Спорт • 22 Тамыз, 2017

Көкпардан әлем чемпионаты басталды

863 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі аясында жоспарланған маңызды шараның бірі көшпенділердің ұлттық һәм жауынгерлік ойыны көкпардан тұңғыш рет әлем чемпионатын өткізу болатын. Кеше аталмыш чемпионат елорда төрінде жалауын көтерді.

Көкпардан әлем чемпионаты басталды

Алдын ала мәлім етілген ақпаратта айтылғандай, мәр­тебелі жарысқа АҚШ, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Әзер­­байжан, Түркия, Ресей, Тәжік­стан, Қытай, Моңғолия, Ауған­стан, Вен­грия және өз еліміздің көк­паршы­лары қатысып, жарыс көрігін қыз­дыруы тиіс бола­тын. 

Атап өткеніміздей, жоға­рыда аты аталған мемле­кет­тердің ішінен белгілі себептерге байланысты Әзер­байжан көкпаршылары жарысқа келе алмай қалды. Қалған 11 команданың балуандары жасындай жарқылдап, астындағы аттарының ауыздығын қарш-қарш шайнатып алаңға шықты. 
Бұдан бір ай бұрын жеребе тартылып, көкпаршыларды екі топқа жіктеп, анықтап қойған шешім бо­йынша, алғашқы болып Өзбекстан мен Тәжікстан командалары сайысты бастады.  Нәтижесінде 3:0 есебімен тәжікстандық көкпаршылар өзбек бауырларды тізе бүктірді. Екінші болып алаңға беттеген Түркия және АҚШ елі құрамаларының ойыны сүреңсіздеу болғанымен, түрік бауырлар  7:1 есебімен жеңіс туын көтерді. Үшінші сайыс – Қазақстан және Ауғанстан командалары арасында өрбіді. Ауған бузашылары (көкпаршылары) әлекедей жаланған біздің жігіттерге титтей де қарсылық таныта алмады. Есеп –  9:2. Төртінші жұпқа түйіскен Әзербайжан мен Қытай жігіттері алаңға шығып, ат терлетіп шаршамады. Әзербайжан көкпаршылары жарысқа келмегендіктен, жеңіс қытайлық көкпақшылардың қанжығасына оп-оңай байланды.

Көкпардың соңғы жұбы – Қырзғыстан және моңғол елінің азаматтары көрермендерге нағыз сайысты көрсетті. Әсіресе, астындағы аттары үстіндегі балуанның тақым қағысын қалт жібермей жаттыққан қыр­ғыз жылқыларының керемет айла-тәсілін көрген жұрт та, қарап отырған біз де сүйсіндік. Таулы жерде  көкпар тартып жаттыққан қырғыздарға моң­ғо­лиялық азаматтар әжеп­тәуір қарсылық танытты. Бірақ нәтиже – 4:0. Жеңіс қырғыз­стан­дықтар еншісіне бұйырды.

Жоғарыдағы бес кезде­суді түйіндеп тастаған ұйым­дас­тырушылар күн екінтіге таяғанда чемпионаттың ресми ашылу салтанатын өткізді. Әуелі, доданы тамашалауға жи­налған нөпір жұртқа жамбы ату, теңге ілу, тазы жарыстыру сияқты ойындар көрсетіліп, соңында алыс-жақыннан ат арылтып келген көкпаршылар шеруі өтті. 

Алғашқы болып сөз алған Мә­де­ниет және спорт министр­лігі Спорт және дене шынық­тыру істері ко­митетінің төрағасы  Елсияр Қанағатов бұған дейін халқымыздың асыл мұ­ра­сы – ұлттық ойын түрлерінен тек қана тоғыз­құмалақтан әлем­дік деңгейде жарыс өткізіліп келген болса, енді міне, қатарға көкпар қосылды дегенді атап өтіп, жиналған жұрт пен қазақ еліне ат басын бұрған сайыскерлерге алғысын білдірді. 

Мәртебелі меймандар атынан пікір айту бақыты АҚШ-тың  Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джорж Крол мырзаға бұйырып, елші өз тілегін көпшілікке қазақ тілінде жеткізді. «ЭКСПО көрмесі аясында өткізіліп отырған бұл жарысқа америкалықтардың ша­қы­рылуы екі мемлекет арасындағы жақсы байланыстың нәтижесі», деді елші мырза.

Салтанатты рәсімнің соңы кон­церттік бағдарламаға жал­ғасып, елі­мізге танымал өнер жұл­дыздары өз өнерлерін паш етті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»