ЭКСПО-2017 • 28 Тамыз, 2017

ЭКСПО-2017. 3 миллионыншы мейман тіркелді

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО қалашығы өзінің үш миллионыншы келушісін күтіп алмас бұрын ұйым­дастырушылар БАҚ өкілдерін жиып, сақадай-сай отырды. 25 тамыз кү­­ні күндізгі сағат 12-ден 38 минут өткенде есеп жүйесі қалашық қақ­па­ла­ры­ның бірінен қаннен-қаперсіз аттаған Юрий Шурыгин атты мейманды 3 мил­­лионыншы келуші ретінде белгілеп, күзет қызметі оны дереу Медиа ор­та­­­лыққа алып келді. Ол өзін күтіп отырған журналистерді көріп тіпті таңғал­ды.

ЭКСПО-2017. 3 миллионыншы  мейман тіркелді

ЭКСПО қалашығы күтпеген тосынсыйлар жасап тұрады. Осының алдында да миллионыншы келуші мен екі миллионыншы келушіні дәл осылай күтіп алып, олардың газеттер мен телеэкрандардан көрінуіне жағдай жасаған. Сыйлық беруді де ұмытқан жоқ-тын. Бұл жолы да дәл солай болды. Юра ең алдымен БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп, сосын ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтарды иеленді. 

ЭКСПО-ның 3 миллионыншы қонағы мәскеулік Юрий Шурыгин Астанаға «Еуразия апталығы» аясында өтіп жатқан іс-шараларға қатысу үшін келген. Ол ЭКСПО-ның үш миллионыншы қонағы бо­­­лып тіркелмей тұрып, бір күн бұрын қа­ла­шықты аралаған болып шықты. «Ма­ған «Нұр әлем» павильоны қатты ұнады. Ал бүгін жұмыс кестем тығыз болса да, Ресей павильонын аралау үшін әдейі келген едім», – деген ол ЭКСПО көрмесінің Ре­сейдің Екатеринбург қаласында 2025 жы­лы ұйымдастырылуы мүмкін екенін, мұн­дай көрмелердің адамдарға жақсы әсер сыйлайтынын айтып өтті.
Ал «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тө­рағасы Ахметжан Есімов құрметті қонақты құт­тықтап, оған естелік сыйлықтар тарту етті. Төраға көрмеге келушілердің саны күн санап өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Ке­лу­ші­лердің 15 пайызының шетелдік қонақтар еке­нін, ал шетелдіктердің арасында ресейлік қо­нақтардың үлес саны көп екенін айтты. 

Еске сала кетейік, ЭКСПО қалашығында миллионыншы мейман көрме басталған соң 31 күннен кейін тіркелген болса, екі миллионыншы қонақ тамыздың 4-і күні белгіленген. 

Айгүл Сейіл,

"Егемен Қазақстан"