25 Қыркүйек, 2017

Шерхан шеберханасы

931 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінде бір дәуірдің ұзына бойында жетекшілік күшті иеленген Шерхан Мұртаза тұлғасы бірегей тұтас, айбынды жаратылысының жұмбағы ашылмаған қалпы тартымды да

Шерхан шеберханасы

Қызуының табы әлі басылмаған лебі үйіріп әкететін прозасы – бейне күні кеше жазылып, жалпақ жұртқа енді-енді ұсынылғалы тұрған кәделі сыйындай.

Құрыштан құйыла салғандай орта бойлы бітімі мығым да нығыз. Асықпай баяу басқан күйі қалт тоқтап, үлкен көздерін шаншылта шалт қадаған кезде қомданған құс қанатындай қастары дүрдие қалады. Кім-кімнің де дегбірін алып, құтын қашыратын жарықтықтың бұ дағдысы қарттық терең дендеген қазіргі қаужыраған кейпіне сәйкессе не қылсын. Өзінің жиі қолданатын тіркесімен тұжырғанда жүректі уылжыта елжіретіп өтеді. Алая қарап ап ойындағысын ірікпестен кесіп-пішіп бір-ақ айтатын әдеті тарпаң жылқының ытырулы қиғылығын еске салатындай. Кемел толысқан кенен уағының тірі куәгері біздер Шерхан Мұртаза ұстанымы берік феноменінің төркін көзін іздегенде – ең негізгі кілтті шығармашылық бояуының нәрінен табатындаймыз. Мәскеу жоғары оқу орнын бітіріп қайтқан соң бірден журналистік қызметті таңдауы – баспасөз көсегесі көгеруінің несібесіне бұйырған-ау, шамасы. Редакторлық болмысының өзгешелігін ауыздарының суы құри әңгіме қылатындардың лебіздерінен аңдайтының – қаймықпас туралығы мен тұтқиылдан шығаратын батыл шешімі. Түк ар­тық­шылық таппай қыжыртатындардың анықтаған басты шындығы – Шерхан Мұртаза тағдырымен қосамжарласа ілесетін ыңғай сәттілік. Пікірталас майданының төріне тізгіндерін тартпастан шығарып алған сыншы­лар әдеби ахуалдың тұнығын лайлауға дей­ін барды деген жазғыру басым естілетін еді. Шерхан Мұртазаның қарасы көрінгеннен-ақ тұс-тұстан анталай қадалатын назарлардың не білгендері барын кім білсін, әйтеуір өзі түкті де байқамаған сыңай­да қасын кере тәкаппарлана өтетін. Өне бойына мы­сы басып тұратын құрылтайшылық пірді елей қой­майтын бойындағы сенімділікті қазір елестетіп қарасаң біртүрлі таңырқайсың. Ормандай тұтасқан орыстың өзі Твардовский есімін жиі-жиі жаңғыртып, теріскейінің көлеңкесінен күнгейінің шуағына дейінгі ара­лықты молынан қамтуға тырысатын ерекшеліктері рух­ани тарихта әділетті көзқарасты орнатуды көз­дей ме дейсің. Тағдыр сынына мойымаған кесек тұлға­лар­дың ажар-келбеттерін тереңдетіп әдемі ашуға бейім бұ жұр­тың жұмырбасты пенде баласының осалдықтарын жасырып-жаппастан жария қылатыны қызық. Шерхан Мұртаза туралы аңыздар ел арасында жеткілікті. Оның көбі тұнжыр қабақпен томсара тіл қататынын кейіптеуге әуес. Осы жолдардың иесіне Шерхан шеберханасынан шығу несібесі бұйырмаған еді. Сондықтан жаңадан шыққан басылым санын талқылау үстінде өзін қалай ұстап, табан астынан табатын идеяларын қалай үйлестіріп, оны жүзеге қалай асыратын үдерісінен әлбетте бейхабармыз. Сөйтседе көкейге қона кететін тақырыбына орындалу ұқыптылығы көзге ыстық басылудан бөлек, жан жадыратар еркін ахуал сезіле түскен кезде – газет таптырмас асыл серігіңе айналып жүре береді. Ол және дер уақытында қолыңа тиіп, оқып отырмасаң көңілің толмай қоңылтақсып тұратын дертке ұшырағаныңды өзің де сезбейсің.
Сан түрлі жиындар мен қилы басқосуларда төрден ойып тұрып орын алатын Шерхан Мұртаза отырысының өзі бір төбе екен ғой, ойлап қарасақ. Аузынан шыққан әрбір лебізін қақас жіберместен қағып алуға тырысатынбыз. Кейінгілердің сөздеріне бейіл бұрып, жақсы ойдың ұшқынын сезген бойда «Мынауың газетке жазатын нәрсе екен ғой», деген ағалық ақжарылқап ықыласы қанаттандырып жіберетіндей бауырмал естілетін. Кей-кейде осындай әрекеттері үйреншікті қабылданып, ойнақы әзіл-оспаққа ұйғарып қоя салатынбыз. Болмысына толығынан бойламай тұрып ішке түйіп үлгерген пікірді жария етудің ақыры екіұштылыққа ұрындырмай тынбайды. Қызметтесімен бірде қонақта болып, арқа-жарқа әңгіменің үстінде талай сырдың тиегі ағытылса керек. Ертесі сол ахуалды малданған әлгі баса-көктеп кіріп кеп, өзін емін-еркін ұстап, еркелей әуектеп қоймаған соң жұмыстан босату туралы дереу бұйрық шығарады. Осындай оқыстығын өне бойы естіп, бұл кісінің алдында артық-ауыс қылыққа барудан сақтанып, өзімізді ұяң ұстауға тырысатынбыз. Дей тұрғанмен де айттым бітті, кестім үзілдіні пірсіздікке ұйғарған кездеріміз әділетке жүгінгенде ақиқатқа қаншалықты жақындайтынын кім біледі. Қазақ атамыздың мейірім салтына мүлде жуыспайтын қатал да қайырымсыз қадамды пірсіздікке ұйғарудың еш сөкеттігі жоқтай. Жазушы марқұм Мұса Рахманбердиев алдында жазалы болып қап, жұмыстан біраз уақытқа шеттетіліп жүрсе керек. Ойында ештеңе жоқ қалпы таңертеңгісін автобусқа мінсе – жолаушылардың арасынан Шерхан Мұртазаны ұшыратады. Жерлес інісіне жылыұшырай тіл қатып, хал жағдайын жайлап сұрастыра бастағанда қарақазандай өкпесін жасыра алмаған анау «Интернаттың қара нанын жеп өсіп, әбден қатыгез боп кеткенсіз ғой», деп көкейіндегісін лақ еткізіп бір-ақ ақтарып салады. Нақ сол арада қандай күйге тап боп, бет-жүзінің қалай құбылғанын қасында отырып көрмесек те, тура өмірдегідей көзге нақпа-нақ елестете алатынымыз хақ. Әуелі таңырқау шалыстана іркілген кезде жайдары реңі бозаңытса да, бірден суық тарта қоймайды. Езуіне кенеттен кекесінді күлкі үйіріп, тіл қатқанда барып, үніне қатқыл шаңқыл араласады. Мұнысы ашулы реніштен гөрі өзіне де, өмірге де назаланудың екіұдай шарасыз халіне ұқсайды.

Желтоқсан көтерілісіне дейін Жазушылар одағындағы жиындар көбінесе жанрлар кеңесі бойынша бөлініп өткізілсе де, тағдыршешті өкілеттігі бар салмағы сезілмей қоймайтын. Жазылып біткен қолжазбалар кеңеске тапсырылып, ұзамай талданып, көркемдік дәрежесі қолма-қол анықталатын. Ал сол уақыттағы жыл қорытындысы спектакльдерді екі-үш күндік қабылдау премьерасы үстіндегі талқылау қысымынан артып түспесе кем соқпайтын. Шығармалар жөніндегі дау-тартысқа толы пікірталастар кернеу қысымының жоғарылығы да тура сондай темпераментті еске салатын. Жаңа кітаптарды былай қойып, газет-журналдарда жарық көрген шығармаларға дейін назарға ілігіп, жетістігі мен кемшілігі сарапқа түсетін. «Қазақ әдебиеті» газетінде үздіксіз жарияланатын мақалаларда сыналғандар кезекпе-кезек мінбеге атып шығып, у мен зәрге толы сөздерін Шерхан Мұртазаға бағыттап, балағаттай жөнелетін. Оқтын-оқтын қайталана беретін бұл жағдай күн тәртібінің ауытқымас тұрақты мәселесіндей көрініп, топтар мен жіктер өкілдерінің жарған лебіздерінің түпкі әуселесін тіпті сезініп те қоймайтынбыз. Шерхан Мұртаза мұның бірінде шыбын шаққан құрлы көрместен тас мүсін құсап тапжылмай отыра беретіндей көрінетін. Осы жолдардың иесі сондайдың сәл шарпуын сезінгеннің өзінде Шерхан Мұртаза жүйкесінің беріктігін еріксіз ойлап, адам бәрін басқа түскенде барып ащы сезінеді екен-ау дегенді еріксіз мойындауға тура келеді екен.

 Тасты түптің түбінде теспей тынбайтын тамшы секілді тап осындай кикілжіңдер денсаулықтан айырып, енжар халге ұшырататын жағдайды өмірдің мысалынан көп кезіктіресің. Дей тұрғанымен көркемдікке қызмет етуге тиіс мұндай үдеріс рухани кеңістікке қаншалықты жеміс әкелді деген сұрақ туындаса кесіп-пішіп бірден жауап бере алмайтының қиын. Дау-талас барысындағы байламсыз мінез, сөзге тоқтау арқылы әділетке жүгінетін ата салттан айырыла бастаған жағымсыздау құбылыс дендей түскен сайын Шерхан Мұртаза болмысының қалып үлгісі басқашалығын амалсыз ойлайсың. Замана пікір-таласының орталық тұлғасына айналған Шерхан Мұртаза күллі соққыны өз кеудесіне тосып алу арқылы бүкіл ұжымға сыртқы шабуыл ызғарын сездірмей өтті. Шығармашылықтарымен жайбарақат жағдайда айналысқан «Қазақ әдебиеті» ұжымы үшін Шерхан Мұртаза бас редактор ғана емес, қорған дәрежесіне көтерілген тұлға. Шерхан Мұртазаның сөйтсе де жазушылық өнері кем саналған ұғым -түсінік көпшілік санасына сол жылдары не себепті нық орнықты? Жаға жыртысудың асқынған шағының барысында жазушылар арасынан сирек кездесетін таланттардың бірі «Шерхан Мұртазаның қаламгерлік бағы бас редакторлықтан кеткен күні бірге таяды» деген обал- сауабымен санаспаған сәуегейлігі профессионалдық жауапкершілігі тұрғысынан айтылуға тиіс емес сөз болатын. Шерхан Мұртаза мұндай үзілді-кесілді үкімдерді естігенде жаны ауырып, жүрегі сыздаған да шығар. Сөйтсе де оның ішкі мәдениеті ауа жайылған жортақы тоқтамдардан әлдеқайда жоғары тұрды. Өзі турасында кісі өлетіндей сөздерді айтқан әріптестерімен қанша бет жыртысып, қайтып көріспес асқынған жағдайға барысса да, сол кездің өзінде Шерхан Мұртаза Алла тағалаға жақындаудың жолын талмай іздеген екен. Кешірмесе де, кек тұтып қатып қалмайтын кісілігі әлгіндей тұрғылас әріптестеріне газет бетінен орын беруден тарынбаған. Қолына қалам ұстаған жазғанға дүниедегі ең ауыры шығармашылығын көрнеу менсінбей, көзбе-көз отырып күресінге тастап жіберуден өткен қорлық жоқ шығар. «Қаламгерлік бағы таяды» дегенді айтқан кісі алмағайып жағдайға тап боп, аса беделді сыйлыққа ұсынылғанда сөзге келместен жақтап дауыс берген Шерхан Мұртаза әрекетіне қалай таңқалмассың.

Баспа ісімен шұғылданатын кәнігі редакторлардың бірінің лебізіне құлақ ассаң – қайта басылатын таңдаулы дүниелердің бәрі бірдей інжу-маржан емес екен. Оқуға кіріскеннен аяғына дейін тартып әкетпейді. Кей эпизодтарының қуаты солғын, сарыны көмескі, таптаурынға айналған шешім секілді кесімін естіген кезде біреудің басындағы шоғынан гөрі өз басыңдағы шөбіңді ойламасқа амалың кәне. Шерхан Мұртазаның жастау кезіндегі қолтаңбасынан ес тоқтатып, ел ісіне араласа бастаған шақтағы ізденісінен едәуір айырма мен елеулі қашықтықты аңғарасың. Алғашқы дүниелерінің өн бойында есіліп тұратын романтика «Қырық бірінші жылғы келіншекте» толымды сақталса да, баяндау серпіні бейжай қалдырмайтын өзгеше өрісін тапқан. Оқиға тұрағының декоративі аға ұрпақ өкіліне тайға таңба басқандай етене таныс та, уақыт кеңістігі, өмір өткелектері мен дәуір кезеңдерінің бірталай аралығын кернеп тұрғандай әсері күшті. Тап осы талпыныс ерекшелікті тұрғыластары да, әдебиет сыншылары да елеусіз өткізіп жібергені несі екен. Әйтпесе рухани тәжірибесі толыса бастаған шағындағы жазған әңгімелері қилы-қилы тағдырлардың галереясын құрайды. Соғыс жылдарындағы қаламына іліккен жасөспірім кейіпкерлердің ұсқын портреттерін тікелей суреттемесе де пиғыл ниеті, мұң-шері, жүрек соғысы түгелдей ішкі дауыс серпіні арқылы шымырлап ширыға шыққан. Көрпені бүркеніп алып түн ортасында нан ұрлап жейтін баланың әшкереленгендегі сәті бетіңнен отыңды шығаратындай ұятыңды қозғап өтеді. Мұнда ұзын-сонар баяндау атымен жоқ, қозғалыстар мен арпалыстардың сезім-селкеуіне дейін ықшам сөйлемдерге сыйып кетіп, әңгіменің өн бойын тырсыйта кернеп тұрады. Эпикалық баяндау үстінде дәлдіктен жаза баспайтын қаламгер табиғат көрінісі мен адам әрекетінің үйлесімдігін нәзік ұстанады. Шетін жағдай арқылы өрбитін желі шағындығына қарамастан әлденеше көркемдік түйін арқылы шешімін табады. Соғыс жылдарындағы қария, әйел, бала бейнелері қазақ әдебиетіне таңсық тақырып көрінбесе де, Шерхан Мұртаза қолтаңбасының құнары жағынан қансонар. Шығармалар желісіндегі әрбір ауысымның қисын ырғағын жатырқамай қабылдайсың. Жазушының табиғи арыны персонаждар әлеміне араласудың үстінде ішкі дауыстың естіліп қалатыны жайдан жай емес. Әлжуаз кәрілік, шарасыз әйел, жетім бала нойыс күшпен бетпе-бет келгендегі жөн сұрасуы мен тіл қатысуының тепе-теңдігі жоқтың қасы. «Ақсай мен Көксайдағы» драмалық көріністің екі желіден тұратын шешімдері тұжырымдамалы мәнді иеленген. Жазатайым атылып кеткен мылтықтың арқасында ғана жуасып, жөніне кететін қарақшы мен қайтар жолдағы Күркіреуін өзенінің тасу үстіндегі есектерге жүк артып алған кәрі әйелімен жас баланың тұйыққа тап келген халдері аянышты-ақ. Шерхан Мұртаза жаратылысының екпін қуаты мұнда да айқын сезіледі. Бейуақыттағы шарасыз жағдайда үмітсіз сары уайым сарын қылаң ұрмастан жанталасу барысындағы қимыл қозғалысты жеткізу поэтикасы шымыр да шынайы.

Шерхан Мұртаза шығармашылығының үдерісі «білдірмей жүріп бойды алған» тақырыпты қаузауы бойынша ұстанымы тұрақты, көркемдік олжаға кенелуі жөнінен қаламы аса берекелі. Анықтамалық сипаттағы құрғақтау осынау тіркестер өзгеше мәнердегі жазушының келбетін аша түсуге олқы соғатыны белгілі. Алғашқы сәтті қолтаңба желісі үзілместен «Ай мен Айшаға» жалғасқан шығармашылық қабатының құпиясы тереңде жатқанын аңғартады. Дәл осы шығарма Шерхан Мұртаза ізденісінің ұзына бойғы үдерісінің қорытындысы іспетті. Ана, бауыр, ел бейнелері тіршілік қамытын тартынбай сүйрегендегі адами болмыс түгел ата-баба үнінің күңіреністі сарынына көшкендей басынан аяғына дейін толымды әсерге бөлеуден танбайды. Иен тегін өмірлік материал көркем баяндауға ұласуының динамикасы табиғи. Мұншалықты олжаға кенен кенелтіп, ең беделді деген басылымдарға түгел басшылық жасаса да өзін насихаттаумен шұғылданбаған адам әулие емей кім. Бітімі тұрғыластарының көбіне ұқсамайтын Шерхан Мұртаза күрделі де кесек. Атағынан ат үркетін дәуренінің жүріп тұрған шағының өзінде де ұлттық мүддені ту етіп ұстағанын ел- жұртқа айқайлап тұрып әйгілемейтін. Өзінен елу жылдай бұрын жазылған «Қараш-Қараш оқиғасынан» жарасымды параллель тауып, Рысқұл бейнесіндегі құнарды «Қызыл жебе» нысанына сәтімен ұластырған жазушы қазақ жыраулары мұрасына перзенттік парызын терең сезінетін әлеуметтік зердесінің сергектігі арқасында аса қадірлі де қасиетті қарияға айналды.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ