Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Қасиетті 100 нысан анықталды

1787 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы қасиетті жерлердің тізімі жасалды. Тізім алты түрлі ұстаным бойынша түзіліп, оған еліміздегі қасиетті саналатын 100 нысанның аты енгізілді.

Қасиетті 100 нысан анықталды

Бұл – ұлттық музей жанынан құ­рылған «Қасиетті Қазақстан» ғы­лыми-зерттеу орталығының жо­басы. Тізімде  жалпы қазақ үшін  қасиетті саналатын жерлер де, аты сәл көмескі тарта бас­таған орындар да, тіпті күні ке­ше салынған, тәуелсіздікпен құр­дас ғимараттар да бар. Атап айт­қанда,  табиғи қасиетті нысандар қатарында Ақмешіт, Қазы­ғұрт, Хаң тәңірі, Шарын шатқалы, Жылаған ата, Қоңыр әулие үңгірлері, т.б. ал, археологиялық және а­р­хи­тек­туралық ескерткіштер са­на­­тындағы қасиетті орындар қа­тарында  Бозоқ қалашығы, Тамғалы, Беғазы археологиялық ке­­шендері, Шілікті, Берел қор­ған­дары, Ақыртас қамалы  орын ал­са, орта ғасырлардағы қала орта­лықтары мен қазақ хандығы тұ­сындағы астаналар – Қойлық, Жанкент, Сығанақ, Жент, Сарай­шық, Сауран, Отырар, Сайрам сынды қалалар есепке алынған.  Сондай-ақ, діни және адамдардың тілек тілейтін орнына айналған киелі  мекендер – Ясауи кесене-ке­шені, Арыстан баб, Қарабура, Ука­ша ата мазарлары, Қарашаш ана, Ибраһим ата,  Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Мәш­һүр Жүсіп, Абай-Шәкәрім ме­мо­­риалды кешендері,  тарихи тұлғалардың есімдерімен қа­тысты қасиетті орындар – Ма­хамбет Өтемісұлының мазары, Әбдіғаппар және Кейкі батыр кешендері, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Есет Қоқыұлы  ке­сенелері, Көкшетаудағы Абы­лай­дың Хан ордасы, Ах­мет Байтұрсынұлының үйі (Ал­маты қ), Ш.Уәлихановтың Алтын­емел­дегі мемориалды кешені, т.б және тарихи жә­не саяси оқиғ­а­лармен байланыс­ты қасиетті жер­лер – Бұ­ланты, Аңырақай, Орбұлақ шай­қастарының орны, «Алаш арыс­тары» үйі (Семей), «Астана-Бәй­терек» монументі, «Қазақ елі» мо­нументі, Отан қорғаушылар мо­нументі, т.б. бірқатар нысандар Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті орындарының тізіміне алынды.

 «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерт­теу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиев отырыста тізімді жасамас бұрын қасиетті, киелі нысандарды анықтау үшін орталық алдымен өңірлерге  өз ұсыныстарын білдіргенін, одан іле-шала облыстардағы мәдениет басқармалары басшыларының жетекшілік етуімен құрамына тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері кірген жұмыс топ­тары құрылып, жұмысты бас­­тап кеткенін жеткізді. Әрбір об­лыс­тағы жұмыс тобы орталық жі­­берген ұсыныстарды ескере оты­рып, нысандарды белгілеген. Одан бөлек, «Қасиетті Қазақстан» ғы­лыми-зерттеу орталығының ұсы­нысымен жергілікті маңызы бар 500 нысан да белгіленген. Жоғарыда аталған тізімдегі нысандар ең алдымен осы облыста жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Кеше қасиетті нысандар тізіміне ұсынылған орындар  Ұлттық музейде «Қасиетті Қазақ­стан» орталығының ғылы­ми-сараптамалық кеңесінде тал­қы­ланды. Ұсынылған нысандар ті­зім­ге алынып, белгілеу және тізімдеу жұмыстары бойынша отырыс өтті. Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Зейнолла Са­машев, Республикалық «Арда­герлер ұйымы» орталық кеңесі төра­ғасының орынбасары, профессор Өмірзақ Оз­ғанбаев, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Жамбыл Артықбаев сынды есімдері елге белгілі тұлғалар қатысты. Оты­рысты «Қасиетті Қазақстан» ор­та­лығының басшысы Берік Әбді­ғалиев жүргізді. 

Орталық басшысының айтуына қарағанда, бұл діни не ғы­лыми  емес, рухани жоба. Сон­дықтан ең алдыңғы кезекте тізімге алынған нысандардың өздерінен бұрын олардың мәдени құндылығы насихатталмақ.  «Бұл – бес жылға жоспарланған жоба. Биыл жалпы ұлттық деңгейдегі, елге кеңінен танылған 100 нысанды анықтау мақсат етілген. Бұл тізімге бүгінгі кеңестің қоры­ты­ндысы бойынша Ұлттық комиссия сараптама жасап, бір-екі ай көлемінде бекітеді. Біз кесене, ескерткіштерді немесе арнайы бір орындарды ғана емес, сол нысандармен байланысты рухани құндылықтарды насихаттаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын рухани тәрбиені сіңіру, насихаттау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз», деді ол.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»