Әдебиет • 16 Тамыз, 2017

Ақын рухына құрмет

1038 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жарбиған жаман тон, тымақ, Жабысып кетті үстімде. Жанайын деген бір шырақ, Жалтылдап кетті ішімде»-деп Ғали атты бала ақын шамамен жүз жыл бұрын жырлаған екен. Жетімдіктің тақсіреті, тұрмыстың жадаулығы жанайын деп тұрған шырақты қайдан өшірсін? Жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, ел ішіндегі айтыстарды жаттап алып, оны домбыраға қосып айтып, жастайынан «жыршы бала» атанған Ғали Ормановтың жыр әлеміне өзіндік өрнек салмауы мүмкін емес еді. Ол өрнектер қазақ әдебиетінің тарихына ақынның есімін шегелеп берді десе де болады. Биыл ақынның туғанына 110 жыл толыпты. Соған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ғали ғибраты» атты еске алу кеші өтті.

Ақын рухына құрмет

Кешті белгілі ақын, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы жүргізді. Ол Ғали Ормановтың қадір-қа­сиетін, әдебиеттегі орнын байып­пен әңгімелеп берді. Ұлт­қа,­ әдебиетке қызмет етудің үлгі­сін көрсеткен лирик ақын­ның соңынан сөз ермеген таза бол­мысын айта келіп, «оның клас­сикалық жырларын оқу керек» деп бір тоқтады. «Бізде классик ақындар өте көп. Сон­дықтан біз олардың қадірін онша біле бермейміз. Қазіргі заманда кімнің артында іздеушісі бар солар көп насихатталады да, басқа ақын-жазушылар ұмытылып ба­рады. Біз оларды насихаттай білуіміз керек», деді кешті жүргізуші. 

Еске алу кешінде ақынның қызы Жәмиға Орманова бір­шама құнды естеліктер айтты. Жас кездерінде Жамбылды көрген­дерін, қарт жыраудың үйле­рінде бірнеше рет қонақ бол­ғанын әңгімеледі. Әкесінің Жамбылға хатшы болған күн­нен бастап қайтыс болған күн­ге дейін латын әрпімен күнде­лік жүргізгенін, бірақ ол күнде­лік­тің еш жерде толықтай жария­ланбағанын, бүгінде ол күн­де­лік өзінде екенінен хабар­дар етті. Жамбыл Жабаев қай­тыс болған соң, 1946 жылы тұң­ғыш рет оның үш бөлімнен тұ­ра­тын шығармашылығының ака­демиялық толық жинағын ба­сып шығаруға әкесінің үлкен еңбек сіңіргенін де жеткізді. Жал­пы, Жамбыл Жабаевтың хатшысы болған қаламгерлер бірнешеу. Олардың қатарында Қуандық Шаңғытбаев, Тайыр Жароков та бар. Бірақ, қарт жыраудың Ғали ақынмен қарым-қатынасы, сыйластығы жайында түрлі естеліктер, әңгімелер көп сақталған. 

Ғали Орманов – лирик ақын. Оның лирикасы Тұман­бай Молдағалиев, Ізтай Мәм­бетов, Сағи Жиенбаев қатарлы ақындардың шығармашылығына әсер еткені кеш барысында айтылды. Еске алушылар оның сыршыл өлеңдерінде жасандылық пен жағымпаздықтың, жалаң ұранның жоқтығын байқам­паздықпен жеткізді. Бұл орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Не­гимовтің пікірлері арқылы қазақ лирикасы жүйрігінің шы­ғармашылық ерекшелігі ай­қындалды. Жастайынан ауыз әде­биетінен хабары мол болып, небір ұзақ дастандарды жат­қа айта алатын баланың өсе келе азаматтық лирика мен та­биғат, махаббат лирикаларын ұш­тастыра жырлауы заңдылық еді. 

Кеш барысында түйгеніміз, ең алғашқы «Шеңбер» атты кі­табынан кейін «Абысын сыры», «Өмір дастаны», «Ой қа­наты», «От өзен» атты өлең жи­нақтарын шығарып, қазақ поэ­зиясына өзіндік үлес қосқан, М.Лермонтовтың, С.Есениннің, Мақтымқұлының, Л.Толстойдың шығармаларын қазақша сөйлет­кен Ғали Ормановтың жақсы аты ешқашан да өшпек емес. Оны ақынның жырларын жат­қа оқыған Астанадағы Ғали Ор­манов атындағы №7 мектептің оқушылары да дәлелдегендей болды. Еске алу кешінде аталмыш мектепте тұрған ақынның зат­тары мен кітаптары көрмеге қойылды. 

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»