй құрылысының қар­қын­ды жүріп жатқанын бірден бай­қар еді. Байқаған соң, басын шай­қайды. Өйткені, Ақмешітте мұн­дай қарқынды құрылыс бұрын-соңды болмаған. Құр мақтау, құрғақ мадақтау емес. Ақиқаты осы. Мысалы, биылдың өзінде бір ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 210 пәтерлі екі тұрғын үй салынып жатыр. Бұл дегеніңіз 210 отбасы баспаналы болады, шат-шадыман бақытқа кенеледі деген сөз.

Берекелі бағдарлама

Жалпы, аталмыш бағдарлама бойынша осы жылы Қызылорда қаласына 3 754,7 миллион теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға жаңа­ғы айтқан екі үйдің құрылысы бас­талды. Былтыр Қызылорда –Жез­қазған күре жолының бойынан 980 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар жаса­лды. Жолын төсеп, жарығын орнатып, газын есігінің алдына, суын төріне жеткізіп бергеннен кейін оны жер кезегінде тұр­ған, баспана салуға мұқтаж адам­дар­ға таратып берді. Бұрынғыдай бос жатқан жерді бере салып, қа­рап отыратын заман емес қазір. Се­бе­бі, халық үй салғаннан кейін, су­сыз, жолсыз, жарықсыз, газсыз отыра алмайды. Сосын не істей­ді? Атқарушы биліктің есі­гін тоздырады. Жүдә болмаса, бас­пасөзге шығып, жанайқайын жет­кізеді.

Әйтеуір, ол істің соңында бір шу бар. Ал қазір барлық ин­фра­құрылымды жасап, дайын күйінде тапсырады. Оған «Бәй­терек» шағын ауданы деп айдар тағып, ат қойдық. Енді биыл берілген ақшаның есебінен «Бәйтеректе» берілген жердің сыртқы кәріз жүйелері жасалуда. Яғни, халыққа тек баспанасын салу ғана қалады. Ал оған жаңағы айтып отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегі ересен.

Бұдан бөлек, бөлінген қаржы­ға бұрын салынып, бүгінде әбден ескір­ген тұрғын үйлердің аула­сын көркейтіп, ауыз су мен кә­різ судың құбырларын, жылу жүйе­сін, газбен қамту, телефон мен электр желілерін жаңарту, жаң­ғыр­ту қолға алынған. 

Осындай ауқымды жұмыс­тар­дың және мемлекеттік бағ­дар­ламалардың арқасында Қызыл­орда­ңыз қарқынды құрылыс ала­ңына айналып отыр.

Соның нәти­же­сінде соңғы 4 жыл көлемінде жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық халық жаңа пәтерге ие болды. Ауыз толтырып айтсақ айып па?! Әрине, айып емес. Қайта мақтанып, марқайып айтатын жаңалық.

Енді «Нұрлы жол» бағдар­ла­масының аясында не істеліп жат­қанына тоқталайық. Бұл бағ­дарлама бойынша барлығы 27 жобаға 3 миллиард 44 миллион теңге бөлінген. Келген қар­жыға 34,4 шақырым ауыз су мен 7,7 шақырым кәріз жүйелерін жаңғырту қолға алынды. Сонымен қатар, 7,8 шақырым сервистік желілер жаңартылып, 224 дана су есептегіш құралдарын орнату да көзделген. Қаланың қай кө­шесіне қанша қаржы бөлінгені ту­ралы ақпарат қолымызда тұр. Қа­рап шықтық. Ұзын-сонар тізім­ді жариялаудың өзі біраз орынды алмақ екен. 

Жалпы айтқанда, соңғы 5 жыл­дың ішінде Қызылорда қала­сы­ның ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 15 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылды. Қала хал­қын сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұң­ғымалары іске қосылып, қала хал­қы толығымен таза, жер ас­ты ауыз суын тұтынуға мүм­кін­­дік алды. Қазіргі таңда рес­публ­ика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған бірден бір қала – Қызылорда! Сондай-ақ, былтырғы оқу жылында «Нұр­лы жол» бағдарламасы ая­сын­да Тасбөгет кентінде 300 орын­дық жаңа мектеп, қала ор­та­лығынан 280 бүлдіршінге ар­налған балабақша пайдалануға бе­рілді. Осының бәрі елдің пайдасы ма? Әлбетте!

Осы арада Қызылорданың жылу жүйелерінің жағдайы жайында да айтпай кетуге болмайды. Өйткені, бұған да аталмыш бағдарламаның септігі бар. Қаладағы жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүрг­ізілуде. Соңғы 5 жылда 8 миллиард теңгеден астам қар­жыға қаладағы 60 пайыз магис­тралды жылу желілері жаңар­тыл­ды. жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 миллион 100 мың теңге қаралған. Оның ішінде «Қызылорда жылуэлектр орталығы» МКК есебінен 139 миллион 500 мың теңге болса, Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 764 млн 600 мың теңге берілмек. 

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА