Медицина • 18 Тамыз, 2017

Алматыда Елбасының бағдарламалық мақаласы талқыланды

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақстан республикасы Ұлттық кітапхана­сында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Мәдениет, ұлтаралық татулық және БАҚ-пен байланыс бойынша комиссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талдау бойынша Алматы қаласының Ұйғыр этномәдени қоғамдық ұйымымен бірлесіп дөңгелек үстел өткізді.

Шараға ұйғыр халқының мәдениет қайраткерлері мен ұйғыр диаспорасының белсен­ді­лері қатысты. Елбасы мақала­сында айтылған басты бағыттар осы басқосудың өзегіне айналып, онда айтылған мақсат мін­дет­терді іске асырудың тетік­­тері талқыланды. Бәсеке­ге қабі­леттілік, прагматизм, ұлт­тық бірегейлікті сақтау, білі­мнің салтанат құруы, сананың ашықтығы сияқты мақалада баса айтылған тақырыптар жеке-жеке сөз болды.

– Президент мақаласында айтылған әр тақырыптың орны бөлек. Президентіміз айтқандай, «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес». Шын мәнінде, бұл сөз­дерде терең мән бар. Заман көші­не ілесіп жан-жақты дамып жетілуіміз үшін әлемдік озық технологияларды игеріп, экономикамыз бен мәдениетімізді одан әрі өрістетуіміз қажет. «Туған ел», «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», сияқты тың бастамалар өзінің жемісті нәтижесін береді деп ойлаймын. Бұл мақсаттардың барлығы ойдағыдай іске асу үшін әр қоғам мүшесі өз ісіне адал болуы керек, – дейді қала­лық ардагерлер кеңесі төраға­сының орынбасары Алевтина Моисеева.

Шарада сөз алған Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Мәдениет, ұлтаралық татулық және БАҚ-пен байланыс бойынша комиссиясының төрайымы Уасилия Садықова: «Көптеген ұлтты татулықтың бесігінде тербеткен Қазақстанымыздың қарыштап дамуы жолында әрбіріміз табанды түрде еңбек етейік. Жас ұрпақтарымыз оқы­сын, алдына жоғары талап қойсын, бәсекеге қабілетті жан-жақты білімді зияткер азамат болып қалыптассын. Соған жағдай жасайық. «Үш тілде білім беру», «Цифрлы Қазақ­стан», «Мәдени және кон­фессияаралық келісім» сын­ды бағдарламаларды толық мең­ге­ру көптеген биіктерді бағындыруымызға сеп болады» деп өз ойын ортаға салды.

Осылайша, мәйекті мәсе­лелерді кең маз­мұнда талқы­лаған дөң­гелек үстелге қатысушылар Прези­денттің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы келеше­гімізге нық қадам жа­сау­ға, бағыт-бағдарымызды ай­қындап, нақты мақсат-міндет қоюмызға ықпал ететін құнды құжат екенін айтып тарқасты.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ