18 Тамыз, 2017

Фин концерні ЭКСПО-2017 аясында инновациялық жиһазын таныстырды

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы күні ЭКСПО аясында тағы бір шара ISKU OY Финляндия концернінің ұйымдастыруымен өтті. Семинар-кеңес форматында жобаланған басқосудың тақырыбы «Заманауи білім берудің маңызы – оқу-білім шабыт көзі» дегенге сайып тұр. Жарты күнге жоспарланған жиында білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінде қолданылатын фин жиһазының ноу-хауы мен инновациялары жайлы әңгіме қозғалды.

Фин концерні ЭКСПО-2017 аясында инновациялық жиһазын таныстырды

Ұйымдастырушылардың айтуынан, фин жиһазы қоршаған ортаға ешқандай экология­лық һәм физиологиялық зиянын тигіз­бейтін керемет дүние дегенді аңғардық. Жиһаз жасаушы «ISKU» концернінің вице-президенті Тапио Сиевиляйнен мырзаның пікірінше, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрме­сі­нің тақырыбы келешек энергия­сына қатысты болғандықтан, қор­ша­ған ортаға зиянсыз  сапалы өн­діріс материалдары арқылы жасалған бұл жиһаз көрме идеясымен ұштасып тұр. Сол себепті, цифр­лы жабдықты және жаңа тех­нологияларды пайдалануды өмір салтына айналдырған Қазақстан үшін компания өнімі тұ­тынушыға шабыт сыйлары сөз­сіз. 

Күллі фин мектептері мен бар­лық денсаулық һәм білім беру құрылымдары «ISKU» кон­цернінің өнімін тұтынады. Кон­церн алғаш 1928 жылы Лахти қаласында отбасылық кәсіпорын негізінде құрылған. Ұзақ жыл  жиһаз жобалау, өндіру және сатумен айналысып келеді. Өз өнімдерін Финляндиядан тыс Солтүстік Еуропа, Балтық жаға­ла­уы елдері, Польша, Ресей және Таяу Шығыс елдерінде өткізеді. Қар­жылық  айналымы − 134 млн еуро.  

Финляндияның білім беру жүйе­сін зерттеуші ғылыми қыз­мет­кер Паси Силандер мырза өзінің кезекті баяндамасында «Фин жиһазы бактерияларға қар­сы қорғаныс жабындысымен жа­рақталған әлемдегі бірден-бір өнім. Ол  қоғамдық үй-жайларда кез келген жұқпалы аурулардың жә­не инфекциялардың пайда болуына, таралуына жол бер­мейді. Тіпті инфекцияларды ем­ха­наішілік жағдайда жұқтыру про­цесін 60 пайызға, оқу меке­ме­лері мен жұмыс орындарында сырқаттануды болдырмауды 20 пай­ызға дейін  азайтатын мүм­кін­дігі бар» екенін  жеткізді. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 

Орынбай БАЛМҰРАТ

«Егемен Қазақстан»