Қазақстан • 16 Тамыз, 2017

Астанада «Достық шаттығы» атты байқау өтті

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада «Достық шаттығы» атты Қазақстан мен Қытай балаларының өнерін ортаға салған байқау өтті. Қытайдың әр өңірінен іріктелген алпыс жас өнерпаз бен қазақстандық қырық оқушы (6-15 жасқа дейінгі) өнердің түр-түрінен сынға түсіп, ән мен биден шашу шашты.

Астанада «Достық шаттығы» атты байқау өтті

Жиынның салтанатты ашылуында сөз алған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің арнаулы өкілі Жоу Фань Кунсоль мырза аталған іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан ұйым өкілдеріне шынайы алғысын білдіре отырып, өзара сыйластық пен құрметке негізделген Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар достық пен ынтымаққа құрылғанын айтты.

Қазылар алқасының құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Марат Омаров, Қазақстан «Суретшілер одағының мүшесі», «Құрмет» орденінің иегері Ақтоты Көлкеқызы, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер Хадиша Ермекбайқызы, Астана мемлекеттік академиялық филармониясы «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі Шолпан Ділдәбекқызы болды.

Дәстүрлі ұлттық би аталымы бойынша екі елден он бес бала қатысып, ұлттық сахна өнерінің мәртбесін бір асқақтатты. Ұлттық би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтай отырып, қазақ дүниетанымын айшықтайтын небір канондық би үлгілерін сахна төрінде кәсібилікпен орындады.

Қазылар алқасының мүшесі Шалқар Қабдешұлының айтуынша, суретші балалардың үздігін анықтау оңайға түспеген көрінеді.

– Қатысушыларға еркін тақырыпта және «Балалық шақ» тақырыбы бойынша сурет салуға 3 сағат уақыт берілді. Үздіктерді анықтауда тақырыптың композициялық тұрғыдағы мазмұны мен техникалық шеберлігіне назар аудардық. Елдер арасындағы мәдени жақындықты арттыра түсетін мұндай шаралардың маңызы зор,– дейді Ш.Қабдешұлы.

Сурет аталымы бойынша бас жүлдеге ие болғандардың бірі Мейіржан Төлеген Қытайдың Шыңжан аймағы, Баркөл ауданынан келген. Биыл үшінші сыныпқа көшкен Мейіржанның бұл Астанаға алғаш рет сапарлауы.

– Еркін тақырыпта мен тайдың суретін салдым. Өзім жылқы малын ерекше ұнатамын. Өскенде үлкен суретші болып, дүниежүзін танығым келеді. Астананың халқы өте мәдениетті екен, сапар ерекше ұнап жатыр, –дейді кішкентай суретші.

Жалпы іріктеу сатыларында қазылар алқасы ең алдымен балалардың жас айырмашылығын басты назарға алды. Сонымен бірге өнер көрсетудегі шеберлігі мен жаңалығы алдымен ескерілді. Жүлделі орын алған жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік бұйымдар үлестірілді.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара рухани жаңғыру бағдарламалық іс-жоспарының негізінде екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытуды, әсіресе өнерлі жас өрендердің арасында шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдай  түсуді мақсат еткен. Айтулы шараны «Мұрат жолы»  мәдениет қоғамдық бірлестігі, Қытай ШУАР «Жаңа жұлдыз» медиа» ЖШС, Астана қаласы әкімдігінің «Оқушылар сарайы» ұйымдастырып отыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»