Ұлттық спорт • 04 Қыркүйек, 2017

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

933 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан IV әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. 

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Төртінші рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеге әлемнің 25 елінен 70-тен астам спортшы өздерінің бақтарын сынауда. Халықаралық турнир Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен өткізіліп жатыр.

Жарыстың ашылу салтанатына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысып, тоғызқұмалақшыларға сәттілік тіледі.

Әлихан Бәйменовтің айтуынша, елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындардың қатары күн сайын артып келеді. «Тоғызқұмалақтан Алматыда өткен тұңғыш республикалық сайысқа төрт-ақ адам қатысса, бүгінгі күні аталған спорт түрімен айналысатындардың саны 200 мыңнан асқан. Соның ішінде тоғыз мыңға жуық спортшы тоғызқұмалақпен кәсіби түрде айналысып келеді», – деді ол.

Сондай-ақ, тоғызқұмалақпен айналысатын шетелдік спортшылардың да қатары артып келеді. Оның дәлелі ретінде биылғы әлем біріншілігіне Австрия, Камерун, Польша және Украина елдерінің спортшылары тұңғыш рет қатысып жатса, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және тағы басқа мемлекеттің спортшылары тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына тұрақты түрде қатысып келеді.

Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өтуде. Сондай-ақ, биыл әлем чемпионатының тарихында алғаш рет жұптық командалық жарыс өткізілмек. Оған әр мемлекеттен бір ер және бір әйел адам қатысады.

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының мақсаты – қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік спортшыларды анықтау.

Айта кетейік, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы елордада өтсе, екінші чемпионат 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында ұйымдастырылған. Ал үшінші әлем біріншілігі 2015 жылы Алматыда өткен болатын. Әлем чемпионаты 8 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»