Аймақтар • 19 Тамыз, 2017

Шымкентте шығарылатын аяқ киімдер Ресейге экспортталмақ

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте шығарылған аяқ киімдерге бүгінде сұраныс артып, импортты алмастырып келеді. «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен ел нарығында сатылып жатқан аяқ киімдер былғары және қолтырауын терілерінен тігіледі, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шымкентте шығарылатын аяқ киімдер Ресейге экспортталмақ

«Заря» деген сауда белгісімен өнім шығаратын цех ерлер, әйелдер және балаларға арналған қыстық, жаздық және спорттық секілді 27 түрлі аяқ киім шығарады. Қазіргі заманға лайықты 180 модель тігіледі.

Отандық өнім шығарып отырған кәсіпкер шикізаттың басым көпшілігін Шымкенттегі қаракөл зауытынан және Алматы мен Семей қалаларынан алып отыр.

Өнімін экспортқа шығаруды көздеп отырған цех басшысы бүгінде Ресей кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізген. Келісім оң нәтижесін берсе, олар айына 1000 жұптан астам өнім алмақ.

Сондай-ақ, цех өніміне Астана мен Ақтөбе қалаларының кәсіпкерлері де қызығушылық танытып отыр. Олар өз қалаларында «Заря» аяқ киім дүкенін ашуды көздеуде.

Бүгінде 30-40 жұп аяқ киім шығарып отырған цех өнімдерін ОҚО мен Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласының нарығына шығарып келеді.

Айта кетейік, өнімнің бағасы да қалтаға қонымды. Мәселен, ерлерге арналған аяқ киім 5-10 мың теңге аралығында болса, әйелдер аяқ киімі 5-15 мың теңге төңірегінде. Ал, балалар аяқ киімін 4000-8000 теңгеге сатып алуға болады.