BBC арнасының хабарлауынша, жастардың отбасылық өмірге асықпауы олардың ата-аналарын ғана емес, Қытай үкіметін де толғандырып отыр.
«Өткен онжылдықта ел ішіндегі үйлену көрсеткіші артқанына қарамастан, екінші жыл қатарынан Қытайда жаңадан тіркелген неке саны азайып барады. Шаңырақ көтергендер 2014 жылы 9,1 пайызға азайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш тағы 6,3 пайызға құлдыраған. Сонымен қатар, некеге тұру жасы да 1,5 жылға өсті», – дейді BBC.
Қытай үкіметі «құда түсіп, құйрық-бауыр асатуға» 1950 жылы тыйым салған болатын. Алайда, ата-аналар әлі күнге дейін балаларын атастыруды жөн көреді. Тіпті, олар бойдақ баласы туралы ақпарат алмасу үшін арнайы мекемелерге барады екен. BBC арнасы шығыстағы көршіміздің қол қусырып отырмағанын айтады.
«2007 жылы Білім министрлігі 27 жастан асқан қыздарды «отырып қалған» деп ресми түрде мәлімдеп, болашақ жарына қоятын «өте қиын» талаптарын азайтуға шақырған болатын. «Отырып қалған» ұғымы ұлға да, қызға да қолданғанымен, ғалымдар оны сынап, жас қыздар қарсылық көрсетті. 2016 жылы үкімет «кеш» үйленгендерге (жігіттерге 25, қыздарға 23 жастан кейін) бал айына қосылатын 7 күндік мерзімді алып тастады».
«Аспанасты елінің» бойдақтар тағдырына алаңдауының негізі бар. Қазіргі таңда Қытайда саусылдаған соқа бас еркектер миллиондап саналады. Олардың нақты санын айту қиын. Дегенмен, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары түрлі деректер келтіреді. Global Times бойдақ жігіттердің саны 24 миллион шамасында екенін хабарласа, China Daily олардың саны 33 миллионнан асып түсетінін жеткізген-ді.
«Қытай және жаһандану орталығының» денсаулық сақтау бойынша маманы Хуанг Уенженг еркектер санының артуына елдегі «бір бала» бағыты тікелей әсер еткенін айтады. Өйткені, ата-аналардың көбі «Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» дегендей, жалғызының ер бала болғанын қалайды. Маманның сөзінің жаны бар. People’s Daily хабарлауынша, 1971-2012 жылдар аралығында 270 миллион жасанды түсік тастату оқиғасы тіркелген.
BBC арнасы бойдақ жігіттердің көбі шалғай аймақта тұратынын және тұрмысы төмен екендігін айтады. Қытай халқы оларды қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан қоғамға зиянды деп есептейді. Екі жыл бұрын People’s Daily сайты «отырып қалған» жігіттердің жиі қылмыстық әрекетке баратынын, құмар ойынға берілетінін, жезөкшелерді жағалайтынын мәлімдеген болатын. Мамандар мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсынып жатыр. Әзірге оның ешқайсысы қоғам тарапынан да, үкімет тарапынан да құпталмапты.
Дегенмен, бойдақтардың көптігі Қытайдың ғана мәселесі емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметіне сүйенсек, көптеген елде шаңырақ көтергендер саны бұрынғыдан азайып кеткен. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Жылдан- жылға отау құратындар саны азайып бара жатыр. Статистика комитетінің деректері бойынша, 2013 жылы 168 417 неке тіркелсе, 2014 жылы 159 328 жаңа отбасы құрылыпты. 2015 жылы 148 769 жұп шаңырақ көтерген. Керісінше, ажырасқандар саны жыл сайын артып келеді. 2014 жылы 52 673 жұп ажырасса, 2015-те бұл сан 53 293-ке жеткен. Биыл тамызға дейін 75 701 неке тіркелсе, 31 469 жұп ажырасқан.
Қайбір жылы атағы дардай бір ағамыз 24 мың қазақ қызының қытайға тұрмысқа шыққанын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Ол кісі қызды-қыздымен айтып қалса керек. Өйткені, ресми деректер басқаша сөйлейді. Статистика комитетінің ақпараты бойынша, бүгінге дейін шетелдікпен 54 мыңға жуық неке тіркелсе, соның 700-і ғана Қытай азаматтарымен арада жасалған. Жыл басында 2010-2016 жылдар аралығында 353 қаракөз Қытай азаматтарына тұрмысқа шыққанын мәлімделді. Бірақ, соның 190-ы Қытайдағы қандастарымызға күйеуге тиген екен. Ендеше, статистикалық деректер «қазақ қыздары жаппай қытайға күйеуге тиіп жатыр» деген әлгі ағамыздың байбаламы орынсыз екенін дәлелдейді.
Әйтсе де, Қытайда шетелдікпен шаңырақ көтеретіндер көп көрінеді. Олар негізінен өздеріне мәдени, әлеуметтік жағынан ұқсас ұлттармен некеге тұруды жөн көреді екен. China Information журналының 2013 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қытай бойдақтарын ең көп «импорттайтын» елдер қатарында Гонконг (264 мың), Тайвань (133 мың) және Макао (17 мың) бар.
Қытайдағы бойдақтардың көптігі, біріншіден, экономикалық жағдайға байланысты. Оның екінші себебі – елдегі қыз баланың аздығы. Әзірге Қытай тұрғындары халықаралық отбасын құруда оңтүстіктегі көршілерін дұрыс деп тауып отыр. Алайда, күні ертең олардың басқаларға «көз салмасына» ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше, Қытайда соқа бас еркектердің көптігі көрші елдерді бейжай қалдырмауы тиіс.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»