Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Бердібек Сапарбаев: Мақсатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихты жеткізу

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.

Бердібек Сапарбаев: Мақсатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихты жеткізу

Ұлттық комиссия төрағасы бағдарламаның ауқымды жалпы ұлттық жобаға айналу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, отырыста қаралатын екі мәселеге арнайы тоқталды. Оның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлерде атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері болса, екіншісі – жұмыс топтары қызметінің нәтижелері.

Бұл орайда алғашқы баяндаманы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жасап, бағдарлама аясында жасалған жұмыстармен таныстырды. Облыс әкімінің мәліметінше, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде кеңсе құрылған. Онда бағдарлама аясында зиялы мамандардан, қоғам мүшелерінен құрылған арнайы жұмысшы топтар сараптама жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, өңірдің тарихын таныстыру, игіліктерін көрсету мақсатында жоғары оқу орындарында өлкетану мамандығы ашылған.

«Біздің өңірдің тарихын көрші өңірлерге, көрші мемлекеттерге таныту мақсатында экспедициялар жұмыс істеуде. Біздің негізгі мақсатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихты жеткізу, оларға өзінің елін, ұлтын, отанын сүю үшін патриоттық тәрбие беру. Бұл мақсатта «Өнеге» клубын да аштық. Биыл Ұлы Жібек жолының біздің өңірде орналасқан жәрмеңкесінің 150 жылдығы, Есет батырдың 350 жылдығы, Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығы. Міне осы даталарға байланысты іс-шаралар қабылданды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр», деді Ақтөбе облысының әкімі.

Ол «Атамекен» бағдарламасы бойынша облыс аудандарында «Туған жер», «Туған ел» акциялары жүріп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ құны 2 млрд. 800 млн. теңгеге бағаланған 555 кәсіптік жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұл жобалар бойынша, елдімекендерде балабақшалар, клубтар, спорттық алаңдар және скверлер салынбақ. Өңірден шыққан кәсіпкерлердің қолдауымен біріншіден, мемлекеттік әріптестік негізінде, екіншіден, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде құны 48 млрд. теңгенің 71 бағдарламасы жүзеге асырылатынын да атап өтті. Оның бүгінде 9-ы іске қосылып қойған. Облыс әкімі бүгінде «Ақтөбе – құтты мекен» акциясы аясында арнайы сайт ашып, Ақтөбеде кіндік қаны тамған азаматтарды туған жеріне шақырғандарын, нәтижесінде әлемнің 15 елінен 200-ден аса азаматтың жиналғанын мәлімдеді. Олар Ақтөбеде өткізілетін форумға қатыспақ. Жерлестердің есебінен «Жұбанов үйі» салынбақ. Ал «Аналарға тағзым» жобасы кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге аспақ. Жалпы, форум аясында әлеуметтік және бизнес жобалардың тұсауы кесілетін болады.  Бердібек Сапарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына облыстан 88 адамның тізімін ұсынғанын да айтып, жобаның критерийлерін нақты жасау керектігіне мән берді. «Тұлға бұл тізімге қандай негізбен, қандай шартпен, қандай талаппен кіретінін нақты жасау керек» деді Б.Сапарбаев.