Үкімет • 01 Қыркүйек, 2017

Кәсіпкерліктегі кедергілер азаяды

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының екінші басымдығы – «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту» мәселесі жайында баспасөз мәслихаты өтті. 

Кәсіпкерліктегі кедергілер азаяды

Оған Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов, «Kazakh Invest» ҰК бас­қар­ма төраға­сының орынбасарлары Бір­жан Қа­не­шев және Нұрсұлтан Жиен­баев, сон­дай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төр­аға­сы­ның орын­басары Рустам Жүрсінов қатысты. 

Жиында бәсекелестікке сай бизнес-ортаны қалыптастыру, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсаттарында атқарылып жатқан шаралар туралы айтылды. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, елімізде бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен ке­ңейту үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізілуде. Айталық, кәсіп­керлік бастаманы жүзеге асы­руға жағымды құқықтық, эконо­микалық және әлеуметтік жағ­­дай жасауға басымдық беріл­ген. Атқарылған жұ­мыстар нә­ти­же­­сінде бүгінде еліміз Дүние­жүзі­лік банктің «Doing Business» рейтин­гінде былтырғы жылмен салыс­тырғанда 16 позиция бойын­ша көрсеткіштерін жақ­сар­тып, 65-орынға ие болды. Бұл жүргіз­ген жұ­мыстарымызға берілген жақсы ха­лық­аралық баға деді министр.
Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде де деңгейіміз жаман емес. Айталық, «Әкім­шілік реттеу ауыртпалығы» индикаторы бойынша Қазақстан өз көрсеткіштерін 8 позицияға жақсартып, 38-орынға жетті. Ал 2015-2016 жылдары 46-орында болған еді.

Осы жұмысты жалғастыра отырып, заңнама актілеріне бизнес процедураларын, мерзімдері мен қаржы шығындарын қыс­қар­туға бағытталған кезекті түзе­тулер пакеті дайындалды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы жұмыс өңірлерде «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізу арқылы орындалып жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда елімізде бизнес-ортаны ел іші және еларалық деңгейлерде зерттеуге бағытталған әлемдік баламалар тәжірибесін ескере отырып, тиісті әдістеме жасалған. Өңірлер мен қалаларда бизнесті жүргізу жағдайы 5 фактор, атап айтқанда, реттеушілік климат, бизнеске қаржының қолжетімдігі, адами капитал, бизнес инфрақұрылымы, қабылданатын шешімдердің ашықтығы бойынша бағаланады. Бастысы, рейтингті дайындау барысында кәсіпкерлікті дамытудағы проблемалы аспектілер анықталып, сондай-ақ бизнес өкілдерінің пікірі бойынша, аймақтар мен қалаларда іскер ортаның жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ұсыныстар көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, бизнес-ортаны жақсарту мақсатында тағы бір қолға алынған шара – артық мемлекеттік реттеуді қысқарту бойынша ауқымды жұмыстың жүр­­гізілуі. Бұл бірқатар бағыт­тар­ды қысқартуды көздейді. Бірін­­шісі, бақылау-қадағалау қыз­­метінде реформа жүргізілуде. Жал­­пы, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау бо­йынша қабылданатын шаралар 2018 жылға тексерулер санын 30 па­й­ыз­ға қысқартуға мүмкіндік бер­­мек. Ол 70 мыңға жуық тексе­ру­­ түрін құрайды, ал 2020 жылға қарай тағы 10 пайызға қысқар­мақ. 

Бизнеске түсетін тағы бір ма­ңызды жүктеме, ол бақылаусыз және жүйесіз енгізілетін ақ­па­рат­тық құралдардың өте көптігі болып отыр. Осы ретте жүргізілген ре­формалар екінші бағытты құрайды. Бүгінгі таңда бизнес­ке қойылатын 1600-ден астам ақ­па­раттық талап анықталды, олардың көпшілігі бақылау қыз­меті немесе мемлекеттік ста­ти­с­тикалық есептілік нысанда­ры аясындағы функциялары бойынша өзара бірін-бірі қайталайды. Сондықтан, «гильотина» құралын қолдану нәтижесінде 2018 жыл­дың өзінде-ақ ақпараттық құрал­дар санын 30 пайызға қысқарту жә­не заңды түрде олардың соңғы тіз­бесін бекіту жоспарланып отыр. 

Үшінші бағыт – рұқсат жүйесін әрі қарай оңтайландыру және жеңілдету. Былтырғы жылы рұқсат құжаттарын 50 пайызға қысқарту бойынша реформа жүргізілген, соның нәтижесінде рұқсат беру құжаттары саны 708-ден 316-ға азайған. Төртінші бағыт бойынша былтырғы жылы енгізілген өзін-өзі реттеу институтын әрі қарай дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ерікті өзін-өзі реттеу букмекерлік қызметке, экологиялық аудит, салық кеңесшілері қызметіне, өрт қауіпсіздігі саласына енгізілді. Аталмыш заңды әзірлеу барысында міндетті өзін-өзі реттеуді енгізу бойынша 6 негізгі салада жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, нотариалдық, адвокаттық, бағалау, аудиторлық, экологиялық аудит қызметтері және құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жасау.

Бесіншісі – жалпылама шығындарды қысқарту жұмыстары. Бизнес шығын­дары­ның маңызды үлесі мемлекеттік сектор кәсіпорындарының қызметін, таби­ғи-монополиялық қызметтерді төлеуге, сон­дай-ақ табиғи монополиялар субъекті­лері­нің инфрақұрылымына қосу, техни­ка­­лық паспорттар беру барысында көрсе­ті­летін қызметтер шығындарына байланысты. 

Алтыншы бағыт бойынша атқарылған жұмыстар заң саласына негізделеді. Бүгін­гі таңда 30 заң талданып бітті, соның қоры­тын­дылары бойынша бәсекелестікті да­мы­туға кедергі келтіретін нормалар анық­талды. Қазіргі уақытта 70 заң мен 1000 заңға тәуелді ак­тілерге талдау жүргізіліп жатыр.
Осы шаралар кәсіпкерлік қыз­метті рет­теуді жетілдіру мәсе­лелері бойынша бірың­ғай заң жобасы аясында жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде, бизнестің өндірістік емес шығындарын ауқымды қысқарту, ре­сурстарды үнемдеу, еңбек өнімділігін өсіру, бизнес-климатты жақсарту және кәсіп­керлікті жаппай дамыту қамтамасыз етілмек.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»