Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Атыраудың мұнай-химия кешені: бүгін және ертең

945 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Мұнай-газ кешендері стратегиялық маңызын сақтауы тиіс. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс» деп атап көрсетілген. Жолдау жүктеген міндеттер орындалып келеді. Жыл басынан бері республика бойынша 56,96 млн тонна мұнай өндірілді. Оның ішінде еліміздегі мұнай-газ өндіру мен өңдеудің барлық секторларын қамтитын бірден-бір аймақ ретінде Атырау облысының көрсеткіші жоғары. Қазір аймақта жұмыс істейтін 600-ден астам кәсіпорынның 30 пайызы шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған.  

Атыраудың мұнай-химия кешені: бүгін және ертең

Қолданыстағы заң жетілдіруді қажет етеді

– Өткен сегіз айдың қоры­тындысы бойынша Атырау облы­сының даму көрсеткіштері жоғары. Бұл Елбасы саясатының нәтижесі, – деді Парламент Сена­тының Экономикалық саясат, ин­новациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі оты­рысына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Аймақта әлемдегі ірі кен орындарын игеру жүзеге асырылып жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 54 жоба бастау алды. Мемлекеттік бағдарламалар бұрын-соңды болмаған өндірістерді іске қосуға жол ашты.

«Ұлттық индустриялық мұ­най-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қызметін және Солтүстік Каспий жобасын дамыту мәселелері бойынша Атырау облысында өткен көшпелі отырыста Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев осы бағыттағы жұмыстардың «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасында көрсетілгенін атап айтты. «Отандық индустрияның қарқынды дамуына мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, заңнамалар жетілдірілді. Бүгінде елімізде арнайы экономикалық аймақтар мен инвесторлар қызметі үшін қажет жағдайлар жасалған», деді ол. 

Парламент Үкіметпен бірлесе отырып кәсіпкерлікті қолдау, инвес­тицияларды көтермелеу мен қор­ғау, экспорттық өндірісті ынталан­дыру, индустриялық-ин­новация­лық дамуға байланысты заңна­маларды қарап, же­тілдіру бағы­тында жұмыс жүргізіп келеді. Мы­салы, «Қазақстан Рес­публика­сындағы арнайы эко­номикалық аймақтар туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар осы саладағы жұ­мыс­тардың тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік берді. 

Жиында сөз алған аталған ко­ми­теттің хатшысы Сәрсенбай Еңсе­генов Кеден одағы туралы келісімге сәйкес 2012 жылдың 
1 қаң­тарынан кейін тіркелген кәсіп­керлік субъектілеріне кедендік же­ңілдіктер қолданылмайтынын айтты. Кәсіпкерлік кодексінде де со­лай көрсетілген. «Алдағы уа­қыт­та осы мәселені шешу жолда­ры қа­растырылуы керек», деді сенатор. 

Жоба неге жүзеге аспай келеді?

«Ұлттық индустриялық мұ­най-химия технопаркі» арнайы эко­но­микалық аймағы Мемлекет басшысының Жарлығымен 2007 жылы құрылған. Кешен үш бөліктен тұрады, олар: Қара­батан стансасында, Теңіз кенішінде және Атырау қаласында. Әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру мен дамыту жөнінде серпінді инвестициялық жобаларды дайындау мен іске асыруды мақсат еткен жобаның маңыздылығы Елбасының екі бірдей Жолдауында айтылды. «Әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жаңғырту – Қазақстан дамуы­ның басты бағыты» атты Жолдау­да Атырау газ-химия кеше­нінің жо­балық қуатына шығуды қамтамасыз ету жайы көрсетілді. Кешен жылына 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруы тиіс болатын. Алайда мемлекеттік бағдарламаларға енгізілгеніне қарамастан, жобаның 2014 жылы аяқталуы тиіс бірінші кезеңінің өзі әлі күнге толық жүзеге аспады. «Министрліктің ақпаратына сүйенсек, зауыт құрылысы 2017 жылдың қазан айында басталуы мүмкін, 2020 жылы аяқталады. Ал екінші кезеңге арналған полиэтилен зауытының құрылысы бұлыңғыр. Арнайы экономикалық аймаққа байланысты мәслихат пен әкімшілік тарапынан алынуға тиіс шешімдер қабылданып, жұмыстар атқарылған. Ендігі жұмыс Үкімет пен уәкілетті органға байланысты», деді сенатор С.Еңсегенов. 
Ал Энергетика вице-ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиев «Ин­те­грацияланған газ-химия кешенін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр», дейді. Оның айтуынша, бұл жобаны іске асыру экспортқа бағдарланған, жоғары деңгейде өңделген өнімдерді шы­ғаруға мүмкіндік береді. Ұлт­тық индустриялық мұнай-химия технопаркінде мұнай-газ химия зауыттарының жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым құрылысын реттеп, жобалау мен құрылыс кезінде халықаралық стандарттарды қол­дану, мемлекеттік сараптаманың талаптарын жеңілдету, жобаларды салу кезінде шетелдік жұмыс күшін шектеусіз қолдану секілді әкімшілік кедергілерді жою керек. 

Күкірт зауыты мәселені шеше ме?

Солтүстік Каспий жобасы өнімді бөлу қағидатына негізделген. Бұл шарт көпшілікке қолжетімді емес, бірақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда маңызы зор. Осы екі бағыт бірдей тепе-теңдікте болғаны дұрыс деді Сенат депутаттары. Жобада еңбек ететін адамдардың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмауы керек. Экология, қоршаған ортаның жайы да бар. Айталық, қазір Қарабатанда 4 млн тонна күкірт жиналған. Атырау облысында бұрын да күкірттің көп мөлшерде жиналып қалу проблемасы болды. Теңіздегі тау болып үйілген күкірттен әзер құтылған ха­лықты енді Қарабатандағы жағ­дай алаңдатады. «Күкіртті сату бағасына қарап, табыс табудың көзі деп білгеннен көрі халықтың денсаулығына зияны тимеуі үшін тез кәдеге жаратудың барлық мүм­кіндіктері қарастырылғаны жөн», деді сенатор С.Еңсегенов. Солтүстік Каспий жобасының операторы «NCOC.NV» компаниясының өнді­рістік операциялар жөніндегі директоры Ван Дайк Арьян алаңдауға негіз жоғын, Қашаған кенішіндегі мұнайды тазартудан алынған күкіртті өңдейтін зауыт өз жұмысын бастайтынын айтты. «Біз күкіртті экспорттау нысандарын іске қосып жатырмыз. Батыс Ескенедегі арнайы жүк тиейтін терминал арқылы темір жол бойымен күкірт экспортын бастаймыз. Табиғи ресурстарды оңтайлы пайдалану бойынша компанияның жоспарлары бар», деді ол.

Көшпелі отырыс жиынынан кейін Сенат депутаттары «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы нысандарды аралады. Атырау облысының инвесторлар үшін қолайлы аймақ екенін айтқан де­пу­таттар мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі бағытындағы жасалып жат­­қан жұмыстардың әлеуметтік ма­ңызды жобаларды жүзеге асы­ру­ға серпін беретініне сенім білдірді.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ