Білім • 06 Қыркүйек, 2017

Депутат білім гранттарына байланысты сауал жолдады

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің пленарлық отырысы барысында депутаттар өз сауалдарын жолдады. Депутат Әбдіманап Бектұрғанов білім гранттарын тағайындау барысында туындаған дауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» тілшісі.

Депутат білім гранттарына байланысты сауал жолдады

«Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы болмайды, білім гранты тек Ұлттық біріңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге беріледі деп мәлімдеген. Ал шын мәнінде білім гранттары қолданыстағы «Білім туралы» Заң мен білім грантын беру ережесіне сәйкес, «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығын сақтай отырып бөлінді. Осы қарама-қайшылық талапкерлер мен ата-аналардың түсінбеушілігін туғызды», – деген Ә.Бектұрғанов Білім және ғылым министрлігінің білім гранты иегерлерінің тізімін екі рет жариялауы әркімнің қалауына келтіретін емес, заң бойынша шешілетін мәселе екенін мәлімдеді.

Осы мәселеге қатысты Ә.Бектұрғанов Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа бірнеше сауал жолдады. Әуелі Білім және ғылым министрлігінің неліктен заң жобасына сілтеме жасап, шешімін өзгерткені сұралса, екінші министрліктің қандай құжатқа иек артып шешім шығарылғаны жөнінде сұрақ қойылды. Сонымен қатар, депутат бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілгенін сұрады.

«Неліктен медициналық мамандықтар бойынша бөлінген мемлекеттік тапсырыстың медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы бөлінісі құжаттар тапсыру аяқталуына бір күн қалғанда жарияланған? Грант бөлу кезінде екі түрлі бұйрық шығарып, қателіктер жіберген министрліктердің жауапты қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылды?», – деп сауал жолдады Ә. Бектұрғанов.

Сонымен қатар, Д.Еспаева, М.Қазбекова, А.Платонов, А.Перуашев секілді халық қалаулылары да депутаттық сауалдарын қойды. Сондай-ақ, пленарлық отырыста Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Серік Сәпиев салтанатты түрде ант берді.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»