Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2017

Жетісуда жаңғақ өседі

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісудың жері өзінің климатымен, кез келген өсімдікке қолайлы ауа райымен шетелдік һәм отандық кәсіпкер­лер­дің қызығушылығын туғызып отыр. 

Жетісуда жаңғақ өседі

Жаңа тәжірибелер, тың жобалар шаруа­шы­лықтың даму тетігі болса керек. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданын­да ғылыми тұжырымдар мен нақты тәжірибені ұштастырған семинар-кеңес өтті. Қаузаған тақырыбы – облыста жаңғақ өсі­руді дамыту. «Интеграция-Түрген» жау­ап­кершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында, ашық аспан астында өт­кен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, «Интеграция» ха­лықаралық қорының төрағасы Сергей Терещенко, «Besana» дүниежүзілік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының төрағасы Джузеппе Калькани, сондай-ақ, аграрлық са­ладағы танымал ғалымдар мен фермерлер қатысты. 

Биылғы көктемде осы шаруашылыққа қарасты алқапқа алғаш рет әлемге әйгілі элиталы жаңғақ көшеттері отырғызылған. Бұл – «Интеграция» халықаралық қоры мен «Besana» компаниясының бірлескен жо­басы. Бүгінгі таңда көшеттер көктеп, бой салып, өсіп келеді. 

– Шетелдерден инвестиция мен кәсіп­кер­лер тарту – бүгінгі күннің талабы. Олардың озық технологияларын мең­гер­мей агарлық саланың алға баспайтыны белгілі. Міне, бүгінгі өзіміз куә болып отыр­ған жаңғақ плантациялары осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі, – дейді Серікжан Бескемпіров.

«Интеграция» халықаралық қоры осы күнге дейін бірнеше жобаны бастап, сәтті іске асырған ұйым. Мәселен, «Бал-2050», «Жидек-2050» жобаларын бас­тап, ойдағыдай жүргізіп келеді. Сон­дай ж­а­ңа жобалардың ізін ала жаңғақ ша­руа­­шылығын дамытуды да қолға алған қордың жетістіктен үміті зор. Қор басшысы С.Терещенко жаңғақ өсіруді қолға ал­ғанда ішкі сұраныс қанағаттандыру үшін ғана емес, экспортқа шығаруды да жос­парлағандарын айтады. 

– Әлемде жаңғақ тектес жеміс ағаш­та­рының өнімдеріне деген сұраныс өте жо­ғары. Әсіресе, Қытай, Үндістан, Араб ел­дері бұл жемістерді көп тұтынады. Олай болса, біз неге жаңғақ өсірмейміз де­ген ой келгені рас. Сөйтіп, италиялық кәсіпкерлермен бірлесіп жобаны бастап кеттік. Әрине, жаңғақ бізге таңсық емес. Өйткені бұл жеміс ағаштары біздің то­пы­рақта өскен және өсіп жатыр. Ал біз әкел­ген әлемге танымал өндірістік сорт­тар қалай өседі? Мәселе сонда. Сон­дық­тан, бұл алқапқа тәжірибе ретінде жаң­ғақ көшеттерінің 30-дан астам түрін отыр­ғыз­дық. Қайсысының біздің климатқа лайық екен­дігін уақыт көрсетеді. Жерсінгендерін одан әрі көбейтеміз, – дейді. 

Дүние жүзі бойынша 75 мемлекет жаңғақ өсірумен айналысады екен. Атал­ған қор солардың қатарындағы көш бас­таушы мемлекеттердің бірі Италияны таң­дапты. «Түрген ауылы менің туған ауылымдай болып кетті», – деп сөз бастаған Джузеппе Калькани мырза да Қазақстан тарапы қолға алған бұл істің жетістіксіз болмайтынына сенім білдірді. Жарты ғасырдан бері жаңғақ өсірумен айналысып келе жатқан маман өзі басқарып отырған қауымдастықтың тәжірибесі мол дейді. Қауымдастыққа қарасты «I.N.C» атты арнайы зерттеу орталығында 400-ден аса ғалым жұмыс істейді. Әлем нені тұтынады, қандай өнімге сұраныс көп деген сұрақтар төңірегінде жүргізілген зерттеулер нәтижесіне қарай бағытын нақ­тылап отыратын әлемдік орталық бер­ген статистика бойынша жер бетінде күніне 1 миллиард адам жаңғақ өнімдерін тұтынатын көрінеді. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 2 миллиардқа жетеді дейді. Сондықтан, біздің тараптан енді қолға алып жатқан шаруашылықтың болашағы зор. Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғылыми департаментінің директоры Марат Қалиасқаров бастаған мамандар осылай дейді. 

Жиыннан соң қатысушылар жаңғақ плантацияларын аралады. Мұндағы жұмыс барысымен «Интеграция-Түрген» ЖШС-ның директоры Мәншүк Жексембекова таныстырды. 20 гектар алқаптың 10 гектарына грек жаңғағы, жартысына фундук көшеттері отырғызылған. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Алқапта жердің және ауа райының ылғалдылығын бақылап тұратын метеостанса жұмыс істеп тұр. Грек жаңғағы 5 жылда, ал фундук 3 жылда жеміс беретінін ескерсек, бұл бастаманың нәтижесін көрер күн қыр астында ғана.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы