Қазақстан • 31 Тамыз, 2017

Абаев Алматыдағы түсірілім алаңында болып қайтты

454 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Пайда болған күннен бастап-ақ көкжәшік көптің көңілін баурап, бүтін бір ұрпақты тәрбиелеп шығатын қуатты құралға айналды. Сондықтан, онда көрсетілетін шағын жарнамадан бастап үлкен фильмдерге дейін мән-мазмұнға бай сапалы дүние болғаны абзал.

Абаев Алматыдағы түсірілім алаңында болып қайтты

Бір қуанарлық жайт соңғы уақыттары Отандық режиссерлардың  туындылары, сырттан келетін сан түрлі сериалдарды тықсыра бастады. Яғни төл телехикаяларымыздың бәсекеге қабілеттілігі артып, көрермен көзайымына айналуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» делінген болатын. Осы мақсатқа жетелеп таным-тарихымыздан сыр шертетін  тың дүниелердің көбеюі мерейімізді тасытады. Осы орайда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы жұмыс сапарымен Алматыға келді.

Соңғы жылдары отандық фильмдердің тың тыныс алып, кеңге қанат жаюына  көп көңіл бөліп жүрген министр бұл жолы  Қазақстан Ұлттық Телеарнасының тапсырысымен түсіріліп жатқан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телехикаясы мен  «24 сағат табиғат құшағында» тележобасының,  сондай-ақ «Хабар» Агенттігі арқылы көрерменге жол тартып, өткен тарихымыздан сыр шертетін «Қазақ батырлары» телехикаясының түсірілім жұмысын өз көзімен көріп, шығармашылық топтың жұмыс барысымен танысты. Алдымен жуық арада көрермен назарына ұсынылатын «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы монтаждалып жатқан студияға арнайы ат басын бұрып телехикаяның оқиға желісімен жақын танысып, туындының ерекшелігі жайлы продюсердің өз аузынан естіді. 

«Аталмыш телехикая ұлттық-салт дәстүрлерімізден хабар беріп, шынайы махаббаттың үлгісін паш ететін туынды. Онда сыңсу, бақсы сарыны, бәдік, тойбастар, жар-жар, айтыс, естірту, көңіл айту сынды салт-дәстүрдің элементтері көптеп қолданылған. Рөлдерді сомдайтын әртістердің басым бөлігі кино әлеміне енді қанат қаққан жас таланттар. Түсірілім жұмыстары екі айға созылды. Алты бөлімнен тұратын телехикаяның әр бөлімінің ұзақтығы 42 минут. Монтаждау жұмыстары ойдағыдай аяқталса су жаңа телехикая «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа маусымында көрерменімен қауышатын болады» деді, жобаның бас продюсері Баян Мақсатқызы.

Ұлттық арнаның жаңа маусымында көрерменге ұсынылатын тағы бір тың жоба «24 сағат табиғат құшағында» деп аталады.  Отандық телеарналар кеңістігінде бұрын соңды болмаған спорттық-танымдық реалти-шоу 2 қыркүйектен бастап әр сенбінің кешінде көрсетіледі деп жоспарланған.  Жобаны  «Қазақстан» телерадиокорпарациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин өзі таныстырды.

«24 сағат табиғат құшағында» тележобасы барлық  жастағы көрермендерге арналған бірегей жоба. Онда еліміздің көрікті жерлерін тамаша табиғатын, сол мекеннен түлеп ұшқан  танымал азаматтардың өмірімен ұштастыра отырып көрсетеміз. Негізгі идея Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасымен астасып жатыр. Басты мақсатымыз – осы жоба арқылы отандық туризмді дамыту, әр салада дараланған азаматтарды көпшілік біле бермейтін жаңа қырынан таныту. Жан-жақтылықты талап ететін жобаға жүргізуші таңдау  оңайға соққан жоқ. Бағын сынап іріктеуге қатысқандардың саны төрт мың адамнан асып жығылды. Нәтижесінде, талантты жас актер Нұржан Садыбековке бағдарлама тізгіні сеніп тапсырылды. Бағдарламаның алғашқы санына басты кейіпкер ретінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев түсірілді. Туған перзенті арқылы Қарағанды облысының тарихи маңызға  ие шұрайлы жерлерін бағдарламаға арқау еттік. Сол сияқты хабардың әрбір санында әр тұлғаның жаңа қыры мен туған жерінің әсем табиғаты қатар өрілетін болады», деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ баспасөз мәлімдемесі барысында телеарна басшысы министрді жаңа жобаның бір санына басты кейіпкер болуға шақырды.

Шараның екінші күні Дәурен Әскербекұлы, сондай-ақ  20 дан астам БАҚ өкілі Райымбек ауданының Орта меркі жайлауына  бет алып «Қазақ батырлары» тарихи көркем телехикаясының түсірілім жұмыстарымен танысты. «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсіріліп жатқан картинада қазақ батырларының өмірі мен ерліктері суреттеледі. Оқиға XYII ғасырдың басында қазақ билері мен сұлтандары өзара тартысып жатқан тұста басталады. Ел басқарар бір адамның болмауы мен халықтың әлсіздігінен қазақ жеріне қалмақтар мен ойраттар тарапынан шабуыл көбейді. Осы қиын-қыстау кезеңдегі батырлардың батылдығы мен ерлігі елдің рухын көтеріп тастайды. Сонымен қатар картинада мемлекет тұтастығының маңызы, өзара тартыстың соңы жақсылыққа алып бармайтындығы сөз болады. Телехикаяның қоюшы- режиссері Асқар Ұзабаевтың айтуынша оқиға Қарасай, Ағынтай батырлар жайындағы ел аузынан жеткен аңыздар желісінде дүниеге келген.

«Қазіргідей мәдениет жаһанданған заманда өз тарихыңды тану, есте сақтау, сондай-ақ ата-бабамыздың осынау алып мемлекетімізді құру және қорғап қалу үшін қалай күрескендігін білу өте маңызды. Көрермендер бұл телехикая арқылы өткенімізге оралып, ел тарихында батырлардың қаншалықты маңызды рөл атқарғандығын көреді. Түсірілім жұмыстары басталғанға дейін көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тыңғылықты дайындық жасалды. Біздің шығармашылық топ қазақстандық кино саласында өз орнын табатын картина түсіреді деген ойдамыз», – деді «Хабар» Агенттігі Басқармасының Төрайымы Алмагүл Ахметжанова.

«Сапалы әрі тәрбиелік мәні бар отандық телехикаяларды көбейту мәселесі жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» аз уақытта көрерменімен қауышып өз бағасын алатын болады. Үлкен шығармашылық ұжымның табанды еңбегімен түсіріліп жатқан «Қазақ батырлары» телехикаясын бұл саладағы бірегей мега жоба деп айта аламыз.  Биылғы жылы 39 жаңа телехикаяны көрермен назарына ұсынамыз деген жоспарымыз бар. Бұлардың сапынан тек тарихи картиналарды ғана емес, барлық жанрларды қамтыған туындыларды кездестіруге болады. Әр фильм жан-жақты сарапқа салынып, зерттеліп-зерделеніп, тарихшы мамандармен кеңесе отырып іске асуда. Сондай-ақ, 25 жыл ішінде еліміздің өсіп-өркендеп қуатты мемлекетке айналғанын көрсететін деректі фильмдер топтамасын түсіру де ойымызда бар. Бұл жобалардың барлығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» идеяларының аясында жүзеге асады», – дейді Дәурен Абаев.

Екі күнге созылған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері отандық режиссерлермен сұхбат құрып, кино түсіру өнерінің қыр сырына қанықты.

Дәурен мырза тілге тиек еткендей соңғы жылдардың айналасында отандық өнімдердің өрісі кеңейіп, биік белестерді бағындырып келеді. Тамырымызға қан жүгіртіп, тарихымызбен қауыштыратын сапалы фильмдердің көбеюі руханиятымыз бен мәдениетіміздің алтын қорын молайта түспек.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ,

АЛМАТЫ