Театр • 20 Қыркүйек, 2017

Шынайы шеберге шығармашылық ізденіс тән

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Н.Погодин атындағы орыс драма театрының труппасы Беларусь Республикасында өткен халықаралық «Белая Вежа» фестиваліне қатысып, әртістердің сахналық шеберлігі жағынан еуропалықтардан еш кем еместігін танытты. Біз театрдың директоры Спартак РАМАЗАНОВҚА жолығып, осы сапармен қоса қазақ драматургтерімен арада орныққан шығармашылық байланыс жайлы да айтып беруін өтінген едік.

Шынайы шеберге шығармашылық ізденіс тән

– Әлемдік бәсі жоғары халық­аралық байқауға қатысуға Астана, Қостанай, Көкшетау қалаларының театрлары да өтініш білдірген бо­латын. Олардың арасынан таң­дау біздің ұжымға түсіп, арнайы ша­қырту алғанымызға өте қуа­ныш­тымыз. 

– Шетелдік көрермендер назарына драматург Олжас Жан­ай­даровтың «Жұт» драма­сының ұсынылуы кездейсоқ емес шығар?

– Әрине. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе сүйіспеншіліктен басталады» деген терең мағыналы сөздер кім-кімге болсын үлкен ой салары анық. Туған жерге, оның мәдениетіне айрықша іңкәр­лікпен атсалыса отырып, ұлан-ғайыр аумаққа иелік еткен бабаларымыздың ерен ерлік­тері мен бастан өткерген тар жол, тайғақ кешу жолдарын жас ұрпақ зердесіне құя білсек, шы­найы патриоттар буынын тәр­биелеуге қосқан үлесіміз болар еді. Бұл жұмыста шығармашылық қауым­дарға да зор сенім артылып отыр. Қазақ «ақтабан шұбы­рынды, алқакөл сұламаның» небір ауыр өткелдерін кешсе де, рухы сынбаған халық. Осы себепті аты өшкір заманның ақтаңдақ белгісіндей қара әріптермен тари­хымызға өшпестей жазылып қалған 30-жылдардағы аштық ойранын әлем жұртының да білгені, сезінгені дұрыс деген оймен «Жұт» драмасы таңдап алынды. Оны алдымен жергілікті көрермендер тамашалап, жылы қабылдады. 

– Адамды тұңғиық ойға ба­тыратын, қасіретті траге­дия­лық жағдайды көз алдына елестететін ауыр тақы­рыпты, қа­зақ дала­сындағы ашар­шы­лық­ты сахналауда қандай тәжі­рибелерге жүгіндіңіздер?

– Погодин атындағы орыс драма театрының тарихы 1886-1987 жылдардан басталады. Биыл 131-ші маусымның ашылатынын ескерсек, қаншама өнер ұрпағы алмасқанын шамалай беруге болады. Бүгінде Қазақстанның халық әртісі Людмила Турпаян-Ванюковадан, республиканың еңбек сіңірген әртістері Надежда Косыгинадан, Виктор Шалаевтан жастардың алатын тәлім-тәрбиесі мен өнегесі көп. Жыл өткен сайын ұжым талапты да талантты актерлермен толығып келеді. Олардың білмекке құштарлығы, жан-жақты ізденгіштігі қойылым барысында анық байқалды. Мәселен, бас­ты кейіпкер Ахметті сомдаған Роман Лахтин бірқыдыру уақы­тын мұрағаттарда өткізіп, аш­тықтан шыбындай қырылған шарасыз жандардың суреттерін кезіктірген. Сол кездегі оның сезімін айтып жеткізу қиын. Көз­дері жаутаңдаған бауыр еті перзенттеріне бір жапырақ нан таппай саусақтарын кесіп, пісіріп беруі иланымды. Сәуленің рөлін бейнелеген Екатерина Литвинова аштықты көзімен көргендей күй кешеді. Қоюшы-режиссер Ти­мур Кәрімжанов өткенімізді бүгін­гімен салыстыра отырып, тартыс­ты, ширыққан көріністерге, тосын шешімдерге барған.

– Шетелдік сапар қалай аяқ­талды? Қанша айтқанмен, жат жердің өз ұстанымдары мен көзқа­растары бар ғой.

 – Сөз арасында гастрольдік сапарға баруымызға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, мәдениет және құжаттамалар басқармасына алғысымызды айта кеткен жөн. 

Бір аптаға созылған фести­вальға Чехия, Ресей, Венгрия, Финляндия секілді 14 мемлекеттен азуын айға білеген өнер ұжымдарының қатысуы, 29 спектакльдің қойылып, 11 тілде «сөй­леуі» бәсеке-тартыстың оңай болмағанын аңғартса керек. Біз Қазақстанның намысын жалғыз қорғағандықтан үл­кен жауапкершілік жүктел­генін сезіндік. Еуропалық аудито­рияның ерекшелігіне, көрермен тал­ғамының өзгешелігіне қара­мастан, бір отбасы арқылы қазақ халқының ауыр жағдайын шынайы суреттейтін драма қазылар алқасынан да, көрермендер тарапынан да зор бағасын алды. Ар­найы дипломмен марапатталып, елге ерекше әсермен оралдық. 

– Спартак Өмірзақұлы, ұжым­­­ның қазақ драматург­тері­мен әріп­тестік қарым-қаты­насы қанша­лықты дәрежеде орныққан?

– Театр шығармашылық қызметінде қазақ, орыс, шетел мәдениеттерінің өзара ықпал­дастығын, рухани, адамгершілік, әлеуметтік, эстетикалық тақы­рыптардың қамтылуын қашанда басты бағдар етеді. Соғыс жыл­дары 2500-дей спектакль көр­сетіліпті. Осылардың ішінде ең көп қойылғаны – Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы». Төлеген Тоқ­таровтың образын тартымды бейнелеген Павел Рогальскийдің есімі Қазақ КСР халық әртісін тұңғыш алғандардың санатында мақтанышпен аталады. Сахнаға әр шыққан сайын көрермендер оны ду қол шапалақпен қарсы алып отырған. Мұқаң мен Леонид Соболев бірігіп жазған «Абай» трагедиясы, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» тарихи дра­­масы театр репертуарында айрықша бағаланған. Сәбеңнің «Сәкен Сейфуллин», Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» туындылары керемет келісім тапқан. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасы бойынша қойылған спектакль театрлардың Х республикалық фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Қазақтың ақиық ақыны жайлы «Мағжанның соты» Орталық Азия елдерінің ІІ театр фестивалінде «Тарихи тұлғаны айшықты сомдау» аталымында жүлдеге ие болды. «Ұлпан» шығармасы желісімен қойылған пьеса да көрермендер ілтипатына ие болды. Театрдың 129-шы маусымының шымылдығы белгілі жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» туындысымен ашылып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Басты рөлді Евгений Патешкин сәтті ойнап, Атырау қаласында өткен халықаралық конкурста жүлдегер болды. 

Алдағы уақытта да драма­тургиялық шығармалардың тақы­рып ауқымдылығы да, уақыт өзектілігі де баса назарда болады.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
 
Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше