Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Цифрлы технология озық отыздыққа оздырады

2703 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алқалы жиын басталмас бұрын Елбасы цифрландыру тақырыбында арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Онда түрлі бағыттар бойынша 30-дан астам ІТ-жоба қойылды. 
 

Цифрлы технология озық отыздыққа оздырады

Кеңеске мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері, Парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Ауқымды шараны Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ ұйымдастырды.

Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ци­фрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын таныстыру барысында ай­тылған мәліметтерді ескеріп, еліміздің эко­номикасын дамыту үшін цифрлы тех­нологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығына тоқталды.

«Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елі­нің қатарына қосылдық. Қазір да­мы­ған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа ин­но­вациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың ба­­сында Қазақстан халқына арнаған Жол­дауымда Үшінші жаңғыру жө­нінде жарияладым. Оның негізі цифр­лан­дыру болып табылады», деді Пре­зидент.

Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін ерекше атап өтті.

Елбасы сондай-ақ, цифрлы экономика үшін алдымен халықтың техникалық сауаттылығын көтеру қажеттігін айтты. Себебі, цифрлы экономиканы дамыту үшін халықтың техникалық жағынан сауатты болуы өте маңызды. Бұл тұр­ғы­да осы салаға қатысты адамдардың дағ­дысын жетілдіру керек. 

«Көпшілік біз енгізбекші болып отырған технологияларды пайдалануды білмейді, оларға соны үйрету қажет. Смартфонды қалай пайдалану керектігін де үйреткен абзал. Сондықтан бізде атқаратын жұмыс көп және оны неғұрлым жиі айтып, насихаттауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ қазіргі таңда білімді жетілдіру бүкіл өмір бойғы қажеттілікке, нормаға айналғанын, бір кездердегідей «университетті бітірдің – диплом қалтада» деп жүре беретін уақыттың келмеске кеткенін тілге тиек етті. Адамның табиғатынан бейімделгіш келетінін, әсіресе қазақстандықтарды заманға бейімделгіш деп есептейтінін жеткізді. «Қазақстандықтардың математика мен физикадан мүмкіндіктері жоғары екендігін жиі айтады, оған дәлел көптеген отандастарымыздың халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетуі», деді Президент бұл орайда.

Мемлекет басшысы одан әрі өкілетті органдар мен кәсіпорындар тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін цифрландырудың жекелеген бағыттарына назар аудартты. Бұл ретте Елбасы мемлекеттің, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қою маңызды екенін айта келіп, бизнеске цифрлы технологияларды кең ауқымда енгізуі үшін жағдай жасау керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, біліктілігі жоғары мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, білім беру саласындағы саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының базасында, сондай-ақ инновациялық кластерлер аясында құзыреттілік орталықтарын дамыту мәселелеріне тоқталды.

Президент ІТ-стартаптар халық­ара­лық технопаркінің жаңа технологияларды әзірлеу мен оларды енгізу мәселесінде басты рөл атқаратынын айтты.
«Еліміздің қаржы секторы озық технологияларды мейлінше сергек сезінетін сала болғандықтан, цифрландыруға қатысты шешімдерді кеңінен қолдана бастады. Ол алдағы уақытта да осы үдерістің басында болуы керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығының алдында жаңа қаржылық технологиялар мен құралдарды дамыту міндеті тұр», деді Елбасы. Белгіленген міндеттерді шешіп, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандыру үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді тапсырды.

Мемлекет басшысы болашақтағы жаһандық сын-тегеуріндер мен тех­нологиялық трендтерді зерттеу қа­жеттігіне назар аударды. Жиында ай­тылған мәселелердің барлығы еліміздің Үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер болып саналатынын, Үкіметтің оларды мемлекеттік бағдарламада ескеруі қажеттігін айтты. 

«Президент жанынан арнайы комиссия құру қажет. Жұмыс органы Премьер-Министр мен оның Кеңсесі болады. Бағдарламаны ескертпелерді қаперге ала отырып соңына дейін аяқтаңдар, оны нақтылаңдар және іске көшіңдер. Жылдың соңына дейін сіздерге уақыт беріледі. Келесі жылдың 1 қаңтарынан жеке өзім ай сайын бақылауға алатын боламын», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы ортақ мәселелерді шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында арнаулы комиссия құру керектігін айтты. 

Жиында елімізде цифрландыру бағытында қолға алынған шаралар жө­нінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Қазақстанда қызмет етіп жүрген бірқатар шетелдік мамандар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар са­ла­сындағы сарапшылар баяндама жасады.

Үкімет басшысы «Цифрлы Қа­зақ­стан» бағдарламасы жобасын таныс­тырып, оның негізгі басымдықтарына тоқталды. «Бағдарламаны даярлау кезінде Үкімет тарапынан Қазақстан экономикасы үшін цифрлы дәуірдің қамтып отырған жаһандық сын-қатерлері мен мүмкіндіктері ескерілді. Осыған байланысты екі бағыт айқындалды. Біріншіден, цифрландыру процесінің тұрақтылығы үшін инновациялық дамудың ұзақ мерзімді институттарын құру болса, екіншіден, нақты сектордағы белгіленген жобалардан тұратын бағдарламаның прагматикалық басталуын қамтамасыз ету көзделген», деп атап өтті Б.Сағынтаев. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің 9 базалық салада үдемелі цифрландырудың стратегиясына ерекше мән беріп отырғанына да назар аударылды. Мәселен, энергетика мен шикізатқа, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп, логистика мен ақпараттық технологияларға айрықша екпін қойылған. «Осы арқылы біз алдымызға қойған екі мақсат-міндетті шешеміз. Біріншіден, елдің флагмандық салаларының технологиялық жаңғыруы үшін тың серпін беріледі. Екіншіден, еңбек өнімділігінің ауқымды өсіміне қа­жетті жағдай қалыптасады. Атап айт­қанда, бағдарламаның басты мақсат­тары айқындалды. 2025 жылға қарай Қазақстан цифрлы бәсекеге қабі­лет­тіліктің халықаралық рейтингінде 30-шы орынды иеленуі тиіс. Бұл өз кезегінде стратегиялық маңызды көрсеткішке жетуге мүмкіндік береді, яғни жыл сайын экономика өсімінің үштен бірін цифрлы экономиканың есебінен құруға жол ашады», деді Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, цифрлы трансформация бағдарламасында төрт негізгі бағыт қамтылған. Осы тұрғыда экономиканың базалық салаларын цифр­ландыру, мобильді мемлекетті дамыту, креативті қоғамды жетілдіру, елдің цифр­лы трансформациясына қажетті жаңа ин­фра­құрылымды құру ескеріліп отыр. Б.Сағынтаев сонымен қатар, Үкімет цифр­лы даму бағытындағы саясатты үнемі же­тілдіріп, әлемдік өзекті трендтерге бай­ланысты бағдарламаны жаңа жо­ба­лармен толықтырып отырғанын жеткізді. 

Үкімет басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанның 77 пайыз ересек тұрғындары базалық цифрлы сауат­тылықты игерген және интернетке қол жеткізіп отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түспек. Мемлекеттің барлық өңірлерін интернетпен қамтамасыз ету цифрлы экономиканың көптеген секторларын үдемелі дамытуға жағдай жасайды. Олардың ішінде ең маңыздылардың бірі ретінде қашықтықтан білім беру, телемедицина, медицинадағы жасанды интеллект, электронды сауда бағыттары ескерілген. Премьер-Ми­нистр бұл бағыттардың қазіргі заманғы әлемде қарқынды өсіп келе жатқа­нын атап өтті. «Мәселен, соңғы 10 жыл­да Қытайда электронды сауда көлемі 100 есеге артты. Атап айтқанда, елде ин­тернетпен толықтай қамтудың нәти­жесінде үкіметке осы қызметтік сек­торлардың әлеуетін кеңінен ашуға мүм­кіндік берді», деді Б.Сағынтаев. Оның пайымынша, еліміздегі ақпараттық технологияларға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тың серпін береді. Бұл шешімдер электронды үкіметке және киберқауіпсіздікке қатысты болады. Бағдарлама басымдықтарының бірі қоғам өміріндегі барлық салаларға цифрлы қызметті кеңінен енгізуге негізделген. «Қазақстан Үкіметі цифрлы қоғамның өтпелі жүйесін құруды жоспарлап отыр, яғни ол тұтынушыға қолайлы жағдай жасау мақсатын көздейді. Ғаламшардағы цифрлы мегарендер елдердің алдына озық технологияларды қандай тәртіппен енгізу жайындағы мәселені қойып отыр. Өз кезегінде дұрыс таңдау жасаған мемлекеттер үлкен мақсаттарды шешудің жаңа салалары мен әдістерінің мүмкіндігіне ие болады», деді Премьер-Министр. Осы орайда Үкімет басшысы Қазақстанда нақты реттеуші шешімдер арқылы болашақ экономикасының жаңа секторларын құруда зор мүмкіндік бар екенін айтты.


Лебіздер легі

 Рандип СУДАН,
 Дүниежүзілік банктің АКТ секторы бойынша басшысы:

 – Қазақстан ұзақ уақыт бойы же­текшілік көрсеткіштерді ие­леніп келеді. Бүгін сіздердің Пре­зи­денттеріңіз өте маңызды  мәселеге назар аударды. Қазақстан қолға алған бағдарламада нақты тапсырмалар белгіленген. Мұның бәрі жаһандық  бәсекеге қажетті заманауи талаптар. Инновация игілігін игеруге барлық әлем елдері ұмтылуы тиісті. Бірақ, технология  тынымсыз, жылжымалы ағын. Оған кімнің қалай ілесетіні елдердің маңызды тектіктерді қалай тиімді пайдаланып, қандай  шешімдер қабылдағанына да байланысты. Бұл тұрғыда, Қазақстан көптеген көрші елдерге қарағанда көшілгері қадамдар  жасап отыр. Әрине көздеген межеге қол жеткізу үшін біраз уақыт керек. Тынымсыз еңбек ету қажет. Сондай-ақ бұл іске  барлығымыз бірігіп атса­лысуға тиіспіз. Мемлекеттер күш біріктірген жағдайда жо­ғары жетістіктерге жете алады. 

 

 Николай НИКИФОРОВ, 

 Ресейдің байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі:

 – Меніңше, Ресей мен Қа­зақ­стан цифрлы технологияларды бірлесіп дамытуы қажет. Бүгінде технологияларды сырттан жай  әкеліп қоюмен шектелмеу керек. Одан да терең бойлағанымыз жөн. Соның барлығын өзіміз дамытып, цифрлы  экономиканы күшейтуіміз керек. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, осы саладағы жұмысты бірлесіп жүргізуге ша­қырамын.  Әрине ол үшін университеттердің ынты­мақтастығы қажет, бірлескен зерттеулерді жүргізу керек. Цифрлы экономиканы  дамыта отырып, осы саладағы технологияларды дамытуымыз да аса маңызды. Қазақстан мен Ресей біреудің  технологиясын пайдалана бермей, осы салада көшбасшы мемлекеттерге айналса, екі елдің экономикалары көтеріледі, халықтың әл-ауқаты өседі. Одан бәріміз ұтамыз, барлық Еуразия экономикасы ұтады. 

 

 Амр САЛЭМ, 
 «Ақылды» қалалардың ғаламдық бизнесі компаниясының бас директоры: 

 – Қазақстанның цифрлы технологияларды дамытуға бағытталған ұстанымы өте дұрыс. Бастысы, барлық мемлекеттік  органдарды бір-бірімен біріктіретін ортақ алаң жасау керек. Және олар жасаған мемлекеттік қызметтер ұсынылатын  бірыңғай платформа құру маңызды. Бұл ұзақ мерзімге бағытталған, үнемі жаңа инновациялармен жетілдіріліп отыратын  бағдарлама. Қазірдің өзінде Қазақстанның бірқатар қалаларында «ақылды» шешімдер қолға алынғанын көріп отырмыз. Ал  бүгінгі басқосуда кешенді тапсырмаларға баса назар аударылуы, күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы, талқылауға  шетелдік мамандардың тартылуы, әлемдік тәржірибелердің ескерілуі елдің цифрлы технология бағытындағы зор ұмтылушылығын білдіреді. Біз бұл ретте Қазақстанды барынша қолдаймыз. 

 

 Дәурен АБАЕВ, 
 Ақпарат және коммуникация­лар министрі:

 – Шара барысында бағдар­ла­маның алдын ала таныстырылымы өтті. Мемлекет басшысы барлық ұсыныстарды ескере  отырып, оны пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, біз қазіргі кезде ауқымды цифрлық өзгерістерге қадам басқалы  тұрғанымызға ешкім де күмәнданбайды. Егер де осы үдерістен қалмасақ, онда осындай бағдарламаны қабылдаған 15  елдің қатарында боламыз. Бұл өз кезегінде мемлекетке қажетті шараларды үйлестіруге, жеке бизнеске көмектесуге,  цифрландыру бағытын күшейтуге көмектеседі. Ал цифрландыру қандай нәтиже беретінін өздеріңіз жақсы білесіздер, яғни  бұл бағытта ашықтық, барлық шығындарды оңтайландыру, рәсімдерді жеделдету, қауіпсіздік секілді негізгі қажеттіліктер  қамтамасыз етіледі. Еліміздің цифрлық саясатын жүзеге асыруға барлық салалар өздерінің үлесін қосатынына сенімдімін. 


Динара БІТІК, 

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды