Әдебиет • 22 Қыркүйек, 2017

Долондағы махаббат

529 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өз басым қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» атты тамаша повесін оқыған кісі Ыстықкөлді қалай да бір көруді армандайтын болар деп ойлаймын...


Долондағы махаббат

Соңғы кездері, әрине, біздің әдебиетке деген көзқарасымыз көп өзгерді. Оқыр­ман ретінде бұрынғы оқыған талай-талай мақтаулы дүниелерге біртүрлі күдікпен, күмәнмен қарай бастадық. Баяғыдай кейіпкермен бірге қуанып, кейіпкермен бірге мұңайып, көзімізге жас іркілетін сәттер де сирек.

Бәлкім сондықтан да болар, Ыстық­көл­ге деген ынтызарлығым, махаббатым арта түскенімен, суреткердің тү-у сонау алпысыншы жылдардың ішін­де, қылшылдаған жас кезінде жаз­ған шығармасы алғашқы кездегідей елік­ті­ріп, тым-тым баурап әкете қоймас деген ой да санамда қылаң беріп қалатын-ды.

Әйткенмен биылғы жазда Қыр­ғыз­станға жол түсіп, Қарақол жаққа сапарлап барғанымызда, сол шығармаға тағы да бір үңілудің сәті келе кеткені.

Күн көзіне шағылысып, баяу ғана толқып жатқан Ыстықкөлдің жағасында отырып, «Шынарым менің, шырайлым менің» повесіндегі ұмытылмас оқиғаға өзің куә болғандай күй кешудің жөні бір басқа екен.

Көгілдір айдынның айналасындағы тауларға қарап, паһ, шіркін, Рыбачье деге­ніңіз анау, қол созым жерде жатыр емес пе. Ал енді, Долон асуы, Памир тау­лары қай тұста екен? Ол жақта әлі де жол жөндеушілер тұра ма екен деп ойлайсың еріксіз. Ыстықкөлмен әлде­қашан қоштасып кеткен Ілияс пен Әсел­дің тағдыры күні кеше ғана көз алдыңыздан өткендей көңіліңізде бір сыздаған өкініш, сыбызғы сазындай сызылған сағыныш қалады. Шынайы сезіммен жазылған шығарманың ешқашан да ескірмейтініне тағы да бір куә болғандайсыз.

Әлем әдебиетінің классигі атанған Шыңғыс Айтматовтың өз өмірі мен шы­ғармашылығы туралы сыр ақта­рып, ағынан жарылған «Балалық шақ»­ атты кітабында осынау тамаша шығар­ма­сы­ның қалай, қай жерде туғаны жайлы айтып беретін бір қызықты әңгімесі бар екен. Бүгін біз сол әңгімені өз оқыр­мандарымызға қырғыз тілінен тәржі­ма­лап, ықшамдап қана ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Шыңғыс Айтматов:

«Институтты бітірген соң Қырғыз мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­тутына қарасты асыл тұқымды мал зауы­тында зоотехник болып қызмет істедім.

Міне, осы кезде «Қызыл желекті шырайлым»  (бұл шығарма қазақ тіліне «Шынарым менің, шырайлым менің» деген атпен аударылды – ред.) атты повесімді жаздым.

Институттың жанынан ашылған ғылыми-тәжірибелік шаруашылығында арнайы бағылатын, сүті мол жүз шақ­ты асыл тұқымды сиыр бар еді. Бұл осындағы ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­ның нәтижесінде пайда болған-ды. Республика көлемінде сүт өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұратын. Ол кезде мен өте белсенді едім. Сондықтан да өз жұмысыма байланысты бір үлкен тәжірибе жасағым келіп жүретін.

Англияның оңтүстігіндегі Джерс атты үлкен аралда жүздеген жылдардан бері джерс сиыры деп аталатын ірі қараның бір тұқымы өсірілетін. Ол өзінің сүті арқылы бүкіл дүние жүзіне танылған мал. Сары, күрең теңбілдері бар бұл сиырлардың сүтінің басқалардан артықшылығы – майлылығының жоғары болуында. Айталық кәдімгі сиырлардың сүтінің майлылығы 3,5 пайыз болса, оныкі 5,6 пайызға жетеді. Мен өз еліміз­дегі жергілікті қодастар мен мұхит­тың ар жағындағы джерс бұқасын ша­ғы­лыстырып, екеуінің ортасынан бір жаңа тұқым алуды көздеймін. Және бұл ниетім туралы ұсыныс-пікірлерімді жо­ғарыдағыларға айтып та қойғанмын. Ал институттағылар бұны дұрыс деп қа­былдап, өздерінің тарапынан бар мүм­кін­дікті жасауға дайын екендіктерін жеткізген.

Сөйтіп мен джерс бұқасын алып келу үшін әуелі Ленинградқа, одан кейін Гатчиноға бардым. Гатчино қазан төңкерісіне дейінгі орыс патшаларының отбасылық қонысы болған жер. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында үкімет асыл тұқымды малдың барлығын осында алдырып, басқа жерлерге біртіндеп таратып отырған. Мен алып кетуге келген асыл тұқымды сиыр таулы жердің табиғатына тез бейімделетін, суыққа төзімді болуы керек. Өйткені біздің қодастар ақ қар, көк мұзды кешіп өскен, таулы өңірге әбден бейімделген жануарлар емес пе. Ал менің жаңа тәжірибемнің басты мақсаты – олардың сүттілігін, майлылығын арттыру.

Тау сиырлары  қодастар Қырғызстан­да­ғы, Тәжікстандағы, Ауғанстандағы табиғаты қатал аймақтарға көндіккен, өте төзімді мал болғанымен, бір айыбы – сүті аз.

Сөйтіп джерс бұқасын мал салуға лайықталған жүк вагонына артып, Қырғызстанға қарай ала жөнелдік.

Он күн жол жүріп, өзіміз көздеген Жамбыл бекетіне де келіп жеттік. Ол жерден бізді үлкен ізет-құрметпен күтіп алып, институттың шаруашылығына қарай алып кетті. Ендігі мәселе – осы әкел­ген бұқадан тұқым алу үшін жоқ де­генде он-он бестей тау сиыры керек. Міне, соларды әкелсек қана ойдағы тәжірибені бастауға болады.

Тау сиыры бізде жоқ, сол үшін екі КамАЗ автокөлігімен Тянь-Шаньды  бетке алып, сапарға шықтық. Таудағы жол өте қиын. Долон асуы қазіргідей емес, тіп-тік, қуыс-қуыс көп, қауіпті. Бүгінгідей тас төселген, асфальтталған жол қайда... Міне, осы жолдың бойында мен алғаш рет артында тіркемесі бар КамАЗ-ды көрдім. Ол Қытайға қарай бара жатыр еді.

Жол алыс болғандықтан, Долонның бір жерінде түнеуімізге тура келді. Біз сияқты өткінші жолаушыларға арналып салынған жол жиегіндегі жұпыны  үйге кірдік. Бір әйел шырақ жағып, бізге жай салып берді.

Үлкен бөлменің ішіне бірнеше кереует қойылған екен. Олардың көбі бос. Бір бұрышта аяғынан тұра алмай, мас болып қалған екі жүргізуші отыр. Маған жататын орын сол екеуінің қасынан бұйырды. Бұлардың біреуі жаңағы тіркемесі бар КамАЗ-дың шопыры болып шықты. Олар мені көздеріне де ілмей, өзара даудырап әңгімесін жалғастыра берді. Маған енді қаласам да, қаламасам да әлгілердің әңгімесін тыңдап жатқаннан басқа амал қалмады.

– Осы асудың биік шоқысында мен ұнатқан бір сұлу келіншек тұрады. Бірақ ол маған қазір көзінің қиығын да салмайды, – деп олардың біреуі екіншісіне өзінің ішкі сырын ашып, басынан кешкен оқиғаларды баяндап отырды.

Өзі сүйген сүйкімді бір жанның қадіріне жете алмағанын, осы асуға шыққан сайын оны көріп, іштей егіліп жылайтынын, екеуінің арасындағы махаббаттың қалай басталып, қалай аяқталғанын жыр қылып айтты. Оның басынан өткен осынау ләззатты да азапты, қызықты да қиын оқиға маған сонда қатты әсер етті...

Иә, ол кезде мен алдымыздағы биік тауларға қарай бет алып бара жатқан жолаушы ғана едім. Ойыма алған мақсатым да, міндетім де басқа болатын. Бірақ, осы бір ұзақ жолда «Қызыл желекті шынарымды» тауып, оған өзек болған бір тағдырмен кезіккенмін...»

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше