Білім • 02 Қыркүйек, 2017

Мемлекетімізде білім берудің инновациялық даму жүйесі қалыптасты - Исекешев

510 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанда шамамен 380 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады. Республиканың барлық білім мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. 1 қыркүйек Құрбан айт мейрамына дәл келгендіктен алғашқы қоңырау соғу салтанаты 2 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Астана қаласы əкімі Əсет Исекешев айтулы мереке – Білім күнімен құттықтады.

Мемлекетімізде білім берудің инновациялық даму жүйесі қалыптасты - Исекешев

«Бұл жалпы халық ерекше күтетін мерейлі күн. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектептеріміз жаңа оқу жылын бастайды. Дәл осы күні адамдардың жеке тұлға, саналы азамат ретінде қалыптасу үдерісі басталады.

Халқымызда «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген тәмсіл бар. Бабаларымыз тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеуді аманаттап кеткен. Сондықтан білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда.

Тәуелсіздік жылдары мемлекетімізде білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасты. Әлемдік стандарттарға сай білім беру – еліміздің негізгі капиталына айналды. Соңғы жиырма жылда Елордада жүздеген жаңа мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемесі пайдалануға берілді. Осының бәрін ел ертеңі, ұлт болашағы – жастарға жасалған қамқорлық деп түсіну керек. Елордалық оқушылар әлемдік білім додаларында оза шауып, ел намысын абырой мен қорғап жүр. Бұл да болса, бағытымыздың айқын, нәтижелі екенін айғақтайды», деген ол білімді жастар көп болсын деп тілектестігін білдірді.