01 Қыркүйек, 2017

Жыраудың соңғы аманаты

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымыздың ежелгі ақындық және жыраулық дәстүрін мазмұн мен түр жа­­ғынан одан әрі байыта білген тарихи тұлғалардың бірі Нұрпейіс Байғанин де­сек, қателеспейтін шығармыз. Оның ар­­­тына қалдырған әдеби мұрасын зерт­те­­ген әдебиетші ғалымдар Бай­ға­ниннің ауыз әдебиетінің үлгілері мен нұс­қа­ла­­­рын жазба әдебиеттің көр­кем­дік дең­­гейіне көтере алғанына ба­сым­дық бе­реді. 

Жыраудың соңғы аманаты

Әрине, бұл арада Нұрпейіс Байғанинге қатысты бұрыннан белгілі деректерді тағы да тықпалай беру ниетінен аулақпыз. Халық ақы­ны­ның өмірден өтер сәтінде төсек жаң­ғыртып, кей­інгі алған зайыбы Аймекенге айтып кеткен соң­ғы аманаты мен өсиетін баласы Момынның ау­зынан естіген кезде біртуар жыраудың әдеби ерек­шелігі жөніндегі мағлұматтар ойымызға оралған-ды. Оны айналып өте алмадық. 

Енді айтайын деген әңгімеміздің тікелей төркініне көшсек, жыраудың кенже баласы Момын Нұрпейісұлы биыл 80 жасқа толып отыр. Таяуда біз ол кісіні Ақтөбе қаласында өт­кізілген «Туған жерім – нұрлы елім» атты Бай­ға­нин ауданының күндері кезінде кез­дестіріп, әң­гімеге тартқан едік. 1945 жылғы 9 сәуірде әке­сі Нұрпейіс жеңіске тұп-тура бір ай қалғанда дү­ние салған кезде ол 8 жаста болыпты. Момын әке­сі 80 жасқа жақындаған шағында көрген пер­зенті екен.

Бұл жалған дүниемен қоштасар сәтінде жы­рау зайыбы мен баласын қасына шақырып алып, соңғы аманатын айтыпты. Момын ақса­қал­дың айтуынша, осынау соңғы өсиет сөздің түп-төркіні төмендегідей:

– Алақаныма салып аялаған елім мен хал­қы­ма ризамын. Өкінетіндей ештеңем жоқ. О дү­ние­ге армансыз кетіп бара жатырмын деп айта аламын. Алдағы ғасырлар мені ұмытпас. Ай­мекен, саған айтарым, баламды ешкімнен кем қылма, елім мен халқы сүйетін азамат етіп тәр­биеле. Әлі жассың ғой, тағы да тұрмыс құ­ра­мын десең, жолыңды кескім келмейді. Менен рұқ­сат, деген екен абыз-жырау. 

Сонда Аймекен шешеміз: – Жоқ, Нұрпейіс, ме­нің ондай ойым жоқ. Егер бұлайша ниет етсем, маған бай табылады. Бірақ сені мұндай қа­дамға бармаймын деп сендіре аламын. Отың мен ошағыңды сөндіргім келмейді. Айтқан аманатың мен өсиетің бойынша қалған өмірде бар күш-қайратымды балаң Момынды ержеткізіп, азамат етіп тәрбиелеуге арнаймын, деген екен сонда жарықтық Аймекен апамыз.

– Анам әкеме айтқан сөзінен айныған жоқ. Мен ол кісінің аналық мейірімі мен талап қойғыш қасиетінің арқасында ер жетіп, ат жалын тартып міндім. Ол кісі ұзақ та бақытты ғұмыр кешіп, 1985 жылы 95 жасында өмірден озды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шо­қыт­тырмай өсірген ана рухының алдында өзім­ді шексіз қарыздармын деп есептеймін, деп аяқтады өз әңгімесін Момын Нұрпейісұлы. 

Осы арада Момынның бойында әкесінің қанымен сіңген қасиеттер де мол екенін айта кеткен жөн секілді. Өйткені, халқымыз бойына сан алуан өнер дамыған ұлдарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптеп жатпай ма?! Солар­дың бірі, тіпті бірі емес бірегейі Момын аға де­сек ше? Құрманғазы атындағы қазақ консер­ва­то­риясын бітірген ол кейін дүлдүл домбыра­шы, дәулескер күйші атанды. Әрі өңірдегі ха­лық аспаптар оркестріне жетекшілік жасады. Қайсыбірін айтарсың, қысқасы, Момын Нұр­пей­іс­ұлында халық берген абырой да асқақ, үкі­мет берген атақтар да жетерлік.

Момын аға сексеннің салмағын сезінгенімен, шығармашылық бабын жоғалта қоймағанына да куә болғанбыз. Тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы халық алдына шығып, Қазанғаптың «Өттің дүние, кеттің дүние» және Жантөренің «Шалқыма» күйлерін кемеріне келтіре тартып берген кезде, бұған құлағының құрышы қанбай қалғандар қаншама. 

Міне, осылайша біз Момын Байғанин сек­сен­нің сеңгіріне көтерілер қарсаңда әкесі­нің ау­з­ынан естіген аманат-өсиетті газет оқыр­ман­дарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. 

Темір ҚҰСАЙЫН, 
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ