Футбол • 07 Қыркүйек, 2017

Президент кубогы үшін күш сынасады

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Талғар қа­ласындағы Ұлттық құра­маның жаттығу базасында дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып келе жатқан фут­болдан Қазақстан Респуб­ликасы Президенті кубогы өтіп жатыр.  

Президент кубогы үшін күш сынасады

Биыл 10-шы рет ұйымдас­тырылып жатқан футбол аламанына 17 жасқа дейінгі жас­өспірімдер құрамасы бақ сынауда. Жарысқа алыс-жақын шетелден келген сегіз құрама қатысып, турнир көрігін қыздырмақ. Олар төрт-төрттен екі топқа бөлінген. «А» тобында Қазақстан, Түрік­менстан, Албания, Грузия құра­малары бақ сынаса, «В» тобында Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан жасөспірімдері өзара мықтыны анықтайды.

Футболдан Қазақстан Респуб­ликасы Президенті кубогын жыл сайын дәстүрлі түрде ұй­ым­­дастырғанның арқасында бұл турнир 2011 жылдан бас­тап, ФИФА мен УЕФА-ның жас­өспірімдер футболын дамыту күнтізбесіне еніп, жасөспірімдер құрамаларының айқасына айналды. Сол жылдан Қазақстан жастар құрамасының нәтижелері жақсара бастады. Айта кетсек, 2011 жылы жастар құрамамыз төртінші орын иеленсе, келесі жылы үздік үштікке еніп, Пре­зиденті кубогының қола жүлдегері атанды. Ал 2013 жылы жастарымыз айды аспанға бір-ақ шығарып, турнирдің бас жүл­десіне ие болды. 

Былтыр Шымкент қала­сында өткен Қазақстан Респуб­ликасы Президенті кубогында жастарымыз екінші рет чемпион атанды. Финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Тәжікстан құрамасын 2:1 есебімен жеңген болатын. Биыл Ресейде өткен Гранаткин турнирінің үздік шабуылшысы атанған Еркебұлан Сейдахмет дәл осы жарыста мергендігімен көзге түскен еді. Төрт кездесуде үш гол соғып, жа­рыс қорытындысы бойынша – ең үздік шабуылшы атанды. Ал команда капитаны Димаш Қашкен – ең үздік ойыншы мәртебесіне ие болған еді. Би­­ылғы турнирде де отандас­та­рымыз былтырғы биігінен түс­пейді деп сенеміз.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»