Әдебиет • 08 Қыркүйек, 2017

Раушанов жазған жырды жаттама...

694 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Раушанов жазған жырды жаттама...

МЕНІ КҮТІП ТҰРҒАН СЫНДЫ ЕЛЕҢДЕП...


Көркем гүл көрсе қонақтай 
Көбелек бекер мәз бопты.
Бөгелек қаққан торы аттай,
Бөгелмей өтіп жаз кетті.

Тағы бір жазға қысқарды,
Талайсыз ғұмыр тарығып.
Тағдыр дейтұғын мыстанды,
Жібіткен бар ма жалынып.

Бақ дейтін құсты қайтарып,
Қондырған бар ма қолына.
Өсер ме гүлдер жайқалып,
Тікенек біткен жолыма.

Қол-аяғымды тең шырмап,
Төбемнен кәрі төніп құз.
Қу мыстан ойнап, мен шындап,
Талай да жерге келіппіз.

Шынымен, тегі өтпей ме,
Қарғысы қайда, қайда ұшты? 
«Шаршатсам, кешір» деп кейде,
Аяп та кетем байғұсты.

Өмірзая ұлмын мен де бір,
Төзімі құрыш көктемір,
Өгей шешенің өрмегін
Үзе қашатын жетпегір...

* * *
Көп болды ғой – көрінбеді күн көзі, 
Ай да, күн де, жұлдыз да жоқ – 
бұл не өзі, 
Табалап тұр тасбауырлау ағасын, 
Табиғаттың дүр кезі.

Шұбар ала бұлт көшеді шұбап кіл, 
Уай, не дейді, не дейді аспан, 
құлақ түр, 
Жаңбыр емес, тереземнің сыртында 
Менің жалғыз қарындасым 
жылап тұр.

Аспан жаққа кетіп қалды сол бала, 
Іздеп барса таба алар ма сорлы аға, 
Сорлы ағасы қалып қойды 
жолда ана, 
Енді қайтып көрмесіне қорлана. 

Қалып қойды соқыр, мылқау, 
керең боп, 
Ақ құлыншақ көкем қашан 
келер деп, 
Жұмаққа да кірмей, есік алдында 
Мені күтіп тұрған сынды елеңдеп.


МЫНА ЖАҢБЫР ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?
2012 жылы қарға жазылған сонет

Көктем кешікті.
Көңіл жабырқау.
Көктайғақ.
Көше талдары – 
көкке қол жайған көп бейбақ.
Көп керек емес, 
Алматыға да, маған да
Сәл ғана мейірім, 
аз ғана шуақ жетпейді-ақ.

Шаршаңқы көңіл, 
шашыраған ой тарыдай, 
Өтер ме екенбіз жылылыққа 
бір жарымай.
Қадекең кетті, Тұмағаң кетті 
өткен жыл, 
Түсім болса екен осының бәрі, 
а, құдай.

Дүние жаңа еді, 
қалайша жылдам көнерді,
Сен мұндай емес едің ғой бұрын, 
Алматы,
Сен мұнша суық емес едің ғой, 
не болды?

Қош дейтін кез де келеді-ау 
ертең фәниге
Қиналмай өлсем деп армандайсың, 
қор болмай,
Қиналмай өлсем... 
(тап қазір емес, әрине).

* * *
Үстірт барсаң, дүзді көр, 
Дүз дегенім – қасқа болған біздің ел.
Үстірт деген – оқиғалар керуені, 
Оқулыққа кірмей қалған сіз білер.

«Қызыләскер жақын қалды, таяды, ә, 
Ал, кес, інім, басымды кес, аяма, 
Басымды әкет, дене құрсын, 
Басты әкет!
– Ақыретте көрісерміз, әй, аға».

Іні кетті, тірі кетті жас берен, 
Құдіретті ала кетті Бас деген.
...Құдыққа айттым бұл тарихты 
жасырып, 
Талай жылдар тауларға айттым 
тас керең.

Үстірт деген – мұз құрсаған кең аймақ, 
Үскірігі бұлтты қуар кері айдап.
Бұлттарға еріп қаңғып кеткім келеді, 
Жаралы ағам жалғыз қалды-ау 
деп ойлап.

Е, шерлі аймақ, шерлі аймақ, 
Бұл әлемде жер бар ма екен 
сендей нақ.
Жерлей алмай алтын басын ағаның, 
Желмен бірге көшіп жүрген 
мен бейбақ.

* * *
Беу, балалық алғаусыз,
Осы сөзде бір құдірет бар даусыз.
Раушан қыз жылап қалды, обал-ай,
Раушан гүлін ұстап алып аңдаусыз.

Гүл астында тікен барын білдірген,
Ертең қимай қоштасасың бұл күнмен.
Раушан гүлі мәнгі қалмақ жадыңда,
Раушан қыз, бүлдірген.

Раушан қыз, айналайын ақ бала,
Екі көзің қап-қара. 
Бұдан былай жан-жағыңа сақ қара,
Раушан гүлін жұлма бекер, таптама.

P.S. Тағы да бір айтарым, Рау­ша­нов жазған жырды жаттама, керегі жоқ, айнам!
 

Есенғали РАУШАНОВ